Ауған соғысы ардагерлеріне қандай көмек көрсетіледі

26 Қараша 2023, 01:14 3650

Қорғаныс министрлігінде Ауған соғысы ардагерлеріне әлеуметтік көмек көрсету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астанада Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған іс-шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңесі өтті.  

Оған қорғаныс, мәдениет және ақпарат, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар министрліктерінің, облыстық әкімдіктердің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның және Ауғанстандағы ұрыс  қимылдары ардагерлері қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов отырысқа қатысушыларды Қорғаныс министрлігінің жастармен жүргізіп жатқан жұмысы туралы және мүдделі ведомстволар басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітілген "Біртұтас ұлт - біртұтас әскер" жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасының қағидалары туралы хабардар етті.

Министрдің орынбасары Ауған соғысы ардагерлеріне жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге және әскери қызметтің беделін арттыру ісіне қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, мемлекеттің тағдыры, оның бүгіні мен болашағы өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу деңгейіне байланысты екенін атап өтті.

Біздің көптеген отандастарымыз Ауғанстандағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысып, өздерінің әскери борышын абыроймен орындады. Оларды бәрімізге ортақ қасиет - әскери антқа адалдық біріктірді. Жас Отан қорғаушыларына ардагерлерден үйренетін нәрсе көп. Бұл дегеніміз батылдық пен төзімділік, Отанға деген сүйіспеншілік және басқа да көптеген керемет адами және кәсіби қасиеттер, – деп атап өтті ол.

Отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталі директорының орынбасары Серік Шахметов 2024 жылы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне атаулы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін жеткізді.

Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанының 35 жылдығын мерекелеу кезеңінде ақпараттық-имидждік жұмысты ұйымдастыру мен өткізу туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма бастығы Ербол Рүстемов баяндады.

Өңірде Ауған соғысы ардагерлеріне атаулы әлеуметтік көмек қалай ұйымдастырылғанын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын айтып берді. Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Айгүл Ахметова зейнет жасына дейінгі ардагерлерді жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу туралы хабардар етті.

Отырыс барысында Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге табысталатын ескерткіш белгілер эскиздерінің тұсаукесері өтті.

Перизат Саденова
Бөлісу: