Соңғы уақытта тарихи тұлғаларға қатысты өтірік-шыны аралас мақалалар, әлеуметтік желідегі посттар мен кітаптар қардай борап шықты. Ең өкініштісі, бұл іспен кәсіби дайындықтан өтпеген әуесқой «тарихшылар» мен шалағай «журналистер» айналысуда. Осылайша, көпшілік қолдаған «блогерлік тарих» деген жаңа жанр қалыптасты. Мұнда тұлғалар біржақты түрде не мақталады, не датталады. ХХ ғасырда өмір сүрген адамға XVIII ғасырдағы түсінікпен баға беріледі. Объективті, сабырлы, ғылыми көзқарас шетке ысырылады да, әркім естігенін жаза береді. Бұл туралы zhasalash.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Кей жағдайда көркем қиялдан туған дүниелерді тарихи дерек ретінде ұсынып, сілтеме жасау қалыптыға айналды. Біреуді батыр, біреуді сатқын етіп көрсететін, архивтік дәлелсіз жазбалар әлеуметтік желіде, YouTube-те, баспасөз беттерінде және күмәнді кітаптарда кеңінен тарауда. Егер осы құбылысқа дәл қазірден тосқауыл қойылмаса, ертеңгі күні ұлттық бірегейлігімізге, рухани тұтастығымызға үлкен қатер төндіреді.
Мәселен, бір жылда әлеуметтік маңызы бар кітаптар тізімімен және мемлекеттік тапсырыспен қанша еңбек жарық көрді? Жалпы қанша данамен кітап басылды? Оның ішінде тарихи-танымдық еңбектердің үлесі қандай? Белгілі тұлғалардың өмірбаяндарына арналған еңбектер қаншау? Мемлекет тарапынан бір жылда оқулықтар мен кітаптарды басып шығаруға қанша қаражат бөлінеді? Бұл сұрақтарға бүгін нақты жауап алу мүмкін емес. Айтыла-айтыла жауыр болғанымен, түбегейлі зерттелмегендіктен, мәселе жабулы қазан күйінде қалып келеді. Егер бұл іс жүйелі қолға алынбаса, елдің болашағына қатер әкелуі әбден ықтимал.
Бұрмалауға тосқауыл. Тарихи еңбектерде, деректі фильмдерде, оқулықтарда және БАҚ-та қате деректердің алдын алу үшін кешенді шаралар қажет. Қоғамға мәселені ашық жеткізіп, арнайы талқылау алаңдарын ұйымдастыру керек. Қажет болған жағдайда заңнамалық өзгерістер енгізу маңызды.
Сараптамалық бақылау. Тарихшылар, архившілер, педагогтар, филологтар мен мәдениеттанушылардан тұратын тұрақты сарапшылар комиссиясы құрылып, тарихи мазмұндағы кітаптар, фильмдер, оқулықтар алдын ала тексерілуі тиіс. Әлеуметтік желілер мен блогерлер үшін этикалық нормалар бекітіліп, дереккөз көрсету мәдениеті орнығуы керек.
Бірыңғай база. Архивтерді цифрландыру арқылы ортақ деректер базасы құрылып, ғалымдар мен қоғам үшін ашық болуы қажет. Сонымен қатар бұрмаланған материалдарға жедел ғылыми жауап беретін арнайы фактчекинг орталығы іске қосылуы керек.
Баспагер мен автордың жауапкершілігі. Тарихи мазмұндағы кез келген кітап міндетті түрде сараптамадан өтіп, «сенімді тарихи дерекке негізделген» деген белгімен шығуы шарт. Егер шығарма авторлық қиялға сүйенсе, ол туралы ескерту жазылуы тиіс. ISBN-нің рөлін күшейтіп, оның болмауы кітаптың деңгейін бірден айқындайтындай жүйе қажет. ISBN жоқ еңбектер кітапханалар мен дүкендерге түспеуі тиіс.
Ғылыми серіктестік. Университеттермен және зерттеу институттарымен бірлесіп, «тарихи дерекпен жұмыс» үйірмелерін, дебат клубтарын ашып, жас зерттеушілер мен журналистерге гранттар бөлу маңызды.
Ағартушылық жұмыс. БАҚ пен әлеуметтік желілерде деректі фильмдер, подкасттар, мультимедиялық жобалар жасау, қате деректерді түзету, нақты фактілерді халыққа түсінікті тілмен жеткізу қажет. Инфографика мен қысқа видеосабақтар осы тұрғыда тиімді болмақ.
Ғылыми-сараптамалық кеңес. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен арнайы кеңес құрылып, тарихи-танымдық кітаптарға баға беретін құзыретке ие болуы тиіс. Кейін осы кеңес қорытындысына сүйене отырып, Парламент деңгейінде заңнамалық шаралар қабылданса, құба-құп болар еді.
Мұндай кешенді шаралар қабылданғанда, тарихтағы субъективтілік пен мифтердің үлесі азаяды. Шынайы дерекке сүйенген еңбектердің беделі артады. Бұл – цензура емес, нағыз тарихты қорғау. Өйткені дәлелді тарих – ұлттық тұтастық пен болашаққа сенімді қадамның кепілі.