Гуанчжоудағы халықаралық автосалонда Audi қытайлық тұтынушыларға бағытталған жаңа кроссоверін таныстырды. Бұл брендтің Қытайға арнайы әзірлеген екінші моделі. Концепт деп жарияланғанымен, көлік өндіріс нұсқасына барынша жақын, ал нарыққа 2026 жылы шығады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Осы модельдің қосылуымен Қытайдағы Audi электрлі желісі екі есеге кеңеймек.
Көліктің сыртқы пішіні едәуір ірі: ұзындығы 5057 мм, ені 2042 мм, биіктігі 1786 мм, ал дөңгелек базасы 3060 мм. Бұл көрсеткіштер модельдің E5 Sportback-тен 180 мм ұзын әрі осьаралық қашықтығы 100 мм артық екенін білдіреді. Биіктігі де жоғары, бірақ сырт келбеті бес есікті Sportback үлгісінің стилін қайталайды. Жарық элементтері де сол модельдің оптикасын еске түсіреді.
Техникалық сипаттамасы бойынша E SUV екі электр моторымен жабдықталып, жалпы 680 ат күшін өндіреді. Осы қуаттың арқасында кроссовер 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 5 секундта жетеді. 109 кВт·сағ батареясы бір толық зарядта шамамен 700 шақырым жол жүруге мүмкіндік береді. Жылдам қуаттандыру станциясында аккумулятор небәрі 10 минутта 320 шақырымдық энергия қорын жинай алады. Салыстырмалы түрде айтсақ, E5 Sportback моделі 100 кВт·сағ батареямен 770 км жүріс қоры ұсынады.
Концептке кіретін маңызды функциялардың бірі - Қытай жолдарының ерекшеліктерін ескеріп жасалған Audi 360 Driving Assist электронды көмекшілер жүйесі. Ал интерьерге қатысты ақпарат әзірге жарияланбады.
E SUV қазіргі таңда Қытай аумағында сынақтан өтіп жатыр. Сарапшылар суббренд моделінің кеңеюі әбден мүмкін деп болжайды. Себебі алғашқы E5 Sportback-ке сұраныс жоғары, сатылым басталған алғашқы 30 минуттың ішінде 10 мыңнан астам тапсырыс түскен.