Аудандық ауруханада жылына 150-ден астам ота жасаймыз – дәрігер

17 Маусым 2022, 15:30 1283

«Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері ауылдық ауруханаларда заманауи әдістермен ота жасайды, – деп хабарлайды El.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметінше, жетекші шетелдік медициналық жоғары оқу орындарда тағылымдамадан өткен мамандар заманауи технологияларды пайдаланып, күрделі кардио және нейрохирургиялық ота жасайды.

«Болашақтық» дәрігер түлектер еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде ауылдық аймақтарда да жұмыс істейді. Мәселен, оташы-дәрігер Марат Бердімұратов Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өтіп, Ақмола облысындағы Ақкөл аудандық ауруханасына оралды. Ол шетелде алған білімі арқасында лапароскопия әдісін пайдаланып, заманауи хирургиялық операциялар жасап жүр.

– Ота жасаудың заманауи әдісінің бірқатар артықшылығы бар. Ол – операциядан соң асқынудың мейлінше азайтылған тәуекелі және жарақат алудың төмен деңгейі. Бұрын осындай ота облыс орталықтарында жасалатын. Қазір аудандық ауруханада жылына 150-ден астам ота жасаймыз, – деп атап өтті маман.

Онколог Бағдат Нұрмағанбетов те Израильде бір жылдық тағылымдамадан өткен. Қазір Қарағанды облысының Ақтоғай аудандық ауруханасында еңбек етеді. Бағдат онкологиялық аурулардың алдын алуды, ісіктерді алып тастаудың миниинвазивтік хирургиялық оталарын, химиотерапиялық емдеу шараларын жүзеге асырады.

– Миниинвазивті ота шағын тесіктер арқылы жасалады және соның арқасында науқас тезірек қалпына келеді. Бұл асқынудың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. Оқу барысында мен әртүрлі елдерден келген әріптестеріммен таныстым. Олармен әлі де байланысып, пайдалы кеңестермен бөлісіп отырамыз, – деп әңгімеледі Бағдат Нұрмағанбетов.

«Болашақ» бағдарламасымен денсаулық сақтау саласында 800-ден астам маман даярланды. Олардың басым көпшілігі – тәжірибелік дәрігерлер. Жалпы, бағдарлама жүзеге асырылған 28 жыл ішінде 11 мыңнан астам маман дайындалды.

 


Бөлісу: