Aудан әкімдерін де халық өзі сайлайды – Ерлан Қарин

29 Шілде 2022, 15:13 1299

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин айтты

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Telegram каналында әкімдерді тікелей сайлау бағытындағы реформаның қалай іске асып жатқанын жазды, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Бір жыл бұрын Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылған болатын. Былтырғы шілде айынан бері 1093 елді мекеннің әкімі сайланды. Оның 215-і өз-өзін ұсынса, 116-сы қайта сайланған бұрынғы әкімдер»,-деп жазды ол.

Айтуынша, бір жылдың ішінде елдегі ауыл әкімдерінің корпусы 55,6% жаңарған.

«Бұл 608 ауылға жаңа басшы келді деген сөз. Оның басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте істеп көрмеген. Яғни, дәрігерлер, мұғалімдер, бизнесмендер, жергілікті кәсіпорын мен шаруа қожалық басшылары халық сеніміне ие болып, әкім ретінде сайланып отыр. Бәрінен де Маңғыстау облысында жаңа әкімдер көп сайланды – 77,8%. (сайланған 18 әкімнің 14-і), Одан кейін Қарағанды облысында – 77,2% (79-дың 61-і) және Жамбыл облысында – 71% (72-нің 51-і) жаңа әкімдер көп сайланған», - дейді Ерлан Қарин.

Жазбада аудан әкімдерінің сайлауы туралы да айтылған.

«Осы жексенбі күні, 31 шілдеде 27 ауылдық округте ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Ал жыл аяғына дейін 214 ауылдың басшысы тікелей сайлау арқылы қызметіне кірісуі керек. 2023 және 2024 жылдарға 1037 ауылдық округте әкімі сайлауы жоспарланған. Жақын арада аудан әкімдерінің де тікелей сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Онымен қоса, жаңа конституциялық реформа бойынша облыс әкімдері өңірлік мәслихат депутаттарының дауыс беру қорытындысы бойынша тағайындалады. Осылайша, елдің саяси жүйесі біртіндеп трансформацияланып келеді. Мемлекеттік басқару саласына демократияның жаңа құралдары енгзіліп жатыр», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.


Бөлісу: