22.10.2025
11:01
699
Атыраулықтар Республика күнінде басқалардан көбірек сыйақы алатын болды

Атыраулықтар Республика күнінде басқалардан көбірек сыйақы алатын болды

Республика күніне орай әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға бір реттік төлемдер қарастырылған. Төлемнің мөлшері мен алушылар категориясы жергілікті маслихаттар мен әлеуметтік қорғау органдарының шешімдері арқылы анықталады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Астана

Астанада Республика күніне бір реттік төлем ретінде 17 694 теңге алады, бұл көмекке арнайы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалған отбасылар ие болады. Тізімдерді Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы жасайды.

Шымкент

Шымкентте Республика күніне арнайы бір реттік төлем қарастырылмаған. Бұрын, 30 тамыз – Конституция күніне орай, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бір реттік төлем алған болатын.

Қызылорда облысы

Қызылордада 2024 жылдан бастап барлық категориядағы мүгедектерге (I, II, III топ) және мүгедек балаларға Республика күніне жыл сайын бір реттік төлем белгіленген. Төлем мөлшері – 11 796 теңге.

Атырау облысы

2023 жылдан бастап Атырау облысында мүгедектерге жыл сайын жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл Республика күніне 27 300 мүгедек азаматқа төлем беріледі, оның ішінде 4 800 бала бар. Төлем мөлшері – 29 490 теңге.

Маңғыстау облысы

Республика күніне орай өңірде мүгедек азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Төлем мөлшері – 19 660 теңге. 2025 жылғы 1 қазан жағдайы бойынша облыста шамамен 34 510 мүгедек тіркелген.

Абай облысы

Абай облысында 25 қазанға дейін төлемдер қарастырылмаған. Олар 16 желтоқсанда – Тәуелсіздік күніне жоспарланған.

Павлодар облысы

Павлодар облысында жергілікті өкілдік органдар шешімімен I және II топтағы мүгедектерге және 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға бір реттік әлеуметтік көмек қарастырылған. Төлем мөлшері – 19 660 теңге.

Алматы, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Жетісу және Түркістан облыстары

Бұл өңірлерде Республика күніне бір реттік төлемдер қарастырылмаған.

Еске салсақ, биыл қазақстандықтар бес күндік жұмыс кестесі бойынша 25, 26 және 27 қазан күндері демалады.

Республика күні 1995 жылы белгіленген, бірақ 2009 жылдан бастап мерекеленбейтін болған. 2022 жылғы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанды қайтадан ұлттық мереке – Республика күні деп белгілеу туралы заңға қол қойды.