Атыраулық жас шахматшы қыз әлемнің үш дүркін чемпионы атанды

12 Маусым 2023, 10:30 967

Атыраулық жас шахматты қыз әлемнің үш дүркін чемпионы атанды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 5-11 маусымда Грузияның Батуми қаласында шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті.

Әлемдік додаға 35 мемлекеттен 426 шахматшы қатысты. Қазақстан намысын қорғаған атыраулық жас шахматшы Зарина Нұрғалиева «рапид» және «блиц» түрінен сынға түсті. Ол ойлылар ойының «блиц» бойынша алтын медаль жеңіп алып, үшінші рет әлем чемпионы атанды. Ал, шахматтың «рапид» түрінен күміс медальға ие болды, -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Жасөспірім шахматшы Зарина Нұрғалиеваны Атырау облысының шахматтан аға жаттықтырушысы Сабырбай Ғайсин мен FIDE және халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Жәнібек Аманов жаттықтырады.

Зарина Нұрғалиева 2019 жылы Беларусь Республикасында өткен әлем чемпионатында 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. Ал 2021 жылы FIDE ұйымдастырған жылдам шахматтан әлем кубогінде қола жүлдеге ие болған.

Равиль Ашығали
Бөлісу: