29.03.2026
14:55
2478

Атыраудағы қылмыс: неге күдіктіге өмір бойы жаза берілуі мүмкін

Атырау облысының Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты іс бойынша тергеу негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптарды кеңейтті. Енді оған «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабымен қатар, «қайталап жасалған кісі өлтіру» айыбы да тағылып отыр, деп жазады El.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Кісі өлтіру, ұрлық және алаяқтық

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Сәрсемалиевке тағылған айыптар тізіміне Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары («екі немесе одан да көп адамды өлтіру» және «қайталап жасалған кісі өлтіру») енгізілген.

Бұдан бөлек, іс аясында мынадай қылмыстар да қарастырылып отыр:

  • ҚК 188-бабы 2-бөлігі – «алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған ұрлық»;
  • ҚК 190-бабы – «алаяқтық».

Прокуратура дерегінше, бұл эпизодтар марқұмдардың жеке заттарын ұрлау және олардың малын заңсыз сатумен байланысты.

Айыптаудың айырмашылығы неде

Адвокат Абзал Қасымжанов қылмысты саралаудағы айырмашылықты түсіндірді:

«ҚР Қылмыстық кодексінде екі түрлі белгі бар: “екі немесе одан да көп адамды өлтіру” және “қайталап жасалған кісі өлтіру”. Біріншісінде бір оқиға аясында бірнеше адамды өлтіру қарастырылса, екіншісінде әртүрлі уақытта және түрлі жағдайда адам өмірін қию туралы сөз болады», – деді ол.

Анықтама: ҚК 99-бабы 2-бөлігі бойынша (тармағына қарамастан) жаза 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.

Адвокаттың пікірінше, істің қоғамда үлкен резонанс тудыруы және күдіктінің шетелге қашуға әрекет жасауы соттың ең қатаң жаза тағайындауына әсер етуі мүмкін.

«Қалыптасқан сот тәжірибесін ескерсек, күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал», – деді Қасымжанов.

Қылмыстар жиынтығы

Сәрсемалиевке кісі өлтіруден бөлек, ұрлық және алаяқтық айыптары да тағылған. Адвокат Самат Әбуевтің айтуынша, мұндай жағдайда жаза қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалады – яғни жеңілірек жаза қатаң жазаға сіңіріледі.

«Егер қылмыс ерекше қатыгездікпен жасалғаны дәлелденсе, сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін. Дегенмен нақты шешім іс материалдарына байланысты қабылданады», – деді ол.

Қылмыс туралы іс

Атырау облысында Жангелдин ауылындағы бір отбасының жаппай өлтірілуі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың желтоқсан айының соңында туыстары зейнеткер ерлі-зайыптылар мен олардың ересек балаларының жоғалып кеткенін хабарлаған.

Із-түзсіз кеткендер:

  • 66 жастағы Максот Қарабалин;
  • 64 жастағы Насип Үтешқалиева;
  • 35 жастағы қызы Мирамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.

Мәйіттер қайдан табылды

6 қаңтарда Жангелдин ауылында зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық құрылыстың астынан табылды.

8 қаңтарда полиция негізгі күдіктіні жариялады. Ол – 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев екені анықталды. Ол отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден кеткен.

Күдікті халықаралық іздеуге жарияланды.

Индонезияда ұсталды

24 ақпанда Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйде ұсталды.

25 ақпанда ІІМ өкілдері Ақбаян Мұқанғалиева да күдікті деп танылғанын хабарлады.

Қалған екі адамның мәйіті табылды

9 наурыз күні күдіктілер Алматыға экстрадицияланды. Тергеу барысында Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл Қарабалинаны өлтіргенін мойындап, олардың жерленген орнын көрсетті.

Олардың мәйіттері Атырау маңындағы Геолог ықшамауданынан, күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласынан табылды.

11 наурызда Жангелдин ауылында бауырлардың жерлеу рәсімі өтті.

Туыстары бұл жағдайдың отбасы үшін үлкен қайғы екенін айтып, әзірге пікір білдіруге дайын емес екенін жеткізді.

Күдіктінің жұбайы туралы

Прокуратура мәліметінше, тағы бір күдікті – Ақбаян Мұқанғалиева – сот-психологиялық және психиатриялық сараптамадан өту үшін арнайы медициналық мекемеге жіберілген.

Қазіргі кезеңде оның әрекеттеріне құқықтық баға берілген жоқ, бұлтартпау шарасы да таңдалмаған.

Егер психикалық ауытқу белгілері анықталса, Алматыдағы Сот сараптамалары институтында стационарлық кешенді сараптама тағайындау мәселесі қаралады.

Прокуратура соңғы құқықтық баға барлық мән-жай анықталып, сараптама қорытындылары алынғаннан кейін берілетінін атап өтті.