Атырау облысындағы қанды қылмысқа қатысты тағы бір дерек шықты. Күдікті қыз-күйеудің қалада жалдап тұрған үйдің іргесінен құзырлы органдар Сұлтан Сәрсемаливтің көрсетуімен Наурыз бен Мейрамгүлдің мәйітін қазып алған. Бейресми деректер бойынша, Наурызды қаскөй жазда өлтіріп көмген. Кейін үстіне Мейрамгүлдің мәйітін тастапты.
Атырау облысында жоғалған отбасының тағы екі мүшесі өлі күйінде табылды. Күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен оның азаматтық некедегі әйелі Индонезияда ұсталып, елге экстрадицияланғаннан кейін Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны көмген жерді көрсетті. Полиция мәліметінше, отбасыдағы ұрыс-керіс ұзаққа созылған, ал Сәрсемалиев бұл қанды қылмысқа тыңғылықты дайындалыпты.
Қылмыскер мәйіттерді алыста емес, қаладағы жалдамалы үйдің іргесіне көмген. Полиция қаңтар айында аумақты арнайы аппараттармен толық қазып шыққан. Алдын ала деректер бойынша, Наурыз жазда өлтіріліп, кейін Мейрамгүлдің денесі оның үстіне қойылған. Қазір үй бос тұр, іші мен сырты бүлініп, тас-талқан боп жатыр. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, күдікті өз кінәсін толық мойындаған.
Құзырлы органдар отбасының үлкен қызы Аяқбаян Мұқанғалиеваны психикалық денсаулық орталығына орналастырған. Туыстары оның қазіргі жағдайынан хабарсыз, ал дәрігерлер тергеу шараларына байланысты денсаулығы туралы мәлімет бере алмайтынын айтты. Сараптама тағайындалып, психикалық жай-күйі тексерілмек.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында бір үйдің төрт адамы қараша айының басында із-түзсіз жоғалған еді. Екі айдан кейін 66 және 62 жастағы ерлі-зайыптылар өз үйінен өлі күйінде табылды. Ал олардың ұл-қыздары 33 жастағы Наурыз Мұқанғалиев пен 36 жастағы Мейрамгүл Қарабалинаға іздеуге жарияланған болатын. Кейін анықталғандай, қанды қылмысқа Сұлтан Сәрсемалиев қатысты болып шықты.
Полицияның дерегінше, қылмысқа отбасыдағы жанжалдар мен мүліктік талас себеп болған. Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, қылмыстық іс екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша тергелуде, ал күдіктінің кінәсі толық расталған.