Атырауда жыл басынан бері 6 келіге жуық есірткі тәркіленді

28 Шілде 2023, 17:46 1109

Атырауда жыл басынан бері 6 келіге жуық есірткі тәркіленді. Бұл туралы Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірлік полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлішер Нұршаев есірткі заттардың заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған шараларға тоқталды. 

-Бүгінде есірткі құралдарының түрі күннен күнге көбейіп жатыр. Сондай-ақ «Трамадол» препаратының есірткі тізіміне енгізілгенімен, орнына «Дәріханалық нашақорлыққа» жататын препараттарының басқа да түрлері таралуда. Мысалы прегабалин препаратының аналогтары - «Алис», «Лирика» және т.б. Өз тарапымыздан қажетті барлық шараны қабылдаудамыз. Аналитикалық мәліметтерге сәйкес облысымызда 2023 жылдың 6 айы ішінде есірткімен байланысты 63  қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар – 35, оның ішінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс саны - 2. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы – 5 кг 966,41 гр есірткі заттары тәркіленді, - деді Ә.Нұршаев.

Отырыста мамандар облыстық психикалық денсаулық орталығын «Альфа РVР» синтетикалық есірткінің жаңа түрін анықтайтын заманауи құралдарымен жабдықтауды ұсынды.

 

 

Равиль Ашығали
Бөлісу: