Атырау облысында сотталушының орнына қамаудағы басқа адам мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылған, деп хабарлайды Ақ жайық басылымына сілтеме жасап El.kz интернет порталы.
Дереккөздердің мәліметінше, екі жазасын өтеушінің фамилиялары ұқсас болған. Босату құжаттарын рәсімдеу кезінде қателікке жол берілген. Түрме басшысы қол қойғаннан кейін қамаудағы басқа адам бостандыққа шыққан.
Алайда қызметкерлер қателікті анықтаған соң ер адам қайтадан түзеу мекемесіне жеткізілді.
Қызметкер жіберген қателіктің салдарынан сотталушыны мерзімінен бұрын босату туралы құжат рәсімделген. Құқықбұзушылық дерегі дер кезінде анықталып, жолы кесілді. Сотталушы қазір түзету мекемесінде. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, қызметтік тексеріс жүргізілуде. Кінәлі лауазымды тұлғалар заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады, — деп мәлімдеді ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі.