03.05.2025
08:40
1098
Атырауда шомылуға арналған 46 орын бекітілді

Атырауда шомылуға арналған 46 орын бекітілді

Атырау облысында су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылу маусымына дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дарын Әнуарбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда Атырау облысы аумағында көпшіліктің демалуына, туризм мен спортқа, шомылуға арналған ресми 46 орын бекітілді. Бұл учаскелер Атырау қаласы мен жеті аудан аумағында орналасқан. Олардың қатарына Жайық, Қиғаш, Ойыл, Сағыз, Шарон өзендері мен Қамыскөл, Каспаркин арналары кіреді. Әрбір учаске тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкес жабдықталуда.

Қауіпсіздік шараларын кеңінен түсіндіру мақсатында облыс тұрғындары жиі шоғырланатын орындарда LED экрандар мен дыбыстық хабарлама жүйелері арқылы судағы қауіпсіздік ережелері таралуда. Сонымен қатар «2ГИС» мобильді қосымшасына шомылуға тыйым салынған орындар белгіленді, – деді спикер.

ТЖД өкілі брифинг барысында балалардың қауіпсіздігі мәселесі де назар аударды. Айтуынша, шомылу маусымы қарсаңында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында арнайы түсіндірме сабақтар өткізілген. Сондай-ақ ата-аналарға қауіпсіздік туралы бейнематериалдар жолданып, WhatsApp топтары арқылы ақпарат таратылған.

Құтқару жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жедел-құтқару жасағы мен жергілікті полиция қызметкерлерінен құралған патрульдік топтар күнделікті кезекшілікке шығады. Қызметкерлердің дайындығы мен техникалық жарақтандырылуы бақылауда.

Брифинг соңында спикер тұрғындарды тек ресми бекітілген жағажайларда суға шомылуға, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.