Атырауда шетелде жұмыс істегісі келетіндерді дайындау орталығы ашылды

19 Желтоқсан, 03:22 405

Атырауда шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтар үшін алдын ала даярлау орталығы ашылды. Жаңа бастама азаматтарға құқықтық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша кеңес беру мен қолдау көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ҚР Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев және Швейцария Конфедерациясы Елшісінің орынбасары Тобиас Вердер және Халықаралық көші-қон ұйымы, БҰҰ Көші-қон агенттігінің (ХКҚҰ) Қазақстандағы Миссиясының басшысы, Орталық Азия бойынша үйлестіруші Серхан Актопрак, сондай-ақ қалалық, аудандық мансап орталықтарының басшылары қатысты.

Мұнда тұрғындар құжат рәсімдеу, еңбек шарты, білім алу мүмкіндіктері мен медициналық сақтандыру, тұрғын үй мәселесі және басқа да шетелде жұмыс жасауға қатысты сұрақтарға толық жауап ала алады. Біздің басты мақсатымыз – аталған үдерістерді қауіпсіз, заңды және адам құқықтарын сақтай отырып жүзеге асыру. Атырау тұрғындары бұл орталықтан қажетті кеңестер мен қолдауды алады деп сенемін, - деді Швейцария Конфедерациясы Елшісінің орынбасары Тобиас Вердер.

Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өңірде шетелде жұмыс жасауға қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп келе жатқанын айтты.

Осыған байланысты Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе отырып, әрбір шетелге шығып, жұмыс істегісі келетіндерге құқықтық, ақпараттық, сондай-ақ білім саласынан кеңес беріп, көмек көрсетуге арналған орталық ашып отырмыз. Негізінен шетелге шығудың бірден-бір кедергісі – бұл тіл мәселесі. Сондықтан қазіргі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп келіссөздер жүргізудеміз. Алдағы уақытта осы компанияның белгілі бағдарламалары аясында шетелдік индустриялды-өнеркәсіптік жобаларын жүзеге асырғысы келетіндер үшін тілді меңгеруге арналған қосымша курстар ұйымдастырылатын болады, - деді аймақ басшысының орынбасары.

Обылстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Қайрат Омаровтың айтуынша, шетелге барғысы келетін кез келген адам онлайн түрде «skills.enbek.kz» платформасы арқылы қандай заңды және тілді білу керектігі жөнінде ақпаратты үйреніп, сертификат ала алады.

Айта кетсек, даярлау орталығы Халықаралық көші-қон ұйымы, Атырау облысы әкімдігі және Швейцария елшілігінің қолдауымен ашылып отыр.

Зарина Арман
Бөлісу: