Атырауда «Сарайшық» сапар орталығы ашылды

6 Мамыр 2023, 19:51 2240

Атырауда «Сарайшық» Сапар орталығы ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Атырау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.   

Атырау облысы Махамбет ауданы Сарайшық ауылы «Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының аумағында орналасқан сапар орталығының ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, мәдениет қайраткерлері, ардагерлер, басқарма басшылары, қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар қатысты. 

Салтанатты шара Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры актерларының театрландырылған прологымен ашылды. Кейін Асхат Оралов сөз сөйлеп, сапар орталығының алдағы даму жоспарына тоқталды.

Сарайшық - күретамыр тарихымыз. Оның тарихи мәнімен қоса, туристік әлеуетін арттыру ортақ міндетіміз десек қате емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мекенге көңіл аударып, қолдау білдіруде. Сапар орталығы еліміздің ғана емес, күллі әлемнен келген туристерімізге жақсы жаңалық, қолайлы жағдай болады деген сенімдемін. Өйткені сапар орталығының ішінде Сарайшық қалашығының, Алтын Орданың тарихын туристерге түсіндіру бағытында жасаған нақты қадам деп есептейміз. Министрлік тарапынан облыстық мәдениет басқармасымен бірігіп, «Сарайшық» сапар орталығының бес жылдық даму жоспарын бекіттік. Тек бір орталықпен шектелмеу керек. Жайық жағасынан бірқатар ғимарат салынатын болады. Оны дамытып, шетелден келген туристерге паш етеміз деген ниеттеміз. Баршаңызға тарихи тұсаукесер құтты болсын! - деді А.Оралов.

«Сарайшық» сапар орталығында экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференц-зал, сондай-ақ зертханалық және реставрациялық бөлмелер, электронды деректер базасы бар кітапхана кіреді. Орталықта дәріс өткізуге арналған алаңдар, ашық аспан астындағы музей және этноауыл орналасқан.

Берік Арманов
Бөлісу: