Атырауда рұқсатсыз ауаға газ жаққан шетелдік компания 21 млн теңге айыппұл төледі

19 Шілде 2023, 15:37 761

Атырауда ауаға газды рұқсатсыз жаққан шетелдік компания 21 млн теңге айыппұл төледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «China National Chemical Engineering Co. LTD» (CNCEC) компаниясының Атырау облысындағы филиалына тексеріс жүргізілген.

Оқи отырыңыз:

Атырау облысы бойынша экология департаментіне Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан «China National Chemical Engineering Co. LTD» Қазақстан Республикасындағы филиалына заңды шаралар қолдана отырып, газды рұқсатсыз жағу фактісі бойынша тексеру жүргізуді сұраған хат түсті. Осыған орай департамент қызметкерлері CNCEC компаниясының филиалына Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында 2015 жылғы 31 желтоқсанда бас мердігер CNCEC пен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС арасында жобалау, жеткізу және құрылыс жүргізу шарты жасалғаны, соған сәйкес құрылысты бас мердігер мекеме жүргізгені анықталды. Құрылысқа арналған жер учаскесі 2018 жылғы наурызда қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес бас мердігерге берілген. Сонымен қатар, CNCEC-те газды жағу кезіндегі эмиссияларды жүзеге асыруға экологиялық рұқсат болмаған, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Осылайша, тексеру кезінде CNCEC компаниясы филилы 2022 жылы газды жағуды қоршаған ортаға эмиссияларды экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырғаны анықталды.

Осыған байланысты CNCEC-ке қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылған.

Қаулыға сәйкес компанияға 21 млн 267 мың 327 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: