27.02.2026
14:03
231
Атырауда қайын жұртын өлтірді деген күдіктінің Индонезияда ұсталған видеосы жарияланды

Атырауда қайын жұртын өлтірді деген күдіктінің Индонезияда ұсталған видеосы жарияланды

Атырау облысында болған резонансты қос кісіні өлтіру ісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген күдікті Индонезияда қолға түсті. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазақстандық құқық қорғау органдары шетелдік әріптестерімен бірлесіп, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевті Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұстаған.

Ұстау операциясы қалай өтті?

Күдікті Индонезияның Солтүстік Ломбок аймағындағы қонақүйлердің бірінде жасырынған. Операция 24 ақпанда Интерполдың «қызыл бюллетені» және Атырау қалалық сотының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы негізінде жүргізілген.

Солтүстік Ломбок полициясының бастығы Агус Пурванта жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында бұл шара халықаралық үйлестіру нәтижесінде жүзеге асқанын атап өтті. Оның айтуынша, күдікті қашуға әрекет жасағанымен, жедел топ оны еш қарсылықсыз ұстаған.

Күдіктімен бірге оның бұрынғы жұбайы – 30 жастағы Ақбаян Мұқанғалиева да анықталған. Бұған дейін ол да із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған.

Қандай айып тағылып отыр?

ҚР ІІМ мәліметінше, күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (екі адамды қасақана өлтіру) бойынша айып тағылған. Тергеу деректеріне сүйенсек:
•    Қылмыс 2025 жылдың қарашасында жасалған;
•    Күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдар мен пайдакүнемдік ниет негізінде әрекет еткен;
•    Марқұмдардың денесін шаруашылық құрылысының астына көміп, қылмыс іздерін жасыруға тырысқан;
•    Қан іздерін жойып, жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.

Қазіргі уақытта Сәрсемәлиев Солтүстік Ломбок полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында отыр. Оны және бірге ұсталған әйелді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі Индонезияның құзырлы органдарымен бірлесіп қаралуда.

Істің мән-жайы

2026 жылғы 6 қаңтарда Атырау облысының Жангелдин ауылында 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы жұбайы Нәсип Өтешқалиеваның мәйіті өз үйінің сарайы астынан табылған еді. Екеуінде де зорлық-зомбылық белгілері болған.

Полиция негізгі күдікті ретінде олардың күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиевті атаған. Қылмыс жасалғаннан кейін ол елден кеткені анықталған.

Сонымен қатар отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиева да із-түзсіз жоғалып, халықаралық іздеуге жарияланған болатын. Кейін екеуі де Индонезия аумағынан табылды.
Марқұмдардың өзге екі баласы – Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін табылған жоқ. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Туыстары олардың атынан мессенджерлер арқылы хат-хабар жіберілгенін айтқан. Соның салдарынан жақындары бастапқыда полицияға бірден жүгінбеген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тропикалық елде ұсталған ерлі-зайыптылардың бес баласы Сәрсемәлиевтің жақын туыстарының қамқорлығына берілген.

Қазір тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, халықаралық құқықтық рәсімдер шеңберінде күдіктілерді Қазақстанға қайтару мәселесін шешіп жатыр.