Атырауда корей мәдениетінің күндері өтті

21 Қыркүйек 2018, 05:19 1780

Атырау қаласында Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен корей мәдениетінің күндері өтті.  

Шара корей халқының ұлттық тағамдарын насихаттаудан басталды. Олардың құрамы мен жасалу тәсілдерін үйрететін арнайы шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырушы Ли Те Геннің айтуынша, кәріс тағамдарын даярлаудың өзіндік ерекшелігі бар және денсаулыққа пайдалы өнімдерден тұрады. Ең бастысы – күріш.

Одан әрі қарай мереке «шығармашылық үлгіде» жалғасты. Концерттік бағдарлама кәріс халқының мәңгі жадында сақталатын «мұңды күндерін» көрерменге экран арқылы көрсетумен басталды. Содан кейін, мерекеге қатысушылар ән айтып, би билеп, сахналық қойылымдар ұсынды.

Шарада кәріс халқының отбасылық өмірі, салт-дәстүрі жоғары деңгейде таныстырылды. Жастардың үйлену тойы дәстүрі көрсетілді. Кәріс халқында құдалық дәстүрінің екі түрі бар: «Хонсе мар» - шынайы атастыру, «Ченчи» -шағын той.

Сонымен қатар, Корей халқында «Төрт дастархан» дәстүрі бар. Ол баланың өмірге келуінен бастап, әр түрлі мерекелерге арнап жайылады.

Мерекенің соңы «Саранг» хорының «Рахмет, Қазақстан» атты әнімен аяқталды. Қазақстан Республикасында бақытты ғұмыр кешіп жатқандарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.

Бөлісу: