Атырауда кәріс халқының отбасылық мерекесі аталып өтті

17 Қыркүйек 2019, 10:44 2654

Атырау қаласының демалыс саябағында кәріс халқының ұлттық мерекесі – «Чусок» ерекше аталып өтті.  

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл мерекені «Тхоньиль» кәріс этномәдени бірлестігі бұл жолы да жоғары дейгейде атап өтті.


«Чусок» - кәрістер үшін шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жылдан кейінгі маңызы жоғары екінші мейрам. Кейінгі ұрпақ бұл күні ата-бабаларының басына барып, еске алу дастарханын жайып, мәйіт басына ең жақсы егін өнімдерін қалдыру дәстүрін қалыптастырған.


Мерекелік іс шараға Атырау облысының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері мен төрағалары, қала тұрғындары, сондай-ақ, Оңтүстік Кореядан, Астанадан, Алматыдан, Қарағандыдан, Ақтаудан, Ақтөбеден  келген қонақтар қатысты.

Жұртшылық алдында сөз алған «Тхоньиль» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ли Атырау тұрғындарын мерекемен құттықтады.


«Өзіндік маңызы бар мерекенің тамыры тереңде жатыр.  Біз өзіміздің бай рухани дәстүрімізге қайта оралу арқылы халықтық мерекенің мәнін ұғып отырмыз. Бұл өз кезегінде адамдарды рухани және эстетикалық тұрғыдан байытып, бағалы қазынаның қайнар көзіне айнала білді», деп жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.


Концерттік бағдарламаны «Самульнори» барабаншылар ансамблі ашты. Ал «Саранг» хоры, «Со Куан» би ұжымы, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің бишілері, «Татулық» татар-башқұрт орталығының шығармашылық ұжымы, «Довира» украин этномәдени бірлестігі,  орыс, славян,  казактар қауымдастығының облыстық филиалы,  «Былина» орыс этномәдени бірлестігі және «Ынтымақ» өзбек этномәдени бірлестігінің өнерпаздары өнерлерімен көпшілікті паш етті.


Саябақта жиналған қонақтарға кәріс халқы өздерінің ұлттық өнерлерін, ойындарын, тағамдарын ұсынды.


Мерекелік шараның соңы заманауи корей эстрадасының би өнеріне ұласты.

Бөлісу: