Атырауда газ құбырын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

22 Сәуір 2023, 09:35 1189

Атырауда ұлттық компанияның магистральды газ құбырын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қылмыстық топ мүшелері 21 сәуірде ұсталған.

Қылмыстық топ Атырау облысындағы «Индер-Махамбет» магистральды газ құбырын ұрлап келген. Прокуратураның үйлестіруімен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «ҚазТранГазАймақ» АҚ-ның қорына ірі мөлшерде залал келтіруге байланысты қылмыстық істерді тергеу кезінде үш күдіктіні ұстады. Қазір 1978, 1984 және 1988 жылғы күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігінде көзделген бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.

Өзге ақпарат тергеудің құпиялығын қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

EL.KZ
Бөлісу: