Атырауда газ көлемін ұлғайту үшін ірі жобалар қолға алынды

9 Желтоқсан 2023, 19:32 1347

Жалпы Атырау облысында 2 қала мен 137 ауылдық елді мекенде табиғи газ бар. Халықтың 99,8 пайызы көгілдір отынмен қамтылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы жылдың қараша айында Қызыл үй және Жасқайрат ауылдарына газ желісі тартылып, 102,6 шақырым газ құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 300-ге жуық халық табиғи газбен қамтылды. Сонымен қатар, 6 ауылда газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қаланың оң жағалау бөлігінің тұрғындарын табиғи газбен 1994 жылы пайдалануға берілген, қуаты 50 мың текше метр болатын «Финская» АГТС қамтып отыр. Алайда оның тозығы жетуіне және тұтынушылар санының көбеюіне байланысты табиғи газбен толық қамти алмайды. Осы ретте «ҚазТрансГазАймақ»АҚ II санаттағы тұтынушыларды газбен қамту үшін техникалық шарт беруге шектеу енгізді. Бұл ретте газ тарату стансасын кеңейту үшін өткізу қабілеті сағатына 120 мың текше метр болатын жаңа станцияның және 46,8 шақырым болатын магистралды газ құбырын салу үшін қажетті құжаттар дайындалды. Жұмыстар келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Газпром» ЖАҚ (жария акционерлік қоғамы) мен «УзТрансГаз» АҚ-ның шартына сәйкес 2023 жылдың қазан айында ресейлік газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына тасымалдау басталды.

Газды тасымалдау Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының аумағы арқылы Индер кентіне дейін «САЦ-4» DN 1420 мм магистралды газ құбырымен, Индер кенті маңында «САЦ-5» магистралды газ құбырына ауыстырылып, әрі қарай Атырау, Маңғыстау облыстарының аумағымен «САЦ-5» DN 1220 мм магистралды газ құбыры арқылы іске асырылады. Тасымалдау маршрутының ұзындығы Ресей Федерациясының шекарасынан Өзбекстан Республикасының шекарасына дейін 823 шақырымды құрайды. Аталған маршруттың ерекшелігі тасымалдау Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдау бөлінген дәлізбен (коридормен) газды компримирация жасамастан іске асырылады. Газды тасымалдаудың максималды көлемі тәулігіне 18 млн текше метрді құрайды,-деді С.Шәпкенов.

Сондай-ақ облыста тамыз айында «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін салу жұмыстарды аяқталып, іске қосылды. Жоба «QazaqGaz» компаниясының қаражаты есебінен іске асырылып
(99,8 млрд теңге), 130 шақырым газ құбыры тартылды. Жоба аясында өңірдің газға деген қажеттілігін жабуға, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына газдың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге және «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырын жөндеу жұмыстары кезеңінде газ берудегі шектеулерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Перизат Саденова
Бөлісу: