20.05.2025
17:10
639
Атырауда ерекше жоба: Инклюзивті «Күн» театрының тұсауы кесілді

Атырауда ерекше жоба: Инклюзивті «Күн» театрының тұсауы кесілді

Атырау қаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында жүзеге асырылған «Күн» атты инклюзивті театр жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ерекше форматтағы театрдың әртістері – Даун синдромы бар, жасы 16-дан асқан жасөспірімдер.

М. Өтемісов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының сахнасында өткен кеште өнерлі балалар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Бала күннің бояуы» атты концерттік қойылым қойып, көрермен ықыласына бөленді. Шара аясында қатысушылардың сән көрсетілімі де ұйымдастырылды.

Жобаның авторы – Атырау қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Әнел Маратова. Ол 2024 жылы республикалық «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алып, осы бастаманы жүзеге асырған. Жоба мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балаларды өнер мен театр арқылы әлеуметтендіріп, қоғамға бейімдеу.

«Күн» театралдық студиясында қазіргі таңда 14 жас әртіс бар. Олар аптасына екі рет актерлік шеберлік сабағына, үш рет хореографияға қатысып келеді. Ұжымның алдағы жоспары – Қазақстан бойынша және шетелдерде гастрольдік қойылымдар ұйымдастыру.

Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.