Атырауда Еңбек күніне орай ардагерлер марапатталды

Атырауда Еңбек күніне орай ардагерлер марапатталды

Еңбек күніне орай Атырау облысында ардагерлер марапатталды. Өңір әкімі Серік Шәпкенов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар еңбек ардагеріне Алғыс хат табыстады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Облыс әкімі еңбек адамын құрметтеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және жұмысшы кәсібінің беделін көтеру – қоғам дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ марапат иелері қатарындағы ауыл шаруашылығы, білім беру, журналистика, мұнай, көлік, спорт, медицина және су шаруашылығы салаларының ардагерлерін мерекемен құттықтады.

Елдің дамуы жолында атқарған жұмыстарыңыз болашақ ұрпаққа үлгі. Су тасқыны кезінде ардагерлердің көп көмегі тиді. Бұрын қай жерден су келгенін біліп, зерделедік. Мұндай байланыс үлкен сабақтастықты білдіреді. Артынан ерген інілерін қолдап, бірге білек сыбану – үлкен азаматтықтың белгісі. Бұл марапат – сіздердің ұзақ жылғы табанды қызметтеріңіздің лайықты бағасы. Еңбектеріңіз әрқашан еленіп, құрметке бөлене беріңіздер, – деді Серік Шәпкенов.

Жиында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов те сөз сөйлеп, еңбекті бағалау және қатардағы жұмысшылардың мәртебесін көтеру – қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ еңбек адамдарын дәріптеу арқылы жастарға еңбексүйгіштікті насихаттаудың маңызды екенін жеткізді. Өңірдің көркеюіне аянбай тер төгетін азаматтар солай қалыптасатынын айтты.

Айта кетейік, елімізде жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Бұл мереке қоғамдағы еңбектің маңызын айқындап, еңбек адамын ұлықтауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған.