Атырауда бірнеше рет пара алған департамент басшысы сотталды

20 Қазан 2022, 03:11 2342

Бірнеше рет пара алу күдігіне ілінген департамент басшысы Г. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасау дерегімен тергелген

Атырауда бірнеше рет пара алған департамент басшысы сотталды, деп хабарлайды El.kz.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы бірнеше пара алған. Оған қатысты қылмыстық іс Атыраудағы №2 қалалық сотында қаралды.

Бірнеше рет пара алу күдігіне ілінген департамент басшысы Г. мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасау дерегімен тергелген. Департамент басшысына бірнеше рет пара берген К.-ға, парақорлыққа делдал болған З.-ға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

«Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра Г. қызметтік өкілеттіктеріне кіретін және лауазымыны байланысты өзінің сенімді тұлғасы делдал З. арқылы К.-ның пайдасына әрекет жасап, бірнеше рет пара алған. Сонымен қатар, күдікті Р. мен Б.-ның сеніміне кіріп, 30 000 теңге көлемінде ақша қаражатын алаяқтықпен иемденген», -деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.

Сотталушылар қылмыстық іске байланысты жинақталған дәлелдемелерді, іс-әрекеттің саралануын дауламайтынын, кінәні мойындау туралы процестік келісімді жасауды сұраған. Сот тергеуі кезінде прокурордың, сотталушылар мен олардың адвокаттарының қатысуымен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасақталған.

«Сот үкімімен сотталушы Г. ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 4 900 000 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды. Cотталушы З. аталған құжаттың 368-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 1 350 000 теңге айыппұл салу жазасына сотталды. Ал, сотталушы 367-баптың 3-бөлігі 3-тармағымен кінәлі деп танылған К. мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 5 750 000 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу: