Атырауда азаматтар «Суда батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды

1 Қыркүйек 2023, 07:31 781

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Конституция күні қарсаңында өткізген салтанатты іс-шарасы барысында бірқатар қызметкерлер мен батырлар марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Солардың бірі Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғыны Қартбаев Манарбек Жайманұлы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суда батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

Манарбек Жайманұлының ерлігін айтар болсақ,  2023 жылғы 4 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Тұрғызба ауылының тұрғындары 7 адамнан тұратын отбасы (3 ересек, 1 ұл, 3 қыз) ауылдың жанында орналасқан Жем өзеніне шомылуға аттанған. 

Шомылу кезінде күтпеген жерден балалардың бірі Ерназ (2010 ж.т.) алысқа кетуге тыйым салынғанына қарамастан,  терең шұңқырға түсіп, суға бата бастады. Осы уақытта інісінің көмек сұраған дауысын естіген ағасы Елдос (1998 ж.т.) бірден көмектесуге ұмтылады. 

Елдос уақыт жоғалтпай інісін құтқаруға тырысқанымен, өзі бата бастайды. Жағада тұрған 3 апалы-сіңілі Айсана, Дана және Меруерт (2000, 2008, 2006 ж.т.) не болып жатқанын көріп, суға батып бара жатқан ағасын құтқаруға тырысады, осылайша олар тізбек құрып бір-бірінің қолынан ұстап көмектесуге талпынады. 
Олар суға алысқа барғанымен кенеттен алда келе жатқан Айсананың аяғы суық суға құрыса бастап, бұдан әрі бара алмаған. Айсана сіңлілерімен қолдарынан келмейтінін түсініп, бауырларынан айырылып қалудан қорқып, бар күшімен айқайлап, көмекке шақыра бастады.

Қуанышқа орай, олардың жанында ерлі-зайыпты жұп кілем жуып жатқан болатын. Балалардың дауысын естіген Қартбаев Манарбек ойланбастан көмекке жүгірген. Бірнеше минут ішінде ол оқиға орнында жетіп барып, бірнеше метр жерде, судың астында өмір үшін күресіп жатқан ұлдарды көреді. Суға сүңгіп, алдымен Ерназды, содан кейін Елдосты құтқарып алды. Кейін қыздарға судан шығуға көмектесті.

Қартбаев Манарбек Жайманұлының жылдам әрі шебер әрекеттерінің арқасында судағы қайғылы оқиғаның алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Перизат Саденова
Бөлісу: