Атырау қаласында оқушы суға батқан балаларды құтқарды

4 Желтоқсан 2022, 15:35 2134

Оқиға орнына жеткен полицейлер балаларға көмектесіп, ата-аналарына аман-есен тапсырды

Атырауда 8 жастағы оқушы суға батқан балаларды құтқарды, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz телеграм каналына сілтеме жасап. 

8 жастағы оқушы Дінмұхаммед Жаңбырбай батыл әрекет жасады.

3 желтоқсан Жұмыскер көпірі маңында 2008 және 2013  жылғы екі жасөспірім мұз үстінде ойнап жүргенде мұз кенеттен ойылып, балалар суға түсіп кетеді.

Оны байқаған Дінмұхаммед еш ойланбастан балаларды ағынды судан шығарып алады.

Суға батып бара жатқан балаларды көргенде, бар ойым оларды құтқарып қалу болды. Судың ағыны қатты болды, уақыт та өте тығыз еді. Мұздың ойығына жүгіріп жетіп, балаларды судан шығарып алдым. Оларды құтқару үшін қолымнан келгенді жасадым, - дейді ол.

Оқиға орнына жеткен полицейлер балаларға көмектесіп, ата-аналарына аман-есен тапсырды.

Баламды ажалдан құтқарған Дінмұхаммедке ержүрек әрекеті үшін алғыс білдіремін. Ол болмағанда бұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталушы ме еді?! Осындай батылдығы үшін ол зор құрметке лайық. Ержүрек қасиетке баулап өсірген ата-анасына да үлкен рақмет! Дені сау болып, аман өссін, - дейді 9 жастағы жасөспірімнің анасы.

EL.KZ
Бөлісу: