Атырау облысының тұрғындарына Әлеуметтік кодекс жобасы туралы айтылды

23 Қыркүйек 2022, 20:58 1818

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған арнайы мобильді топ Атырау облысында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі бағыттарын және ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының нормаларын түсіндіру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрған арнайы мобильді топ Атырау облысында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды El.kz

Ведомство мен еншілес ұйымдардың өкілдері Исатай және Жылыой аудандарында болып, аудан тұрғындарымен, жастармен, еңбек ұжымдарымен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлерімен, ҮЕҰ өкілдерімен, ауылдық округ әкімдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесулер өткізді.

Мобильді топтың құрамында ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының м.а. Ильяс Испанов, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдрахманова, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ директорының орынбасары Гүлфайруз Серікова, «МӘСҚ» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Алмагүл Шатенова бар.

Ильяс Испанов кездесу барысында Мемлекет басшысының 2022 жылғы                          1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыруды көздейтін Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы туралы айтып берді. Онда Қазақстан үшін жиі тартылатын және бір мезгілде тапшы кәсіптер бойынша 100 үздік шетелдік мамандарды тарту тетігі көзделетін болады.

«Бұл мамандардың міндеті білім трансфері және өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлау болмақ. Олар үшін тұруға ықтиярхаты бар «Бағалы дағдыларға арналған виза» енгізіледі және қазақстандық кадрларды озық даярлау үшін үнемі жаңартылып отыратын бағалы дағдылар рейтингі (тапшы кәсіптер мен мамандықтар) қалыптастырылады. Осыған ұқсас сұранысқа ие мамандықтар бойынша үздік оқытушыларды тарту жоспарлануда.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жаңа Тұжырымдама жобасында бизнес-иммиграция тәсілдері өзгертіледі. Қазақстан экономикасына бір уақытта 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік бизнесмендер үшін 10 жылдық тұруға ықтиярхат алуға құқық беретін «Инвестициялық виза» енгізілетін болады. Виза иесі бизнесті тіркеуге, меншікті иеленуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алады», – деді Ильяс Испанов.

Оның айтуынша, бұл Қазақстанға түрлі салаларды дамытуға көмектесетін сарапшылар мен инвесторларды тартуды шынайы мақсатқа айналдырады.

Бұдан басқа жаңа Тұжырымдама шеңберінде трансферт арқылы жұмыс орындарын құра отырып, азаматтардың Солтүстік және Орталық өңірлерге реттелетін қоныс аударуын ұйымдастыру және елдің басқа облыстарында негізделген қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту тетігі көзделетін болады.

«Жаңа Тұжырымдама аясында тарихи Отанында қандастарды қабылдау және жайластыру саясаты да қайта қаралатын болады. Атап айтқанда, құжаттарды қабылдау кезеңінде қандастың келетін жерін айқындау тетігін енгізу және осы өңірде белгілі бір уақыт тұрақты тұрғаннан кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу мен ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау көзделеді.

Тарихи Отанымен байланысты нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі мамандар немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда масштабтауға ниет білдірген этникалық қазақтарға (басқа елдердің азаматтарына) арналған Қазақ картасын енгізу және оны оларға беру ұсынылады. Оның иесі саяси құқықтарды қоспағанда, елге жеңілдетілген кіру мүмкіндігіне ие болады (бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операциялар жүргізу)», – деді Ильяс Испанов.

Сонымен қатар Исатай және Жылыой аудандарының тұрғындарымен кездесу барысында мобильдік топ мүшелері Жолдаудың және Әлеуметтік кодекстің басқа да маңызды бағыттарын іске асыру туралы, атап айтқанда, мемлекеттік жәрдемақы мен бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұлғайту, ЕТЖ ұлғайту, Отбасының цифрлық картасын енгізу, Электрондық еңбек биржасы базасында цифрлық экожүйені қалыптастыру, жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат, оқыту жүйесін дамыту және кәсіби дағдыларды сертификаттау, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру және т. б. туралы айтты.

Бөлісу: