Атырау облысында жекеменшік компания газ құбырын төмен бағамен сатып алған

1 Желтоқсан 2023, 09:00 646

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында тауарлық газды тасымалдау саласындағы заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесі қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Бас прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде 2021 жылы жекеменшік компания Атырау облысында ұзындығы 200 метрден асатын газ құбырын төмендетілген бағамен және заңдылықты бұза отырып сатып алғаны анықталды.

Талқылау нәтижелері бойынша Комиссия газ құбырын беру жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті материалдарды сотқа жолдау туралы шешім қабылдады.

Алдағы уақытта оны өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды газбен қамтамасыз ету үшін пайдалану жоспарланып отыр.

Премьер-министр осыған ұқсас жағдай қалыптасқан басқа да бірқатар кәсіпорындарда тиісті жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: