Атырау облысында "Ұлы Дала Елінің қасиетті мұралары" атты республикалық акциясы өтті

18 Шілде 2018, 05:58 2083

Атырау облысы ҚХА-ның, Атырау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесі және Атырау облысының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың шілде айының 2-17 аралығында "Ұлы Дала Елінің қасиетті мұралары" атты республикалық тарихи-экологиялық акциясы өтті.  

Еліміздің киелі мұралары орналасқан жерлерді аралау батыс өңірлері бойынша Маңғыстау облысынан басталып, 2 шілде күні Атырау жеріне де келіп жетті.

Акцияның негізгі мақсаты — қасиетті мұра болып табылатын тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және насихаттау, жалпы рухани құндылықтардың негізінде жастарды отансүйгіштік пен бірегейлікті сақтауға баулу.

Эстафета мүшелері Жылыой ауданында орналасқан «Құлшан ата», «Ақмешіт» қасиетті мекендерінде және «Ұшқан ата» қорымында, сонымен қатар, қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның батыс аймағындағы халық көтерілісінің жалынды жыршысы, Исатай батырдың қандыкөйлек жолдасы болған М. Өтемісұлы жерленген Индер ауданындағы «Қараой» жерінде болып қайтты. Батырдың жерленген жері — Атырау облысындағы маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі болып табылады. Жастар өз кезегінде тарихи тағылымы мол жерлерге экскурсия жасап, тарихи ескерткіштермен етене танысып, жақсы әсерде қалды.  

Шараға ардагерлер, этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

17 шілде күні Атырау облысының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жастары келесі эстафета кезеңін, оның символикасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының туын және фотоальбомын  Батыс Қазақстан облысының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жастарына табыстады.

 

 

Бөлісу: