Атырау облысында «Бекіре-2022» іс-шарасының күзгі кезеңінің 17 күнінде браконьерлерден 358 келі балық тәркіленді. Оның ішінде 134 келі бекіре тұқымдас бағалы балық түрлері бар, деп хабарлайды El.kz.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Нұрлыбек Өтениязовтың мәліметінше, 10 қыркүйектен бері 102 құқық бұзушылық дерегі тіркелген.
«Өңірде «Бекіре-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңі 10 қыркүйекте басталған еді. Оған жергілікті полиция, тергеу, криминалдық басқармалары, балық қорына қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылып отыр. Бұл іс-шараның мақсаты – браконьерліктің жолын кесу. Бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға, жолын кесуге бағытталған. Іс-шараның күзгі кезеңі басталғаннен бергі 17 күнде 102 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде балық аулау ережесін бұзуға қатысты 97 дерек, 1-уі балық өнімдерін сату, ал, 4-еуі балық өнімдерін тасымалдаумен байланысты болып отыр», -дейді Нұрлыбек Өтениязов.
Аға инспектордың айтуына қарағанда, анықталған құқық бұзушылардан 358 келі балық тәркіленген. Оның ішінде 134 келі бекіре тұқымдас балық бар. Сондай-ақ, 74 балық аулау құралы алынған. Әкімшілік жауапкершілікке 97 адам тартылған.
«Бекіре-2022» іс-шарасының күзгі кезеңі 31 қазанға дейін жалғасады.