Атырау облысында 48 борышкер әйел балаларына алимент төлемеген

7 Маусым, 18:22 541

Атырау облысында балаларына алимент төлемей жүрген 48 ана бар, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Оның ішінде 27 әйел балаларын әкесінің тәрбиесіне, ал, 21 ана ұрпағын балалар үйіне қалдырып кеткен. Атырау облыстық Әділет департаменті сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Ақбөбек Дүсіпқалиеваның айтуынша, алимент төлеуден жалтаратын, тіпті мүлдем төлемеген борышкерлер аз емес, деп жазады kazinform.

Қазір борышкерлерден берешекті өндіріп алу мақсатында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде борышкерлерден 43 млн 375 мың теңге берешек өндірілді. Мәселен, өткен жылдан қалған алимент өндіруге қатысты 9564 құжат бар. Бұған биыл 1186 атқару құжаты қосылып отыр. Бұл құжаттың бәрі сот орындаушыларына жіберілді. Осы кезге дейін 983 құжатты орындау жұмысы аяқталды, - дейді Ақбөбек Дүсіпқалиева.

Оның айтуынша, жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде 9637 құжат бар. Бұл құжаттың бәрі алимент өндіруге қатысты болып отыр.

Балалары үшін алимент төлемеген 48 ана борышкерлер тізімінде тұр. Оның ішінде аналық құқығынан айырылған, ұрпағын балалар үйіне тастап кеткен 21 әйел бар. Ал, 27 әйел балаларын күйеуінің тәрбиесіне тастап кеткен. Сол себептен қазір облыста жалғызбасты 27 әке балаларын тәрбиелеп отыр, - деп мәлім етті Ақбөбек Дүсіпқалиева.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: