Атырау облысында заңсыз балық аулаған 4 тұрғыннан 300 келіге жуық сазан тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының су айдындарында «Бекіре – 2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтіп жатқанын мәлімдеді.
Биылғы 11 мамырда сағат 15:55-те Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлерімен Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің жағалауында рейдтік іс-шара жүргізді. Рейд кезінде Исатай ауданындағы Жанбай ауылының 4 тұрғыны «Ямаха-70» аспалы қозғалтқышы бар «Будара» шағын көлемді жүзу құралымен ұсталды. Жүзу құралынан жалпы салмағы 278 келі сазан балығы мен 5 дана синтетикалық моножіптен жасалған ау құралдары табылды», - деп жазылған комитеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Аталаған дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 335-бабының 1-бөлігінің белгілерімен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазір құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала есепке сәйкес балық ресурстарына келтірілген залал мөлшері – 3 млн 740 мың 490 теңгені құраған.