Атырау мұнай өңдеу зауыты 6 шілдеде толық іске қосылады

5 Шілде 2023, 11:21 988

Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) 6 шілдеде толық іске қосылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратовтың мәліметінше, қазір іске қосу-реттеу жүріп жатыр.

Электр желісіндегі ақауға байланысты технологиялық регламентке және апатты жою жоспарына сәйкес мәжбүрлі шараны іске асыруға тура келді. Ауаға 8 мың текше метр технологиялық газ жағылды. Ауаға сұйытылған, табиғи газ, С1, С2, С3, бутан, бутадиен, пропан, полипропилен, сутегі шығарылды. Кәсіпорын жұмысы сыртқы фактордың әсерінен тоқтаған кезде шығынға батады. Мәселен, 2021 жылы зауыттың шығыны 69 млрд, былтыр 2 млрд теңгені құрады. Биылғы шығынның нақты көлемі кейін белгілі болады, -деп мәлім етті Мұрат Досмұратов.

Оның айтуынша, зауыттың мұнай өңдеу процесін толық іске қосу 6 шілдеге жоспарланып отыр. Ал, оған дейінгі үш тәулікте 45 мың тонна мұнай өңделмей қалады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын уақытша тоқтауға мәжбүр болды.

Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, электр желісіндегі ақаудың салдарынан қондырғылардың жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылған.

Атырау мұнай өңдеу зауыты 3 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 17:25-те жұмысын тоқтатты. Бұған «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі себеп болды, -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.

Оқи отырыңыз:

Равиль Ашығали
Бөлісу: