Атырау мен Қостанайда құбыр жарылып, тұрғын үйлер жылусыз қалды

26 Желтоқсан 2022, 17:06 1578

Көпқабатты бірнеше үйге жылу беру тоқтатылған

Атыраудағы шағын ауданда құбырдан ақау табылып жылу беру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіровтің мәліметінше, «Нұрсая» шағын ауданында көпқабатты бірнеше үйге жылу беру тоқтатылған.

«Бүгін, 26 желтоқсанда аталған шағын ауданда жалпы ұзындығы 3045 метрді құрайтын, диаметрі 426 мм магистральді жылу құбырынан ақау табылды. Сол себептен, жергілікті уақытпен сағат 11:30-да жылу беру уақытша тоқтатылды. Бұл құбыр көпқабатты 87 тұрғын үй мен №40 орта мектепті жылумен қамтиды. Нақтылай айтсақ, қазір жылу беру №1-27, №55-70, №80-11, №112-121 және Нарынбаев көшесінде орналасқан №17, 15, Мәденов көшесіндегі 14а мекенжайындағы үйлер жылусыз отыр», -деп хабарлады Темірлан Әубәкіров.

Оның айтуынша, аталған жылу құбырына жөндеу жұмыстарын «Атырау Жылу Жүйелері» АҚ-ның мамандары жүргізіп жатыр. Аталған кәсіпорынның бірініші вице-президенті-бас инженер Әлібек Темірғалиевтің дерегіне қарағанда, жөндеу жұмысына 15 қызметкер мен 5 техника тартылған. Жөндеу жұмыстары аяқталғасын тұрғын үйлерге жылу беру қайтадан іске қосылатын болады.

Қостанай қаласындағы Тәуелсіздік даңғылында жерасты жылу құбыры жарылып, 8 көппәтерлі тұрғын үй жылусыз қалды.

«26 желтоқсан күні Тәуелсіздік даңғылындағы жерасты жылу құбырының диаметрі 250 мм болатын бөлігі жарылды. Сағат 09:00-14:30 аралығында құбырды ашу үшін қазу жұмыстары жүргізілді. Осыған байланысты 8 көппәтерлі тұрғын үй (381 абонент) жылудан ажыратылды. Жөндеу жұмыстарын сағат 20:00-ге жақын аяқтау жоспарлануда», - делінген «Қостанай жылу энергетикалық компаниясының» хабарламасында.

Мәлім болғандай, мына мекенжайлар бойынша орналасқан көппәтерлі үйлер жылудан ажыратылды:

Әл-Фараби даңғылы бойындағы №143, №145, №158/1, №158/6 үйлер;

Перонная көшесі бойындағы №3, №4, №10 үйлер;

Темірбаев көшесі бойындағы №39 үй.

EL.KZ
Бөлісу: