Аты шулы Artsport жобасына қатысты тағы да шу шықты

20 Маусым 2022, 16:58 2197

Нұр-Сұлтанда атышулы Artsport жобасына қатысты жиынға әр өңірден үйірмелер мен спорт мектептерінің өкілдері және ата-аналар қатысты,- деп хабарлайды El.kz.

Шарада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов пен Күміс Сеитова Artsport жобасына қатысты кәсіпкерлер мен ата-аналардың талаптарын тыңдады.


– Бүгінде біз жай ғана кәсіпкер немесе жеткізушілер емеспіз. Ең алдымен біз әлеуметтік кәсіпкерміз. Күнделікті жұмысымызда әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып отырмыз. Көпбалалы ата-аналар мен жетім балалар үшін бұл жоба үлкен көмек болатыны сөзсіз. Сондықтан біз балаларға және олардың ата-аналарына заңды құқықтарын, сондай-ақ қауымдастық мүшелерінің мүддерлерін қорғауға дайынбыз. Балалардың игілігі үшін біз біргеміз, - деді «ART productions» жобасының негізін қалаушы Гүлжан Тусибиянова.

Орал қаласынан келген «Artsport жобасының» өкілдері жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға да спортпен айналысуға мүмкіндік жасауды ұсынды. Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт мектептерін ашу керектігін атап өтті.

– Соңғы 4 жылда біз балаларымызды үлкен олимпиада ойындарына қатыстыру үшін еңбектеніп жатырмыз. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға да жағдай жасау керек. Біріншіден, бізге «Artsport жобасы» үшін берілген  сертификаттарымызды қайтарып беріңіздер. Сонымен қатар, қыркүйек айына дейін жаңа ваучерлерді ашуларыңызды талап етеміз және НПО-ға енгізілген барлық өзгерістерді алып тастауларыңызды сұраймыз, - деді Пара-каратэ мектебінің директоры Мейрамгүл Дүйсембаева.

Спорт мектептерінде «Artsport жобасының» тоқтап қалуына байланысты бапкерлер мен жаттықтырушылар жұмыссыз қалды және балалар ұялы телефонға телміре бастады.

– Балаларымыз бір мезгіл спортпен айналысып жүр деп қуанатын едік. Қазір жоба өз жұмысын тоқтатқаннан кейін балаларымыз ұялы телефоннан басқа еш нәрсеге қызықпайды. Мұның арты балаларды суицидке әкеліп соқтыруы мүмкін. Мектепте балалармен жұмыс істейтін психологтардың санын арттыру керек деп жатсыздар. Бірақ, одан бір пайда болар деп ойламаймын. Балаларымызға жандарыңыз ашыса спорт пен үйірмелерді қайта жаңғыртыңыздар деп айтар едім, - деді көпбалалы ана Айзада Бакиева.

Сонымен қатар, Қазақстанда балаларды спортта жаттықтыратын білікті бапкерлерді оқытатын университеттердің жоқтығы туралы айтты.

– Елімізде көзі нашар көретін және арнайы күтімді талап ететін балаларды жаттықтыратын білікті бапкерлерді дайындайтын университет жоқ. Сондықтан бапкерлерге де қойылатын талап жоғары болса деймін, балаларымыз екі ортада қиналып қалмас үшін.  Бапкерлер жаттықтырып қана қоймай, баланың ішкі сезімін түсіне алып, оның қалауына мән беретін білікті мамандар болсын,- деді Мейрамгүл Дүйсембаева.

Шараға көзі нашар көрсе де спорттың 4 түрінен жаттықтырушы ретінде сабақ беретін мамандар да талаптарын айтуға келді. 

Миражан Махан
Бөлісу: