Аты өзгерсе де, заты өзгермеген мамандық

30 Қараша 2020, 09:43 3741

Бұрынғы диктор бүгін кім?

Қазақ радиосының қалыптасуынан бастап тәуелсіздік алған жылдарға дейін «диктор» деген ұғым болды. Коммунистік партияның талабы қатаң ескерілетін уақытта цензураға көп көңіл бөлінді. Микрофон алдындағы дикторға еркін сөйлеуге, шектеу қойылды. Белгілі бір қалыптан шықпау қадағаланып, бақыланды. Сол арқылы дикторлар сауатты сөйлеуге дағдыланды. Әрбір сөз, сөйлем, айтылатын ойдың түп-төркіні, мағынасы, мазмұны бәрі-бәрі бірнеше қызметкерлердің көз, ой сүзгісінен өтетін. Оларға: кіші редактор, аға редактор, бас редактор, бағдарлама директорының орынбасары, директордың өзі және лито қызметкері. Осындай қызмет тобының тексерісінен кейін ғана арнаулы жоғары білімі бар, конкурстан өтіп келген кезекші дикторға дайын хабарды оқуға рұқсат берілетін. Сол себепті де болар эфир, таза әуезді, әдемі үнге бай болатын. Мұның пайдалы әрі зиян тұстары да болғанын жасырмаған абзал. Пайдалы жағы уақыт үнемделді, сөйлем мәдениетінің, сөйлеу техникасы жоғары деңгейде дамыды, қалыптасты. Қазақ радиосынан берілген хабарлар тыңдаушы көңілінен шықты. Үзбей тыңдады. Талантты журналистер мен авторлардың қисыннан қиыстырған, жіпке тізген маржандай қазақ тілін дикторлар тыңдаушы қауымға шеберлікпен жеткізіп жатты. Бірақ, ол кезде еркіндік шектеулі болатын. Диктор өзі тарапынан сөз қосуға рұқсат етілмейтін. Сол себепті жазып сөйлеуге ғана машықтандырып, қазақтың ауызша сөйлеу шешендігін пайдалану мүмкін болмады.


Радиодан берілетін хабарларды тыңдаушы аудитория жасына, мамандығы мен мәдениетінің деңгейіне, талғамы мен танымына қарай тыңдайды. Дегенмен, адамның қоғам өмірімен бірге қалыптасып, өзгеретінін ұмытпауымыз керек. Мысалы, жаңа заманғы техниканың дамуы, ақпарат қолжетімділі адамның дүниетаны мен өмірге деген көзқарасы өзгерген тұста дикторға қойылатын талаптардың жаңаруы заңды құбылыс.

Уақыттың талабына сай диктор ұғымы редактор-жүргізуші деп өзгерді. Сөйлеу мәнері өзгеріп, қарапайымдылық пен шынайылыққа бет бұрды. Мұндай құбылыс тыңдаушыға мейлінше жақындата түсті. Өйткені, дауыс ырғағындағы еркіндік, жүргізушінің жан дүниесіндегі толғаныс, көңіл-күйді сезу әсерлі болды.

Бүгінде диктор деген мамандық жоғалды. Әуе толқынына кез келген адам шыға беретін болды. Оның дауысы, сөздің қандай мағынада қолданылып тұрғандығы, екпіні, музыкасы, ырғағы, қала берді қазақшалығы есепке алынбайды. Бұның басты сабептері: еркіндік, ғаламтордың мүмкіндік тері деуге толық негіз бар. Өйткені, қазіргі әлеуметтік желілер өз білгенімен бөлісетін ашық ақпарат алаңы болғандықтан, онда дауысқа, түрге аса мән берілмейді. Маңыздысы қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда қазір көп жүргізушілердің кәсіби білімі жоқ. Есесіне, берер ақпараты маңызды болғандықтан тыңдаушы сұранысын қанағаттандырады. Көп жағдайда жүргізуші-редактордың дауыс ырғағы, сөйлеу техникасы ескеріле бермейді. Қазір қарапайымдылық, шынайылық тыңдаушылардың назарын аударады. Сол себепті бұрынғыдай сөйлеу техникасы мен заңдылықтарына байланысты талаптар қойылмайды.

Қазақ радиосындағы бүгінгі көркемсөз құдіреті жөнінде екі буынның пікірі екі түрлі. Аға буын өкілі Аманжан Еңсебайұлы:

«Радионың эфирінде еркін сөйлеу тоқсаныншы жылдардан бастау алды. Бұған дейін Қазақ радиосының эфирінде өтетін ха-барлардан диктордың оқуымен ақпарат алған тыңдаушы, эфирдегі еркіндікті қажет етті. Шынайылықты қалады. Бұл уақыттың талабы мен қажеттілігі еді. Егер ондай болмаған жағдайда тыңдаушыны мәжбүрлеп тыңдата алмайсың. Бірақ, еркіндіктің де өзіндік нормалары бар. Олар қазақтың менталитетіне сай әдептілік, кішіпейілділік, редактор-жүргізушінің ішкі мәдениеті мен білімі.

Қазіргі тікелей эфирда қарапайымдылықпен бірге қарабайырлық басым. Қазақ тілінің сөйлеу заңдылықтары сақталмайды. Жылдам ырғақпен сөйлеуді басты назарға алып, кейбір жағдайда сөздер анық дыбысталмайды. Бұлай жалғаса беруге болмайды.Өйткені, радиода көркем сөйлеу де аса маңызды. Дауыс тыңдаушының нәзік түйсігіне еніп, ұғым туғызатын эмоциялық құбылыс. Кез келген хабарды бірқалыпты дыбыспен адамның логикалық ойлау жүйесін іске қосқанымен, сезіміне әсер ете алмайды. Яғни хабардың аудиторияға эмоциялық ықпалы нөлге тең. Мұндай бір сарынды, адам психологиясына әсері жоқ хабарлардың қабылдануы ауыр болғандықтан, тыңдарманды тез шаршатып, жалықтырып жібереді. Екінші рет ол хабардың басталғанынан-ақ басқа толқынға ауысуға мәжбүр болады. Сондықтан да, хабардың мазмұны ғана емес, эфирден берілу формасы, естілу ерекшеліктері ескеріліп, тыңдаушыны өзіне тартып, жетелеп отыруы тиіс. Нақтырақ айтқанда, негізгі жүкті көтеретін, басты қызмет атқаратын нәрсе – хабар жүргізушісінің дауыс ырғағы. Адам дауыс ырғағы мен үн реңдерін қағазға түсіріп, оны дәл солай етіп оқып беру мүмкін емес. Қағазға жазылған сөз өзінің қосымша бейнелеуші қасиеті – үннен айырылады, сол арқылы оның мазмұны да кемиді.

Тіл ұлттық идеологияның басты құралы. Әуе толқында көркемсөз құдіретін түсініп, хабардың өту барысын қарабайыр емес, көркем етіп жеткізсек, қазақи сөйлеу техникасын меңгерсек, ұлт болып сақталып қалуымызда ерекше маңызға ие. Тыңдаушы аудитория радиожүргізушінің сөйлеу мәдениетімен мәнерінен әсер алса, қазақтың сөйлеу мақамына сай, қазақи болмысты жаһандану уақытында сақтап қалу басты міндет», - деп ой бөлісті.

Саналы ғұмырын Қазақ радиосына арнаған ардагер диктордың ойлағаны ұлттың қамы. Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты, мемлекетік тілді, қазаққа тән сөйлеу мәнерін сақтап қалу. Қазақ радиосының эфиріндегі көркемсөз құдіреті арқылы тыңдаушының санасына сіңіру. Қазақ радиосы арқылы ұлттық идеологияны жаңғыртуға редактор-жүргізушілер үлес қосуы маңызды деп санайды.

Техника дамып, заман өзгерсе де, өзгермейтін дүниелер де бар. Ол – бұқаралық ақпарат құралдарының қай қоғамда болса да мықты идеологиялық құрал болып қала беретіндігінде. Дегенмен, мойындауға тиіс бір жайт бар. Қазіргі нарықтық қоғамда ұлттық мүдде, рухани құндылықтар, қалыптасқан заңдылықтар жоғарыда атап өткен еркіндіктің нәтижесінде өзгеріске ұшырау мүмкін. Бұл туралы Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі Мұхамедәлі Болатұлы былай дейді:

«Бұрынғы диктор ұғымы қасиетті еді. Қазақ радиосынан олардың дауысын естіген халық сенетін, тыңдайтын. Олардың дауысы мен сөйлеу мәнері көпке үлгі болатын. Бірақ, заман ағымына қарай диктор ұғымы жойылып, эфир тізгінін кез келген редактор сөйлей алатын болды. Бұл сәйкесінше еркіндіктің болмысы болса керек. Қазіргі техниканың дамуы, ғаламтордың адам өмірінің қажеттілігіне айналуы, әлеуметтік желілердің мүмкіндігі арқылы ақпараттың көптеп берілуі нәтижесінде кез келген айтары бар, білген түйгені көп, аудиторияны қызықты ақпараттармен, өзіндік көзқарасымен қызықтыра алса, ол адам танымалдылыққа ие бола алады. Өзіндік тұлғалық ерекшелігіне байланысты ол да кәсіби білімі мен біліктілігіне қарамастан, бағдарлама жүргізуге мүмкіндігі бар. Өйткені, бүгінгі БАҚ-та қойылатын талабы рейтинг жинау. Сол арқылы еңбек бағаланады.

Бұл алдағы уақытта да солай бола береді. Біз қаласақ та, қаламасақ та нарықтық қоғамның талабы сол. Дегенмен, эфирдегі тіл тазалығы, көркемсөз құдіретін жекелеген сауатты, қазақтың болашағына жаны ашитын жеке тұлға өзін дамыту арқылы ғана қол жеткізе алады.

Ресейде Юрий Левитаннан бастау алған дикторлардың мектебі қалыптасқан. Сол арқылы бүгінге дейін бірнеше буын білім алды. Заман талабына сай өзгерді,жүйеленді. Мұндай сабақтастық елдің алдында жүретін дикторларға, жүргізушілерге өте қажет. Өйткені, түпкі негізін сақтау арқылы болашақта радиода қызмет атқаратын редактор-жүргізушілердің сөйлеу мә-нері мен мәдениетін оқытуға, қалыптастыруға сабепші болады.

Қазақ радиосының тарихына үңілсек, майталман дикторларға кенде емеспіз. Дауылпаз дауыс иесі Әнуарбек Байжанбаевтың көзін көрген, он жеті жыл бойы шәкірті болып, бірге қызмет атқарған Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебайұлы екі жыл бұрын Қазақ радиосынан зейнетке шықты. Әлі де тың. Болашақ жастарға берері мол. Осындай тағы да басқа, көненің көзін көрген, асыл қазыналарымыздың барында білгенін мектеп арқылы ұрпақтан-ұрпаққа неге жалғастырмасқа?! Бұл бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселе. Бұл жөнінде басшылыққа бірнеше рет ұсынысты өзім жасап көргенмін. Нәтижесін уақыт көрсетеді».

Қазір сөйлеу техникасын оқытатын орталықтар өте көп. Ол да жақсы. Дегенмен, мемлекеттің арнайы қолдауымен Әнуарбек Байжанбаев сынды дикторлық өнерді қалыптастырған тұлғаның мектебінен білім алғанға не жетсін?! Қазақстанда дикторлық акадкмия қалыптасса, қазіргі БАҚ-тағы сөйлеу мәнерімізге оң әсерін тигізер еді. Белгілі бір заңдылықтарға бағынатын оқу жүйесі орнап, сол арқылы бұқаралық ақпарат құралдары арасында дұрыс сөйлеу техникасы қалыптасатын еді.

1960 жылдары әуе толқынына шыға бастаған хабарлардың бірі «Музыкалық радиоклуб» деп аталатын. Ол жоғарғы сынып оқушыларына арналған. Тұрақты түрде эфирге шыққан он бір санын «Алтын қордан» тыңдауға болады. Бағдарламаның авторы Жексенбек Еркінбеков, оқыған диктор Зәмзәгүл Шәріпова, режисcері Әсман Дүйімбаев екен. Хабардың балалар ақынына арналған саны әнші дауысының ерекшелігі мен мүмкіндіктеріне арналады. Мысалы, «коло-ратуралық сопрано дауысы дегеніміз не? Ондай дауыс иелерін өзгелерден қалай ажырата аламыз?», - деп тыңдаушыға сауал тастап, жауап ретінде Глинканың Иван Сувсанин операсындағы «Антанинаның», «Руслан және Людмила» операсындағы Людмиланың партияларын мысалға келтірген. Бұдан бөлек басқа да дауыстың түрлеріне анықтама бере отырып, мысал ретінде әншілердің орнындауында үзінділер ұсынған. Сол арқылы жоғарғы сынып оқушылардың кәсіби музыкадан білімін шыңдауға, танымын кеңейтуге үлес қосқан.

Диктордың өзіндік көзқарасын білдіретін дауыс ырғағы мәтінге қосымша дем береді және өзге дүниемен салыстыруға келмейтін сенімділікпен ықпал ету күшіне ие болады. Бұл дегеніміз – қағазға түспейтін, әуе толқынның өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазір диктор деген ұғым ескірген. Бүгінгі эфирде сөйлейтін радиожурналист әмбебап маман иесі. Оның қаламы қарымды болуымен қатар, жазған дүниесін халыққа дұрыс жеткізе білуі керек. Осындай кезде білім базасы қалыптасқан, дикторлық мектепте кәсіби білім алған редактор-жүргізушінің еңбегі жемісті болары сөзсіз.

Қазіргі нарықтық заманда радио саласы қаржы көзіне айналды. Қазақстандағы жетпіске жуық жеке меншік әуе толқынның мақсаты мен мүддесі, эфирден берілетін ақпараттың мазмұны мен форматы әртүрлі. Көп жағдайда адам еңбегі мен уақытты үнемду арқылы қаржылық шығынды азайту үшін көп бағдарламалар тікелей эфирде өтеді. Мұндай жағдайда эфирден өткен хабарларды түзеуге, кесіп-пішуге болмайды. Радиодағы редактор-жүргізушіге қойылатынжауапкершілік жоғары. Эфир басталғаннан-ақ тыңдаушыны баурап алып, айтар ойын анық, шынайы, қарапайым жеткізу керек. Қазақ радиосын зерттеген белгілі ғалым Намазалы Омашев: «Дауыс – кесіп-пішуге келмейтін, өлшеммен өрнектеуге болмайтын, адам организміндегі аса бір ғажайып құрал. Сөйлеу кезінде дауыс дұрыс қолданыс тапса, онда адамның өне бойы басынан бақайшағына дейін музыкалық аспап тәрізді толқып, қозғалысқа түсіп, сол дауысқа үлес қосады», - деп анықтама берген. Ғалымның пайымдауынша, дауыстың қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді. Мысалы, адамның ұлты, туып-өскен жері, отбасында алған тәрбиесі, мінезі, мектеп қабырғасында алған білімі, ұстаздары, араласатын достары, бір сөзбен айтқанда адам өмірінің әр кезеңінде қоршаған ортасы өз әсерін береді. Жүргізуші – редактор боламын деген жас маман жағымды дауыс қалыптастыру үшін еңбектенуі керек деп жазады. 

 

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: