Ату жазасына да дайынмын. Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта соңғы сөзін айтты

16 Маусым 2023, 12:25 1442

Астанада өтіп жатқан сот отырысында Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экс-министр өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Сот кезінде ақша жымқырғанын дәлелдейтін бірде-бір айғақ болмағанын атап өтті.

Құрметті судья, мен кез келген жазаға келісемін, тіпті ату жазасы болса да. Бірақ жымқырды дегенге емес. Қазақтың керемет мақалы бар: "Өлімнен ұят күшті". Мен алпыс жыл лайықты өмір сүрдім, - деп мәлімдеді сотталушы.

Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты істің хронологиясына көз жүгіртейік.

2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясы шығып, Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Экс-министрге  “Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша айып тағылды.

Бұдан бөлек, Арыстанбек Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз берілуіне қатысты тексеріс жүргізілді.

Істі тергеу кезінде Арыстанбек Мұхемадиұлыны адвокаты  Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов кек алу мақсатында экс-министрдің  үстінен арызданғанын айтып, сотқа куәгер ретінде шақыруды ұсынды. Бірақ прокурор Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, өтінішін қанағаттандырмады.

Сонымен қатар, Арыстанбек Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберу туралы өтініш те қарастырылмады. Судья бұл шешімге келіспеді.

22 мамыр күні іске куәгер ретінде бұрынғы Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова жауап берді. 23 мамырда  адвокат Айгерім Әнуарбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына қысым көрсетіліп жатқанын мәлім етті.

24 мамырдағы сот отырысында азапталғанын мәлімдеген Арыстанбек Мұхамедиұлы психологтың көмегі керек екенін айтып, талап етті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: