«Әттең...» - Мұстафа Өзтүрік туралы тұңғыш шәкірті естелігімен бөлісті

Бүгiн, 10:19 208

23 қараша - Қазақстан таэквондо федерациясының негізін қалаған Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Биыл көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Оның өмірі спортпен ғана емес, қазақ мәдениеті мен руханиятына деген ерекше ықыласымен ерекшеленеді. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі таэквандо шебері, жаттықтырушы әрі Мұстафа Өзтүріктің шәкіртімен тілдесіп, ұстазы туралы естеліктерін жазып алған болатын. 

Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы 23 қарашада Стамбұлда дүниеге келді. Ол - қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі. Мұстафаның ата-бабалары 1930 жылдары Қытайдағы Алтайға, одан Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға қоныс аударған болатын.

Өзтүрік спортшы ретінде танымал болғанымен, Тайбэйдегі Халықаралық саяси университетте «Журналистика» мамандығын бітірген еді. Ең алғаш осы елде таэквондомен айналысып, шығыс жекпе-жек өнерін жетінші данға (сары-жасыл белбеу) дейін меңгереді. Айта кету керек, таэквондода ең жоғары дәреже – оныншы дан (ақ белбеу), ал жетінші дан иелері «сахюнним», яғни шебер атағын алады.

Қазақ баласы шығыс жекпе-жегімен Оңтүстік Кореяда жаттығып, аталған спорт түрінің қыр-сырын тереңірек меңгерді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, бірнеше мәрте әлем чемпионаттарының жеңімпазы болды. 

Университет бітірген соң Өзтүрік Мюнхенге көшіп, шығыс жекпе-жегі бойынша жаттықтырушы ретінде әскерилер мен полиция қызметкерлеріне таэквондоны үйретеді. Осылайша, Германияда алғашқы таэквондо мектебін ашады. 1980 жылдардың басында Стамбұлда да Мұстафа Өзтүріктің мектебі ашылып, оның түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлделі орындармен қанжыға майлайды. 1983 жылы Мұстафа Өзтүрік Түркияның таэквондо құрамасын жаттықтырып, оның шәкірті Йылмаз Хелважиоғлы Данияның Копенгаген қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алады. Сол жарыста түрік спортшылары тағы екі күміс және қола медаль иеленген еді.

Оның арқасында таеквондо Қазақстанда танымал спорт түріне айналды. Мұстафа спорт арқылы қазақ жастарына патриотизм, рухани тәрбие мен өзін-өзі дамыту қағидаларын үйретті.

Суреттер: кейіпкердің мұрағатынан

Елге оралуы

1990 жылдың көктемінде Мұстафа Өзтүрік Қазақстан билігінің шақыртуымен алғаш рет тарихи отанына оралады. Ұшаққа отыра салысымен қазақ күйін естіп, қатты толқығанын бір естелігінде айтқан болатын.

Спортшының анасы Разия да ұлымен бірге Қазақстанға келіп, оның өз ұлтына қызмет еткенін армандайтынын айтады.

Сөйтіп 1990 жылдың күзінде Мұстафа Өзтүрік қазақ жастарына таэквондоны үйрету мақсатында Қазақстанға біржола көшіп келеді. 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясы құрылады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының мүшесі атанады. Сол жылы Қазақстан азаматтығын алады. Ал 1992 жылы шәкірттері алғаш рет Түркиядағы халықаралық жарысқа қатысып, екі алтын медальмен оралады. Олардың бірі – Қайрат Қырғызбаев. 1995 жылы Мұстафа Өзтүріктің шәкірттері әскери чемпионатта Оңтүстік Кореядан кейін екінші орын алады.

Аты аңызға айналға таэквандошы, қазақтың біртуар азаматы Мұстафа Өзтүріктің бірінші шәкірті әрі алғаш құраманың мүшесі ретінде халықаралық дәрежедегі үлкен жарыста чемпион болған едім. Биыл ұстазымыз 70-ке толар еді, - дейді Қайрат Қырғызбаев.

Таэквандо шебері Өзтүріктің 70 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтпекші болғанын алға тартты. Десе де, Париж олимпиадасынан таэквандошылардың жүлдесіз оралуы, федерациядағы ауыс-түйістер бұл идеяның жүзеге асырылуын кейінге шегерді.

«Ұстазымызды ұлағаттауға бағытталған іс-шаралар келесі жылы тойланады» деп отыр өзі.

Суреттер: кейіпкердің мұрағатынан

«Жаттығу залына келгенде айбарлы, қаһарлы болатын. Ал сыртта ол кісіден биязы адам жоқ еді!»

1990 жылдары Қазақстанда ашқан мектебінің алғашқы түлектері ретінде сол кісінің тәлім-тәрбиесін алдық. Ол - «қазағым, елім!» деп өткен азамат. Шетелде туып өссе де, қазақтың туын асқақтатсам, шәкірт тәрбиелесем деген арманы болды. Шетелді өзіне қарата білген, әлем чемпионы. Ол кісінің қайсар мінезі, қазақилығы керемет еді ғой, шіркін! Жаттығу залына келгенде айбарлы, қаһарлы болатын. Ал сыртта ол кісіден биязы адам жоқ еді. Үлкенге де, кішіге де сәлем беріп, бәріне құрметпен қарайтын,-деп еске алды Қырғызбаев.

Мұстафа Өзтүрік туралы осы күнге дейін түсірілген деректі фильмдер көп. Солардың бірінде екі пышақтың жүзінде қағазды ұстап тұрып, оған таяқты тіреп, сындыратын шеберлігі көрсетілді.

Ол қағазды пышақ жүзімен ұстап тұрып, ортасына ағаш салып, соны сындыратын еді. Сондай керемет шеберлігі бар-тын, - дейді шәкірті.

Қайрат Қырғызбаевтың айтуынша, Түркияда үлкен халықаралық турнир, Еуропаның ашық біріншілігінде бір емес, үш шәкірті жеңімпаз болып қайтыпты. Деректі фильмдерінің бірінде спортшы «үш шәкіртім чемпион болды» деп мақтанышпен айтқан болатын. 1992 жылдың 28 қыркүйек пен 4 қазаны аралығында дүние жүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен үлкен құрылтай өтеді. Сол жиында Мұстафа Өзтүрік Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан бірінші қазақ болып, қазақ азаматтығын алған еді.  

Түркияда чемпион болып, ақтық мәреге шыққанда:«Байқасам, екінші орынға келісіп тұрған сияқтысыңдар. Маған екінші орын емес, бірінші орын керек!»,- деп наразы болған еді.  Ұстазымыздың «қаһарынан» қорыққанымыз сонша, чемпион болып кетпесіміз бар ма?! Дәл осы сәт ұмытылмастай есте қалды. Осылайша, елімізде құрылтай тәрізді дүбірлі, үлкен той болғанда, алтын медальмен келіп, жұртшылықты бір қуанттық, - деп ағынан жарылды таэквандо шебері.

Шәкірті ұстазының қазақ балаларын биік шыңдарға жеткізу, көк туды желбіретіп, соның астына тұруды армандағанын айтты. Осы арманына жетті де.

Суреттер: кейіпкердің мұрағатынан

«Спортшыларын үлкен олимпиада мен әлем чемпионаттарында көруді аңсап еді. Әттең, өмірмен ерте қоштасты...»

Мұстафа Өзтүрік «Чемпион болу оңай, адам болу қиын» деп айтатын еді. Ол - елін, жерін шексіз сүйген азамат. Шет мемлекетте өсіп, ер жетсе де туған жерін аңсаған спортшы.

Егемендік алып, етек-жеңімізді жинап жатқанда елге оралды. Халықтың қалаулысы болды. Сүйіспеншілігіне бөленді. Өйткені, шындықты тура айтатын шыншыл адам еді. Бізге үнемі «Өтірік айтпаңдар, шынайы болыңдар!» деп отыратын,-деді ол.

Шәкірт естелігіне сүйенсек, Мұстафа Өзтүрік жастарға «Мен сияқты болмаңдар, ғалым болыңдар. Білімдар болыңдар. Ғарышкер болыңдар. Мен - бар болғаны қара күш иесімін» дейтұғын.

Ол кісі көп тудың астында әнұран айтқанда, көзіне жас алушы еді. Ұстазымыздың елде араласқан көптеген жора-жолдасы болды. Олардың арасында Досқан Жолжақсынов, Талғат Теменов ағаларымыз бар. Талғат ағамыз бен Мұстафа ұстаздың туған күндері де бір күнде. Жыл сайын туған күнін еске алып, іс-шаралар мен жарыстар ұйымдастырып отырамыз,-деді Қырғызбаев.

Қазақ таэквандосының негізін қалаушы спортшының артынан қаншама шәкірттері қалды. Бүгінде шәкірттерінің өз шәкірттері бар. Қайрат Қырғызбаев ұлттық құрамада бас бапкер болып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, Лондон олимпиадасына барып қайтқан болатын.

1990-1991 жылдары Мұстафа ұстаз алғашқы шәкірттерімен бірге Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Тұңғыш президент алдында өнер көрсетті. Спорт сарайында ине шаншар орын жоқ. Ол кезде Бексейіт Түлкиев ағамыз - Таэквандо федерациясының тұңғыш президенті. Көрсетілім кезінде спортшылар тақтай сындырып, жарысты. Көрсетілім басында тақтайлар жетпей қалып, бізді базарға жібереді. Біз ол кезде жаспыз. Көп нәрсені біле бермейміз. Сонда да таңдау жасап, тақтайды кестіріп, алып келдік. Сөйтсек, тақтайдың жартысы су екен. Бүкіл халық спортшылардың өнерін көруге асық. Түркиядан, Германиядан келген шәкірттері жанында. Бір шәкірті тақтайды алып, 6-7 адам еңкейіп тұрғанда, үстінен жүгіріп барып секіргенде теуіп сындыруы қажет еді. Сындыра алмады. Халық шу ете қалды. Сол сәтте Мұстафа шуылды тоқтатты. Жиналған көрермен тым-тырыс. Адамдардың жүрек қағысы ғана естіледі. Барлығы «не болар екен?!» деп қобалжып отыр. Бір кезде Мұстафа ұстаз тақтайды қолына алып, аспанға шейіріп лақытырып, қатты дауыстап тұрып ұрды. Кеудесіне тиген тақтай тарс етіп сынды. Үн-түнсіз отырған халық дүр сілкінді», - деген естелігімен бөлісіп, "ол  кісі туралы таң атқанша айтуға болады,- дейді Қайрат Қырғызбаев.

Күмәнді өлім...

1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан Парламентіне депутаттыққа өз кандидатурасын ұсынды. Алайда, сайлау барысында қажетті дауыс жинай алмады. Осылайша бапкерлік қызметін жалғастыра берді.

1995 жылы Мұстафа Өзтүрік Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде қайтыс болды. Белгілі болғандай, 1995 жылдың 11 наурызында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кикбоксинг бойынша жарыстар өтті. Жарыс аяқталғаннан соң, Өзтүрік өзін нашар сезініп, ауруханаға жеткізілді. Сөйтіп кешкі сағат 5-те танымал спортшы өмірден өтті. Ыстамбұлда жерленді. Марқұмның жары Нұриля, ұлы Назирбек, екі қызы Несліхан мен Асылхан Мюнхенде тұрады.

Мұстафа Өзтүріктің мұрасы

Мұстафа Өзтүрік - шетелде жүріп, өзінің ұлттық тамырын ешқашан ұмытпаған жан. Оның еңбегі Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ерекше бағаланып, халық арасында ұлттық қаһарманға айналды.

Қысқа ғана ғұмырында есімі қазақ халқының жадында мәңгілік сақталып, қазіргі күні де таеквондоның дамуына әсер етіп келеді. Оның өмір жолы мен еңбегі - жастарға үлгі-өнеге.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: