«Аттарымыз сәл әлсіз болып тұр». Бас жаттықтырушы көкпарға дайындық туралы

8 Тамыз, 16:47 1362

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына бір айға жуық уақыт қалды. Соның ішінде дүбірлі додада ел намысын көкпаршылар қорғайды. Қазіргі таңда көкпардан ұлттық құрама Алматы облысында орналасқан олимпиадалық орталықта дайындықтарын пысықтап жатыр. Әр өңірдің түкпір-түкпірінен келген 29 көкпаршының арасынан ең үздік 12 спортшы көкпар ойынына, ал қалған 12-сі көкбөрі спортына іріктеліп алынады. El.kz тілшісі көкпардан дайындықтың қалай жүргізіліп жатқанын сұрап білді.

Түркияда өткен ІV көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион атанған еді. Биыл сол биіктен көріне ала ма деген сауалды Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Ақылбай Манкеевке қойдық.

Құдай қаласа көкпардан чемпион боламыз деп ниет етіп отырмыз. Енді бұл жерде жалғыз көкпар емес, көкбөрі ойыны да бар. Екі спорт түрі болып тұр. Сол себепті көкбөріден «былай болады» деп дәл қазір бірдеңені болжап айта алмаймыз. Ал көкпардан жеңіске жетеміз деген ойдамын, – дейді бас бапкер.

Көкпардан шабандоздардың 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер сайысына іріктеліп алынғанын айтты. Тағы 1-2 шабандоз алдағы жаттығуларда анықталады деп отыр. Қазір қызу дайындық Алматы қаласында жүріп жатыр.

Көшпенділер ойынына дайындықты ақпан айынан бастағанбыз. Бірінші оқу-жаттығу жиыны Түркістан облысында өткен болатын. Одан кейін үшінші жиын осы Алматы облысында өтіп жатыр. Осы жерде көкпаршылардың бәрін дайындап, Астанаға жолға шығамыз деген ниеттеміз. Көкпаршылардан 29 спортшы бар, соның ішінен 24-ін Астанаға алып барамыз. Ал көкбөріге іріктелініп қойған. Елді қуантуға тырысамыз. Қырғыз ағайындармен қызықты ойын болады деген ойдамын. Жігіттердің де дайындығы жоғары, – дейді Ақылбай Манкеев.

2014 жылдан бері әр екі жыл сайын Қырғызстанда ұйымдастырылып келе жатқан көшпенділер ойыны 2022 жылы алғаш рет Түркияда өтті. Төрт күнге созылған дүбірлі жарыстың соңғы күні Қазақстан үшін табысты болып, көкпардан отандастарымыз алдына жан салмаған еді.

Қырғыз елінде көкпаршыларымыз қарсыластарын шақ келтірмей, Өзбекстанды 8-1 есебімен, ал екінші кездесуінде Моңғолия командасын 12-2 есебімен тізе бүктіріп финалға суырылып шықса, ақтық айқаста қырғыздармен ойнап соңғы сәтте жеңісті жұлып алған еді. Қорытынды есеп 4:3-пен аяқталып, көкпардан Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.

Міне, сол кезден-ақ бізге ең мықты қарсыластың кім екенін байқауға болады. Бұл жолы да көшпенділер ойындарында құрамаға ең негізгі бәсекелес мемлекет – Қырғызстан Республикасының құрамасы. Қырғыз ағайындардың ұлттық құрамаға бәскелесі болу ықтималдығы жоғары.

Қазірдің өзінде қырғыздар дайындықтарын қызу бастап кеткен. Көкпар және көкбөрі бойынша әрқайсысы 12 ойыншыдан тұратын команда физикалық, тактикалық шеберліктерін арттырып жатқан көрінеді. Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Ақылбай Манкеевтің сөзінше, ұлттық құрамаға Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін командалар мықты қарсылас болады.

Өйткені бұл мемлекеттер елімізге жақын шекаралас болғандықтан, көкпар сол мемлекеттерде қаттырақ дамыған. Қазір біздегі дайындық қызу жүріп жатыр. Көкпаршыларымыздың физикалық тұрғыдағы дайындықтары жақсы. Жетіспейтін жағы аттарымыз сәл әлсіз болып тұр. Себебі көкбөріге қазандықта ойнайтын аттарымыз жетіспей жатыр, – дейді бас бапкер Ақылбек Манкеев.

Бас жаттықтырушы көкпардан Азия, әлем чемпионаттарды да өтіп жатыр. Бірақ соның ішінде көшпенділер ойынының орны ерекше екенін тілге тиек етті.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпардан еліміздің намысын қорғайтын ойыншылардың бірі – Дәулет Айтан. Спортшының ұлттық құрамада жүргеніне 7-8 жыл болған. Көшпенділер ойынына сақадай саймыз деп отыр.

Көшпенділер ойынына қатысу үшін қазіргі таңда дайындық жақсы өтіп жатыр. Жарысқа сақадай саймыз. Қазір аттармен жаттығу болып, кімнің астына қандай ат жағатынын іріктеп жатыр. Бұл ойында шеңберге шабамыз. Біршама жігіттерді  іріктеп дайындап қойды. Ұлттық құрамада жүргеніме 7-8 жыл болды, үйреніп қалдық. Көкпар қанымызға сіңген ойын. Оны түсінетін және түсінбейтіндер де болады, – дейді құрама мүшесі.

Көкпарға жанашырлардың бәрі осы салада жүргенін айтты. Көкпар болғасын қауіп пен қатер бірге жүретіні анық. Дәулеттің сөзінше, қазандыққа салуда жарақат көп болады. Аттар бір-бірімен соғысып, аяғын жарақаттайды деп отыр. Ал шеңберге тастауда ойыншыларға жылдамдық керек.

Маған шеңберге салған ұнайды. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына командамен дайынбыз. Құдай қаласа, еліміздің көк туын желбіретіп, әнұранымызды асқақтатамыз деп отырмыз, – дейді көкпардан ұлттық құрама мүшесі Дәулет Айтан.

Келесі ойыншы Елдар Жиенқұлда Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпардан ұлттық құрамада ойнайды. Айтуынша, көкпарды жанына серік еткеніне біраз жыл болған. Тіпті 2016 жылы көшпенділер ойынында ең жас ойыншы болғанын айтты.

Көкпарға келуіме әсер еткен атам, әкем болды. Ол кісілер тауда, жайлауда көкпар шабатын. Бұл – қанмен келген өнер. Ұлттық құрамада жүргеніме 9 жылдай болып қалды. Ең алғаш 2016 жылы Қырғызстанда дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтіп, сонда қатыстым. Ол кезде құрамадағы ең жас ойыншысы болғам, – дейді көкпаршы.

Көкпаршы елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны үлкен жауапкершілікті талап етеді деп отыр.

Көкпардан ұлттық құрама мүшесінің бірі 22 жастағы Абылай Ұлықпановтың көкпармен айналысып жүргеніне 7 жылдан асып кеткен. Ол шабуылшы қызметін атқарады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.

Жастайымнан ат спортына қызығып, көкпарға келіп жатырмын. Бұл ойын мықтылықты талап етеді. Сондай-ақ мінетін атыңмен де тіл табыса білу қажет. Алдағы болатын ойында әр мемлекет өзінің мықты командасын алып келеді. Сондықтан намысты қолдан бермей, өз елімізде көк туымызды көтереміз деген мақсат қойып отырмыз, – дейді ұлттық құрама мүшесі Абылай Ұлықпанов.

Көкпардан ұлттық құрама қазір Алатаудың бөктерінде қызу дайындықтарын жүргізіп жатыр. Айта кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 90 елден 21 спорт түрінен 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда.

Соның ішінде Қазақстаннан 300-ден астам қатысушы, Қырғызстаннан 268 қатысушы, Ресейден 150-ден астам қатысушы, Өзбекстаннен 147 қатысушы, Түрікменстаннан 49 қатысушы, Түркиядан 100-ден астам қатысушы, Венгриядан 51 қатысушы бақ сынайды.

Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатыспаған әлем елдерінің тізімі де жаңарды. Мәселен Бельгия ғылыми бағдарлама бойынша қатысады. Ал Зимбабве елінен жамбы ату спорт түрінен бір қатысушы келеді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: