Аттандық сапарға, көңілде мол арман...

25 Мамыр 2022, 15:14 6097

Биыл Алматыда 12 мыңға жуық түлек мектеп бітіреді.

Мамырдың соңын ала Алматыда мектеп қоңырауы сыңғыр қағады. Тағы да бір топ алматылық үлкен өмір есігін ашып, арманына қол созады. Тағы да бір топ алматылық мақсатына бір табан жақындай түседі. Тағы да бір топ алматылық алып мемлекетіміздің кірпіші болып қалануы үшін болашаққа қадам басады.


«Алматының барлық мектебінде соңғы қоңырау мерекесі 2022 жылғы 25 мамырда өтеді. Аттестат салтанатты түрде 2022 жылғы 16–17 маусымда тапсырылады. Биыл Алматыда 12 мыңға жуық түлек мектеп бітіреді. Алматы қаласында 287 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 207 мемлекеттік және 80 жеке меншік. 2021-2022 оқу жылында 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың саны 300 мыңға жуық». Бұл – Алматы қалалық білім басқармасының мәліметі. Демек 12 мыңға жуық түлек бүгін үлкен өмірге қадам басты.

 

Сондай салтанатты іс-шараның бірі «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» деген тақырыппен, әл-Фараби атындағы №145 жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өтті.

Қоңырау макетіндегі түрлі-түсті шарлармен, лента және жалаушалармен безендірген мектептің ауласының оң жақ тұсында салтанатты рәсімге шақырылған қонақтар, төрде мектеп бітіруші түлектер жиналғанда АӘТД пәні мұғалімі   С.Сейпішев оқушыларға сап түзетті. Бұл мектептің 11 «А» сынып жетекшісі педагог-сарапшы, Халықаралық интеллектуалды «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының 1 дәрежелі дипломының жүлдегері Жадыра Мағауина. 11 «Ә» сыныбының жетекшісі Ы.Алтынсариннің төсбелгі иегері, биология пәнінен қалалық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы және халықаралық ғылыми жоба сайысының жүлдегері Айман Ақылбаева. Мектеп үздік оқушыларымен, аудандық, қалалық, республикалық түрлі жарыс жеңіспаздарымен танымал. Атап айтар болсақ: «Bilgen» республикалық олимпиадасынан ағылшын тілінен 1-орын иегері Әсемай Қалдыбай, спорттың Кикбоксинг түрінен спорт шеберіне кандидат Мирас Жұман, Республикалық пәндік олимпиадасы қазақ тілі пәні бойынша ІІ орын, Халықаралық интеллектуалды білім орталығының ұйымдасыруымен өткен «Абай оқулары» байқауының ІІ орын иегері Жанерке Елмұрат, Ыбырай Алтынсаринның туғанына 180 жыл толу мерейтойына орай ұйымдастырылған «Өнер, білім бәрі де, оқумен табылған» атты республикалық балалар байқауында «Шығарма» аталымы бойынша 1 орын иегері Диана Марат, Қазақ Ұлттық опера және балет театры кардобалетінің мүшесі Досымхан Мадешұлы, аудандық олимпиадада өзін-өзі тану пәнінен ІІ орын жеңімпазы Жанел Серікова, грек-рим күресі жеңімпазы Бексұлтан Ешенқұл, бокс жеңімпазы Асылжан Абылкасымов, футбол жеңімпазы Асылжан Жүсіпбек, Ернұр Бердімұрат, Әлинұр Күнісбаев, түрлі спорт жарыстарының жеңімпазы Шыңғыс Жекен, еркін күрестен жүлделер иегері Елдар Айдарбек, спорттың жүзу түрінен жеңімпазы Нұрсұлтан Нығмет, тарих пәнінен олимпиада жүлдегері Дархан Кенжебай, волейбол жарыстарының жеңімпазы Айсұлу Айғалиева, онлайн олимпиада жүлдегерлері Елдар Маратов және Әли Кимов, ағылшын пәнінен олимпиададан жүлде иегері Нұрасыл Сертаев, суреттен қалалық жарыстың жеңімпазы Айдана Қалдархан, қолөнер түрлі жарыстардың жеңімпазы Айсұлу Бекболат, кіші ғылыми академиясы ғылыми жоба жарысының ІІІ орын иегері, қалалық президенттік олимпиада 2-дәрежелі дипломмен марапатталған, «Алтын белгі үміткері» Ақнұр Жанатханқызы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хат иегері, «Жас Дарын» орталығы ұйымдастырған республикалық шығарма байқауларының 2 мәрте «Бас Жүлде» орнының иегері «Алтын белгі үміткері» Іңкәр Қалыбекова, Республикалық, қалалық, мектепішілік ән байқауынан жеңімпазы, Қазақстан тарихы қалалык олимпиададан ІІІ орын иегері Жібек Қазірет, химия пәнінен ІІІ орын жеңімпазы, волейболдан 3 орын иегері «Қыз сыны» байқауынан ІІ орынмен марапатталған Аян Мамытбекова, қалалық олимпиадада математика пәнінен 1-Дәрежелі дипломмен марапатталған, тоғызқұмалақтан ІІ орын иегері Еділ Әділбекұлы, қалалық сайыстан «Еркін күрес» бойынша бірнеше жүлделі орын иегері, жеңімпаз Медет Әлімбаев, Дарын математика пәнінен олимпиададан ІІІ-орын, домбырадан ІІ орын, Қалалық олимпиададан математика пәнінен ІІ-ші орын иегері Әлия Жолдасова, қалалық «Балалар дауысы» сайысынан ІІ орын иегері Диана Хамит...

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны айтылған соң педагог-зерттеуші, Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері, мектеп директоры Бейбітгүл Таукенова сөз сөйлеп, оқушыларға сәт-сапар тіледі. Мектептің оқу озаттарын марапаттады. Мектеп бітіруші түлектер сөз алып, мектебі мен ұстаздарына алғыс сезімін білдіріп, білім кілтін өзінен кейінгі сынып оқушыларына аманаттады. 1 сынып оқушылары 11 сынып оқушыларына естелік тартуын жасады. Қазақстан Республикасының көк байрағы астында болашақта Қазақстанның адал азаматы болуға серт берді. Соңғы қоңырау соғу рәсімінен соң түлектер мектеппен қоштасу вальсін билеп, «Атамекен» әнімен іс-шара аяқталды.


Айта кету керек, соңғы қоңырау соңылардан бір күн бұрын осы мектептің 4 «А» сыныбында (Сынып жетекшісі: К.А.Алтаева) «Сарқылмас ұлылықтың бастауысың, Саған мәңгі басымды ием, Бастауышым!» атты ашық сабақ өткен еді. Бастауыш сыныбымен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, бастауыш сынып оқушыларын орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстырған болатын. Ашық сабақ 4 сынып оқушысы Жібек Бахытованың «Мектеп» әнімен басталды. Сабақ барасында бастауыш сынып оқушының ой-өрісіне сай тағылымдық әңгімелер айтылып, балаларды орта мектепке дайындау жобасы айтылды.

Қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтің:

Көктемгі аспанның жаңғырып дауысы бір күні,
Көз жауын алып құлпырар сосын қыр гүлі.
Хабарын алып жеттің бе жаңа маусымның,
Соңғы қоңырау – он жеті жастың күркірі.
Балалық шақтың оятып күллі өлкесін,
Балауса ойдың қасытып кенет желкесін.
Қимастық шақтың қып-қызыл жібін үзгендей,
Қимастық үні, не деген ғана еркесің?!
Ертең-ақ, ертең толқындарымен тербеп кеп,
Теңіздей өмір төріне қарай төрлетпек.
Құлақтың бірақ құрышында қалар мәңгілік
Сол қоңырау үні, сол бір топ бала, сол мектеп.
Сол қоңырау үні үмітпен бастап жол басын,
Арманға қосып алысқа тартар арнасын.
Сан қоңырауларды күмбірлетерсің, дауысы тек
Он жеті жастың тазалығынан танбасын! – деген өлең жолдары Алматының ғана емес, еліміздің күллі түлектеріне арналған аманаты секілді.

Елімізде соғылған соңғы қоңырау талай жастың арманына қанат бітіріп, ел мен жердің болашағы үшін аянбай еңбек етер азаматтардың қатарын көбейтері анық.

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: