Атбегілік – қазақтың қасиетті өнері

29 Шілде 2021, 16:36 11362

Жүйрік баптауға пайдалы кеңестер

 

Қазақ халқы ежелден жылқы жануарын жақсы біліп, жүйрік баптап, аламан жарысқа шығара білген. Мұндай жандарды өнер иесі деп санап, атбегілер деп атаған. «Жүйрікте де жүйрік бар – қазанаты бір бөлек» деп нақыл қалдырған халқымыз, бәйге аттарын құлын кезінен танып, ерекше күтім жасаған. Мұндай жүйріктердің тарихта аты жазылып, аңыз болып таралуы да тегін емес. Оның бір мысалы Ақан серінің атақты Құлагері деп білеміз. Бүгін оқырмандардың назарына қаламгер Бекен Қайратұлының этнографиялық еңбегін негізге ала отырып, жылқы баптау туралы кеңестер мен маңызды мәліметтерді ұсынамыз.

 

Бабы қанған жүйріктің белгісі

 

Бабына келген жүйрік байлаулы тұрғанда шекесінен қарап, кербезденіп оқыранып тұрады. Діңгекке әкеліп жалғыз өзін байлағанда шыр айналып, ұзаққа қарап, елеңдеп, қарауылдап саңлақтанады. Құйрығын денесіне тигізбей көтеріп оқшау ұстайды. Тастаған тезегі жылтыр әрі дымсыз, бөлінбеген бүтін, бір қатарға шашырамай түседі. Бұл жылқының ішіндегі ескі жем-шөптер толық тазарып, асқазанға барған жас шөптер байыпты қорытылып, баптау кезінде ішек-қарны табиғи тартылғандығының белгісі. Қарын осылай баппен тартылса, жылқының ішіне жел жиналмайды, тік ішегіне тезек тұрып қалмайды. Көзінің шарасы мөлдіреп, қасында тұрған адамның тұлғасы толық көрінеді.

 

Күн шықпас бұрын бажайлағанда жүйріктің көбір жүні жылтылдап тұрады. Анықтап қараған адамға жылқының сыртқы түсі кұбылып, жүні жарық шашқан сыңайда көрініс береді. Нақтырақ айтқанда, табиғи сәуленің ауадағы ойысы жылқы жүнімен шағылысып көрінеді. Сондай-ақ, жүнін қолмен сипағанда жұп-жұмсақ ыңғайына қарай жапырылып тұрады. Сыртқы терісін қатты шымшығанда пайда болатын уақытша тыртық тарап кетпей, ұзақ сақталады.

 

Аунағанда алдыңғы екі аяғын бүгіп, төс етіне тигізіп аунайды және арқасымен екі жағына түп-түзу алма-кезек ырғатылады. Ұйқысы қалыңдайды. Шапқанда шаршағаны білінбейді, қан айналымы қалпына тез келеді. Аққан тері сұйық, мөлдір, ащы дәмі білінбейді. Мінезі кеңиді. Ернін жалап есінейді. Кермеден босатқанда тымақ тастам жерге жүріп барып, аунай бастайды. Құйрығымен екі санын алма-кезек сабалайды. Денесін тістеп қасиды. Төс сүйегіне жалғасқан ақ шеміршек қарын шелімен бітісіп, шабына дейін түзу жолақ тартылады.

 

Тезегі қатайып құмалақтанады, әрі суға салғанда батпайды. Ауа жұтып, тыныс алғанда бүйірі бүлкілдеп, қабырғасы керіледі. Иесін көргенде көзі жайнап, кеудесін көтеріп оқыранады. Тұяғы жылтырап, құбылмалы жолақ таңбалар байқалады. Шапқанда алдыңғы екі аяғы аттың иегіне жетіп, артқы аяқтары созылып құйрығынан асып түседі. Шауып келіп тоқтаған сәтте, тілін сүйсіне жаланады.

 

Жетектеп жүргенде денесін бос тастап, ырғала аяқ басады. Суарғанда бірнеше рет басын көтеріп, алысқа көз тастап ішеді. Кермеде түп-түзу, төрт аяғын тең басып тұрады. Дене бітімі көркем күйге еніп, жүні май жаққандай жылтырайды. Ер салып шапқанда, тоқымы құрғақ шығады. Кірпігіндегі болымсыз қыртудан (табиғи уайым) арылады.

 

Орта қашықтықтағы кара жарыста қиналмай еркін шауып келуі керек. (Орта кара жарыс ең алыс қашықтықта және баптау жұмысының дәл ширыққан шағында ұйымдастырылады). Көлденең айғай-шуға елеңдеп, тағатсыздана тыпыршып, бәйrе тілейді. Аузынан анда-санда кермек дәмді, сарғыш өңді сілекейі шұбырып, ұйқы басып, қалғығыш күйге енеді. Несебі судай тұнып, мөп-мөлдір болады.

 

Маңдайын күнге қаратып, күнбағыс секілді күнді бағумен болады. Мысалы, таң атқанда шығысқа, түс əлетінде оңтүстікке, кешке батысқа қараумен күнге маңдайын сүйгізеді. Көзі отты әрі былшықсыз келеді. Ұйқысы молаяды, кермеде төрт аяқтап қалғып тұрады. Ұйықтағанда түс көргіш келеді. Қалғып тұрып оқыранады, баяу кісінейді. Ұстағанда қашпайды, кермеге өзі келіп тұрады.

 

Алысқа ұрлана қарайды және нәрсені тез болжайды. Жакын маңдағы қарайған-құрайғанға көз салмайды. Иесін жазбай таниды. Жақындағанда қарсы жүріп мойнын созады, оқыранады, еркелеген кейіп танытады. Теуіп, тістемейді. Құйрық-жалын түйіп жарыс жолына шығарғанда мейлінше қазымырланады. Маңайындағы аттарды теуіп тістейді. Өзі жалғыз жүруді қалайды. Алып қашпайды.

 

Мойын терісін шымшып тартып ұстап, қоя бергенде терінің қатпары баяу жазылады. Жаясы көлкілдеп тұрады. Ауық-ауық күрсінеді. Шауып келген кезде денесі зорайып, үлкейіп көрінеді. Тісінде ешқандай ақау болмайды. Соңғы қара жарыс күні моншақ тері төгіліп түседі.

 

Құйрық-жалын түйіп, бала мінгізгенде күнге қарап есінейді. Артынан қарағанда аяғын алшаң басады. Шақпақ, қоң етінің қан тамырлары адырайып көрінеді. Шапқанда терлемейді, бусанып қана қояды. Дене мүсіні жүзіктің көзінен өткендей жұмырланады. Еріккен кезінде ауыздығын қарш-қарш шайнап, езуіндегі сулығына тілін орап алады. Көздері танадай жарқырап ойнақшиды.

 

Құлағын қайшылап-қайшылап, төрт аяғын ортекеше көтере басып ойнайды. Еріккен кезінде алдыңғы екі аяғын жоғары көтеріп, шегірткеше ыршиды. Мойнын күлдіреуіштей иіп, жер тарпып, басын сүзе шұлғып тұрады.

 

Жүйрікті қырлау

 

Бабы қанған, жаратуы келіскен жүйрікті ары қарай толық жетілдіріп баптауды атбегілер тілінде жүйрік қырлау дейді. Жүйрік қырлау немесе өткірлеу ісі нағыз бапкерлердің қолынан келетін шаруа. Атбегілер қырлайтын жүйрікті семіз, орташа, арық деп танып, осы үш жағдайдың біріне орайластырып баптайды.

 

Бұл дегеніміз – жүйрік жылқы еті семіз болса жақсы шаба ма, әлде, орташа қоңды күйде шапқанды ұната ма, немесе арық күйінде бабы толық қана ма, осыны дәл басып танып, баптау ісі.

 

Семіз күйінде қырланған жүйрік жауынды-шашынды, салқын ауа райында жақсы шабады. Арық күйінде қырланған жүйрік күн көзі өткір ыстық өлкеде жақсы шабады. Орташа етті қырланған жүйрік ауа райының кез келген жағдайында шаба береді.

 

Тәжірибелі атбегілер жүйрік қырлағанда қысқа жарыстарға салады. Ол жүйріктің тарамыс-сіңірін жұмсарту үшін қажет. Жалпылама қолданылмайтын тек көп жыл бапталған атақты жүйріктерге қатысты жасалатын торғын қыр дейтін баптаудың түрі бар. Бұл дәл бәйге болардан бір күн бұрын кешкі салқын түсе жаратуда тұрған жүйрікті 2 шақырым қашықтыққа қатты шаптырып қолтық жаздыруды айтады.

 

Жүйрік қырлауды әр атбегі өзінің таным-түйсігіне байланысты әрқилы атқарады.

 

Толық қырланған (бапталған) жылқының сипаты:

 

• Денесі ширап, бұлшық еттері қатаяды.

 

• Төрт аяғын ешқандай бұлғақсыз тең басады.

 

• Төсінің ойма еті дөңестеніп тұрады.

 

• Ұйқышыл, жатаған келеді.

 

• Алдына қарай созылып керіледі.

 

• Көзінің кірпігі қайырылып, алысқа тесіліп қарайды.

 

• Аузынан ащы қою сары сілекей ағады.

 

•Түр-тұлғасы сылаңдап көрінеді.

 

• Жаңбырлығы қабындайды.

 

• Артқы аяқтарын кезек-кезек созып, сілкиді.

 

•Кірпігіне сән кіреді.

 

Қырлаған жүйріктің бұл белгілері 3-5 күннен соң көзден тасаланады.

 

Бабы бұзылған жүйріктің белгісі

 

Жаратып, байлап-баптап отырған жүйріктің бабы бұзылатын жағдай жиі кездеседі. Бұл баптау кезендері мен уақытты дәл үйлестіре алмаудан туындайды. Нақтырақ айтқанда, баптау ісін дәл бәйге болатын күнге сәйкес келтіре алмау деген сөз. Енді оның мынандай белгілеріне тоқталып өтейік.

 

Қабағы салыңқы тартады, іші босап, тезегі сұйылады, түр-түсі каралтым тартып, мінезі құбылады. Тұмсық-танауының еті жиырылып, көзі қызарып былшықтанады, құлағы салбырайды. Сауыры бозмықтанып, тері кірлеп, жаясынан өң кашады. Шауып келіп тоқтағанда аяғының астынан шошынып үркеді. Тартылған ішегі босағандықтан, жүргенде тынысы тарылып, ентікпе пайда болады. Кермеде көп тұрып жалыққан жылқы керілгенде белiн садақша иіп, мазасы кетеді.

 

Дүркін-дүркін пысқырып, үрке-шошып, тыпыршып жер тарпиды. Қан айналымы бұзылған жылқы үздіксіз қасынады. Байланған орны сәйкес келмегенде, ойпаң немесе желдің бағыты теріс, т.б. жағдайлар болғанда жылқының зәрі қанкүрең түсті болады. Бос жібергенде өз ығымен аунап-қунамайды. Жай тұрғанда екі бүктетіліп, сымбатынан арылады. Жаясының көбірі түсіп, дүркін-дүркін зәр шығарады. Терінен ащы дәм шығып тұрады. Көзінің суағарын былшық басады. Мінезі шәлкес, қытымырланады. Ұйқысы қашады.

 

Алаң көңіл, жүргенде сүрінгіш, көп пысқырып, жөтеліп тұрады. Тезегі жарты құмалақтанып шашырамай, жапаланып түседі. Шауып келіп тоқтағанда екі бүйірін соғып, еңсесі төмен түсіп, сенделіп төрт аяғын сылбыр басады. Тісі жарақаттанып сызат түсе береді және жеген шөбін дұрыс қорытпай, тастаған тезегінен жас шөптің иісі шығады. Аузы-мұрны қатпарланып, мұрнынан сары түсті су ағады. Мінезі тарылып, үркіп ұйықтамайды. Таңертең ұстатпай қашады, жымыраңдап иесін қорқытады, кейде теуіп, тістейді. Пысқырауық келеді, күркілдеп жөтеледі.

 

Баптауда тұрған жүйрікті жайылту және суару

 

Баптауға байлаған жүйрікті шөлдетіп барып суаруға әсте болмайды. Сондай-ақ, шаңқай түсте де суармаған дұрыс. Таңғы салқынмен суарған жөн. Бірақ, түнде жаңбыр жауып, шөп басына шық тұнған бұлтты күні таңғы салқында да суармаған қолайлы.

 

Тәжірибелі атбегілер жүйрігін ағынсыз тоқтау немесе құдықтың суына суармаған. Күніне екі дүркін ағынды сумен (бұлак, бастау, өзен сулары) суаратын болған. Бір ескере кететін дүние: жүйрікті ағынға қарсы жүргізіп су ішкізген дұрыс.

 

Дене бітімі толысқан, сақа жылқыны самал желдің өтіне ұзақ ұстап, кенезесін кептіріп, кешкі салқынмен суарады. Бұлай жасаудың мәні: жүйріктің іш майы тез тартылып, қуаты артады. Бұл тәсілді кейбір тәжірибелі атбегілер дөнен жылқыны баптаудың басты тәсілі ретінде қарастырған. Жаратуға байлаған жылқыларды күніне 2-3 сағат (тай-құнандарды 3-4 сағат) таза шөпке жайылтады және күндіз 2 сағат ұйықтатады. Бірақ бұл жайылту мәселесі жүйріктің арық-семіздігіне байланысты ұзарып немесе қысқарып отырады.

 

Уақытында ащылатқан дұрыс. Қатты ащылаған жылқы шыдамай топырақ жалайды да, ол асқазанында қорытылмай өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан, аптасына бір рет тұз жалатып, ащылауын қандырады. Бірақ бәйге болатын уақыттан бір апта бұрын ащылатуды тоқтатады. Егер де ащылату көлемі шекті мөлшерде асып кеткен жағдайда (жиі-жиі ащылату немесе көп тұз жалатып жіберу) жылқының қарын қырындысы жидіп, тезегі сұйылып, бабы бұзылады.

 

Байланған жылқыға жұмсақ шөп берген дұрыс. Әсіресе, қияқ, тарлау тәрізді шөп жегізеді. Ал, жуа, изен, бұйырғын, көкпек, жасыл балаусаны жегізуге болмайды. Өйткені, дәмі қышқыл бұл шөптер аттың терін дұрыс шығармайды және жаңа шыққан көк шөп кейде жылкының ішін айдап, тезегін сұйылтып жібереді. Шөпке жайылту барысында: жүйріктің қарын салуын, сүбе қиюын, іш тартуын аңдаған жөн. Осы үшеуін үйлестіре білген жағдайда жүйрік тілін тартып, бауырына бұйра әжім-қыртыс түсірмей, түп-түзу болып оқтаудай жарайды.

 

Жүйрікті жайылту және суару барысындағы ескертулер

 

Баптау барысында жүйрікті тер алудан бұрын немесе терін алған соң асықпай суарған тиімді. Бабы қанған жүйрік су ішкенде асықпай, қайта-қайта ішеді. Егер жүйрік басын судан көтермей тез-тез және лоқылдатып ішсе бабы келіспегені. Жас жылқыларды (құнан, дөнен, тай) күніне 3-4 сағат жайылтып, 2-3 сағат ұйықтатады. Қатты ащылаған жылқы қара топырақ жалап асқазанын бұзады. Ас қорыту жүйесі бұзылған жылқының бабы қашады. Сондықтан жүйрікті аптасына бір рет ащылатқан, яғни тұз жалатқан дұрыс.

 

Күйлі атты екі апта уақыт күнде ұзындығы он бесметр арқанмен қураған шөпке арқандап, таңертеңнен түске дейін және кешқұрым екі рет жайылтып отырады және күніне екі рет ат қанша су ішкісі келсе, сонша суарады. Екінші аптада су ішіп тұрған жүйрік судан басын көтергенде суаруды тоқтатады.

 

Күйі төмен жүйріктерді қу шөпке жайылтып, қосымша сұлы беріп отырады. Тым арық болса күнара, кейде екі күнде бір желдіртеді. Желдірту кезінде сұлыны көбейтеді. Бәйгеге екі күн қалғанда ешқандай жем бермейді. Бәйге болатын күні жүйрікті таңға жуық шай қайнатым ұстап жүріп жайылтады. Бұл жүйріктің өзегі талмай мәреге жетуі үшін өте қажет. Жүйрік бәйгенің алдында сергек болмаса, жарыс таяғанда шылбырымен жайылтып, ұйқысын қашырады. Бәйге атын жаз маусымында жұлдыз шыға, отқа қойып, күн тау басын шалған кезде тоқтатады.

 

Су ішіп қанған жүйрікті мұздай сумен жуып, терісі құрғағанша сүртеді. Одан кейін денесі толық кепкенге дейін серуендеткен дұрыс. Жүйріктің артық майын кетіру үшін жем беріп, жеп болған соң суарады. Суға қандырып алып бір қадақ сұлы беріп, таң асырады. Бұл тәсілді артық майынан арылғанға дейін жалғастырады. Жүйрік тым семіз болса екі күнде бір рет суарып, еті қатқан кезде күніне екі рет суарған дұрыс. Әрбір суарғанда жүйрік басын көтерген сәтте доғарады.

 

Жүйрікке мамыр айында піскен жоңышқаның алғашқы гүлді орамын сақтап қойып жегізген жақсы. Жүйрікке берілетін ең жақсы жем – сусыз жонға шығатын жабайы бидай тәлімі. Жас жүйрікті баптағанда ағынды судың жағасына желiмiк жасылға жайған дұрыс. Жүйрік күйсіз болса, ұстаған соң алғашқы аптада екі мезгіл бес қадақ жемге қойдың құйрығын қосып жегізеді. Жемге піскен құйрық қосып жеген жүйрік терісі жайылып, қарны түсіп, жаңбырлығы білінбей семіреді.

 

Жалпы жүйрікке көбінде құрғақ шөп берген дұрыс. Жасыл көк тістетпеген жақсы. Өйткені, жаңа шыққан көк шөпті жегенде, көкке көбеңсіп, шымыр еті босаңсып, көбікке айналады. Жүйрік ат үшін сұлы жақсы азық. Ол атты қазыландырмай, қара етін сақтап, қызылын сыртына тептіріп, сүйегін жақсартады.

 

Жемді күндіз немесе мініп жүргенде бермеу керек. Жем көп берілсе, әрекет аз болса, аттың аяғына жем түсуі мүмкін. Баптаған жүйрiкке аптасына бір рет биенің саумалы немесе сиырдың шикі сүтін қандыра берген дұрыс. Сиыр сүті жеңіл, сіңімді келеді. Қуаңшылық жайлап жер көктемеген жылдары жүйрікке қосымша жем береді. Аттың жеміне: қызыл бидай, кебек, сұлы жақсы. Көптеген атбегілер жылқысын сұлымен жемдеуді ұнатады. Сұлыны күндіз суға салып жібітіп, бөрттіреді. Кешке жемдорбаға салып жегізеді. Бір рет 2-3 келіден арттырмай берген дұрыс.

 

Жүйрікті жарыс жолына шығару

 

Көшпелі халықтар жүйрік жарыстырғанда аттарды алысқа айдап барып, арнайы мәре белгілеп сол жерден жіберетін болған. Тіпті кейбір аламан жарыстарда мәреге барған аттарды бір қондырып, тынықтырған соң ертеңінде жарыс жолына шығарған. Сол себепті, ат иелері ат айдалып баратын қашықтық пен қайтадан шауып келетін уақытты дәл есептеп жүйрігінің бабын орайластырады. Мысалы, жүйріктерді мәреге барғанға дейін тезегін тастатып, ішін босату үшін жем-шөбін сәйкестендіру аса қажет. Бұл әрекет сәйкеспеген жағдайда ат шаппай қалады.

 

Жүйрік баптау кезінде ұйымдастыратын қара жарыстар қашықтығын нақты бәйге кезіндегі мәре мен көмбе арасындай етіп таңдап алатын болған. Қысқасы, атбегі жүйрік жаратқанда бәйге болатын күннің ауа райын, жер жағдайын (жазық, өр, еңіс, т.б) және қашықтықты есептей отырып, жүйрік жаратқан. Бәйге болатын күннің таңында атының сырын білетін бапкерлер түнде босатып жіберіп, бой жаздырады. Көп жыл бәйгеге қосылып қаныққан жүйрік бабын жоғалтпай еркін жайылады.

 

Жүйрікті жарыс жолына шығару кезіндегі ескертулер

 

Баптаған жүйрікті жарыс жолына шығарып, мәреге жіберер алдында жас шөппен тамақтандырған дұрыс. Өйткені, тоқ аттың шабысы қуатты болады. Бәйге басталатын күннің кешінде, күн батқан соң таңғы шық түспей тұрып, жүйрікті таза шөпке жайылтып, бәйге болатын жердің қашықтығына қатысты (тойдырып немесе жартылай аш күйінде) тоқтығын сәйкестендіреді. Бұл істе өте үлкен маңыз бар. Өйткені, іш тартқан жүйрікті тым тойдырса, шаба алмай қиналады, аш құрсақ болса, жолай әлі құрып жарты жолда тұрып қалады.

 

Бәйге жолына шығарған жүйріктің аш-тоғын сәйкестендіргенде көмбеге дейін қанша уақыт жүріп барады соны дәл есептеп, тоқ жарау аттың тезегін тастап өзін-өзі баптауына ыңғай туғызған жөн. Бәйге болатын күннің түнінде жүйріктің үйірін керме маңына айдап әкеліп, таңертең ерте өргізеді. Үйірін көрген жылқының шабыты оянады. Бәйге болатын күннің таңында жүйрікті бетегелі жерге жайып, шөпті бір орып, басын шала бастағанда тоқтатып, суару қажет. Суды екі рет сіміріп жан-жағына қараса, бабына келгені. Судан басын алмай сіміре берсе, онда бабында күмән бар. Жүйрікті жарыс жолына шығарарда денесін сабындап салқын сумен жуады. Бабы келген жүйрік денесіне су құя бастағанда-ақ сүйсініп тұрады.

 

Көптеген ат бапкерлері ертең бəйге болады деген күні баптаған жүйрігінің ноқта-жүгенін сыпырып, үйіріне жібереді де, сыртынан бақылайды. Байлауда зеріккен жүйрік үйіріне қосылған соң еркінсіп бой жазады. Кешкі һәм таңғы жусауда ұйқысын қандырады. Таңертең ұстап, біраз суарып, от шалдырып байлайды. Кейбір жүйрікті бәйгенің алдында желе аяңдатып, тезегін тастатып, дайындайтын әдет бар. Жүйрікті жарыс жолына шығарарда құйрығын өріп, кекілін түйеді. Ондағы мақсат шабыс үстінде қызып терлеген аттың маңдай мен санын жауып тер үстіне тер қосқызбау үшін.

 

Жүйріктің жабдықтары

 

Жүйрік аттың басты жабдығы – өте жіңішке өрілген жеңіл ноқта, жүгендер. Бұдан кейінгісі кежім. Шабандоз ер-тоқыммен шабатын болса, онда жүйрікке арналған жеңіл ер ерттейді. Қазақ атбегілері жүйріктерді жайдақ шапқызатын болған. Жайдақ шабатын жағдай туындаса, шабандозға үлкенірек балаларды таңдап алған. Кей жағдайларда атқа шапқан баланың құйрығы ойылмас үшін жүйрікке жеңіл шағын киіз шүберек тоқым таңып, оны бір айылмен басып беретін тәсілдер де кездеседі.

 

Жүйрік жабдықтарына қатысты шаралар:

 

1. Жүйріктерді жұқа немесе қасаң тағамен тағалайды. Ертеде мүйіз таға пайдаланған.

 

2. Жүйріктің қамшысы жеңіл, өткір, қырлы келеді.

 

3. Жүйріктің басындағы жүген жеңіл әрі сағалдырығы тыныс алуға қолайлы кең болғаны жөн.

 

4. Тоқым жүйріктің қапталын соғып тұрмауы үшін көтеріп байланады.

 

5. Жүйрік жылқының жабдығында құйысқан, өмілдірік болмайды.

 

6. Айылды төсінен, яғни, бір жерден ғана тартады.

 

Топ жаратын жүйрікті тану

 

Қазақ ғұрпында бәйге болардан бір күн бұрын жүйрік танитын сыншылар жарысқа түсіру үшін бапталған жылқыларды бір-бірлеп қарап шығып, бұл жолы қандай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін тап басып, айтып беретін болған. Әрине, олар көріпкел емес, бірақ бабы сәйкесіп, озып келетін жүйрікті белгі-бітімдеріне қарап ажырата алған.

 

Озып келетін жүйріктің белгі-бітімі:  

 

 

Шабандоз баланың сипаты

 

Жүйрік ат бәйгеге қосылғанда 7-13 жастағы бала мініп шабады. Бұл жастағы балаларды ауыз екі тілде «атқа шабар» деп атаған. Яғни, байырғы көшпелілер жас жеткіншектерін буыны бекіген сәттен бастап атқа шаптырған, аламан додаға салып дағдыландырған.

 

Атқа шауып үйренген бала – тақымы мықты, бойы ширак, төзімді, әрі ержүрек, қиқу-доданың сынына шыңдалған, ат құлағында ойнайтын, жылқының қыр-сырын жеттік меңгеріп, болашақта ата-баба жолын қуған сайыскер һәм жауынгер болып өсері сөзсіз. Атқа шабар баланың киімі шапқанда жел кеулеп дүрдиіп кетпейтін ыңғайлы, әрі тарлау болғаны тиімді саналады. Басына өң-түсі қанық алыстан тез ажырылатын шыт тартады немесе желге ұшпайтындай етіп байланған тақия киеді. Жеңіл әрі тебінгенде жүйріктің бүйірін соғып, ауыртпайтын сірекшесі жұмсақ етік киеді.

 

Шабыс үстінде қарсыластар «байқаусыздан» үзеңгімен балтырдан соғу, шымшып қалу сияқты оқиғалардың алдын алу үшін аяқ-киімнің қонышы ұзын болғаны тиімді. Бәйге аты мен шабандозға жарыс жолында: өр-ылди, сай-сала, сазды қорық, құмайт, күдір, ойпаң, жыра-жылға, жазық пен қысаң кезігіп отыратындықтан жүйрік пен шабандоздың үйлесімі шешуші рөл атқарады.

 

Жүлде алу – жүйріктің күштілігіне, төзімділігіне, бабына байланысты болумен бірге шабандоздың тәжірибесіне, мінген атының қыр-сырына қанықтығына, жол тануына, атты игеру шеберлігіне, әдіс пен қайратына, шыдамдылығына тікелей қатысты. Алайда, шабандоздың шартын айту оңай, атқару қиын. Сондықтан шабандозды дұрыс таңдау, дұрыс талап қоя білу бәрінен маңызды.

 

Шабандоз балаға қойылатын талаптар:

 

Жүйрік атқа шабатын шабандоздар ақылды, айтқан тапсырмаларды бұлжытпай орындайтын болуы шарт. Бәйге атына дене салмағы 35-40 келі шамасындағы 9-15 жасар, неғұрлым жылқыға үйір, ат құлағында ойнайтын, қағылез, жүректі, шыдамды, үнемі атқа шауып жүрген желтақым балалар таңдалады. Әуелі атқа шабуды толық меңгерген болуы керек. Жүйрік жылқы сүрінсе, секірсе, үріксе аттан түсіп қалмайтындай нық отырады. Арыны қатты жүйрікті ауыздықтап, бәйгеге шабуға қарым күші бар тарамыс қолды естияр бала лайықты.

 

Шабандоз бала басынан бастап қара жарыстарға өзі қатысқаны жөн. Мәреге барар жолда жүйріктің бабын бұзатын қимыл-әрекет (балалармен жарысу, топтан қалып қойып шауып келу, тынымсыз жүріс жасау, т.б.) жасамау қажет. Шабандоз бала жүйріктің мінез-құлқын, қимыл-қозғалысын әбден зерттеген, атпен бірге біте қайнасуы шарт. Бәйге кезінде, әуелі желдің өт жағына шығып алады, екіншіден, алғаш мәреден шыққан кездегі жүйріктің шабыс екпінін сақтайды, көмбеге жақындағанда шабыс екпінін баппен үдетеді. Мәреге барғанға дейінгі жолдың жағдайын жіті зерттеп, белегір-белес, жыра-жылға, тасты-өзекті жерлерден қалай өту керектігін бажайлап, аттың шабыс екпінін жолдың ұзақтығы мен қиындығына сәйкестендіреді.

 

Баланың ұйқысы қанық, жолға шығар алдында жеңіл тамақтанған, санасы сергек, ойы орнықты болуға тиіс. Məреден «шу» деп шапқанда суырылып алға шыға ма, әлде аттың басын тартып етін қыздырып барып көсілте ме, осы жайды ескеріп, білгені дұрыс. Жарыс жолына шыққанда жүйріктердің артында шаң қауып калуға болмайды, шаң-тозаң аттың өкпесіне еніп шаптырмай қоюы мүмкін, әрі қою шаңнан ештеме көрмей бағыт-бағдардан ажырау қаупі бар. Жарыс жолы орталағанда жүйріктердің де екпіні азаяды, осы сәтте шабыс ырғағын тауып өз орнын иеленгені жөн. Жолдың үштен екі бөлігінен өткен соң атқа қамшы басып, шабысын үдетіп, көмбеге таяғанда жүйрікті сарқа шаптырады. Жарыс кезінде қос қапталға алма-кезек ырғатылып, ретсіз қимыл жасамау керек, ондай жағдайда жас жүйріктер аяқ алысынан жаңылады.

 

Тізгінді аттың жалына тигізбей биік ұстайды. Қамшының бүлдіргесі қолдың білегін қиып кетпейтіндей жұмсақ болғаны абзал. Белес-белегір кезіксе атты күштемей ырқымен шаптырады. Шабандоз мінген жүйрік шабыс үстінде кұлағын бірде жымып, бірде тіктеп, шабыс ырғағы бұзылса, бұл бабы келмей түтіге бастағанын білдіреді. Бұндай жағдайда аттың басын тартып тоқтатқан дұрыс. Әйтпесе, өліп кетуі мүмкін. Шауып келе жатқанда шабандоз бала атының көзін орамал шытымен, болмаса камшыға байлаған арнайы шүберекпен ауық-ауық сүртіп отырады. Шабандоз жарыс кезінде екі аяғымен аттың өкпесін жөнсіз тепкілеп қинауға болмайды.

 

Ермен шапса шабандоз бала аяғын тіреп отырады, екіншіден, бұлай жасау аттың өзіне де жеңіл. Қамшыны дұрыс жұмсағаны жөн. Кейбір ат қамшыны сүймейді, айқайды сүйеді. Сондықтан қай жерде қамшылап, қай маңда ат басын ірку керек екенін есінде ұстағаны абзал. Топқа кіргенде сақтық танытпаса, бір-біріне тиген тұяқтар астындағы аттың тұяғын сындырып жіберуі мүмкін.

 

Шабандоздар ат үстінде қаққан қазықтай сіресіп, шалқалап отырмауға тиіс. Қайта ауаны жарып, екпінмен кетіп бара жатқан жүйрікке қолайлы болуы үшін еңкейіп алға ұмтылып отыруы керек. Астындағы атты тақымымен демеп, көмбеге таяғанда барлық күшін жұмсап шабуына ыңғай туғызуы шарт.

 

Шабандоздың ер-тұрманы қандай болуы керек?

 

Шабандоздың ер-тұрманы жеңіл, шағын әрі берік болғаны абзал. Ердің қапталы аттың арқасына дәл жабысқан, шапқанда арқасын қажамайтын ыңғайлы болуы керек. Тоқымның қалың болғаны қолайлы. Айылдың жұмсақ болғаны дұрыс. Қаттылау болған жағдайда айылдың астарын жұмсақ затпен қаптайды. Жырым аттың қолтығына жетпейтіндей қысқа, айылбас пен тiлi бекем тістескені дұрыс. Үзеңгі шабандоз баланың аяғына дәл келуі керек. Ердің көпшігі мен қысқа қалбыры баланың тақымын қажамайтындай қолайлы болғаны абзал.

 

Арқасы зор, ершік қозғалмайтын сақа жүйріктерге жалғыз төс айыл ғана тартуға болады. Жауырын һәм арқа сүйегі әлі жетілмеген жас жылқыларға ершік салғанда және жарыс жолы еңіс болса, ері мойнына кетпес үшін шап айылды қосып тартады. Жүйріктің жүгенінің шығыршық және ауыздығы күш түсірмейтіндей жұқалтым, жеңіл болғаны тиімді. Жарыс үстінде шабандоз балаға кедергі тудырмау үшін жүйрікті шылбырсыз жібереді. Қамшының өрімі жұмсақ, қысқа болғаны дұрыс. Ұзын қамшы аттың шабын осып кету қаупі бар.

 

Бәйгеден кейінгі кезең

 

Бәйгеден келіп, тоқтаған жүйрікті бақылау барысында есте болатын жайттар:

 

Демігіп шауып келген жүйріктің тыныстау жиілігі табиғи қалпына қаншалықты тез келуде, осыны білген жөн. Жүйріктің демігіп тыныстауы басылғаннан кейін қысқа қабырғасынан кейінгі шап орайының маңында болымсыз діріл бар ма, жоқ па, осыны аңғару қажет. Діріл болған жағдайда жылқының қартасына тезек байланды деп есептеледі де, оны кетірудің жолын қарастыру керек.

 

Жүйріктің тыныс алуы табиғи қалпына келгенімен жүрек соғысының жиілігі қалпына келмей кешігетін жайттар болады. Оны аңдау үшін жылқының сол жақ қапталына шығып оң қолды шоқтығына қойып, сол қолдың алақанын қолтығына жүгіртіп жүрек соғысын тыңдайсыз. Егер де жүрек соғысы жиі болса тиісті шара қолданған дұрыс.

 

Бәйгеден келген жүйрікті дем алдыру және бұлшық еттерін тыңайту үшін көп жағдайда таң асырады. Ертеңінде бой жаздырып, қинамай тер алады. Бұны «у терiн алу» дейді. Егер де жүйріктің иесі келесі тағы бір бәйгеге қосу жоспары болмаса, босатып үйірге жібереді. Бірақ, күзге салым жылы күндердің бірінде үйірден ұстап бір дүркін қан алып жіберген дұрыс. Бұл келер жылғы баптауға дайындықтың басы. Бәйгеден қатты шаршап келген жүйрікті дамылдатқаннан соң бір тегене қымызға сүр қазыны ерітіп ішкізсе жақсы.

 

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: