Атаулы әлеуметтік көмек алған 58 мың отбасы кедейлік жағдайынан шықты

5 Сәуір, 10:15 924

2023 жылы және 2024 жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған 58 445 отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік жағдайынан шығып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2023 жылы жалпы сомасы 59,4 млрд теңгеге 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам), 2024 жылдың үш айында 7,8 млрд теңгеге 58,8 мың отбасы (312 мың адам) АӘК алды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік бөліністе АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 27 мың отбасы (23,7%), Шымкент қаласында – 12,7 мың отбасы (11,2%), Алматы – 9,5 мың отбасы (8,3%), Қызылорда облыстарында – 9,4 мың отбасы (8,2%).

АӘК алушылардың ең аз саны Ұлытау – 538 отбасы (0,5%), Атырау – 1,1 мың отбасы (0,9%), Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1,6 мың отбасы (1,4%) байқалып отыр.

АӘК алушылардың құрылымында басым көпшілігі балалардың үлесіне келеді – 65,4% немесе 391,2 мың адам, жұмыс істейтін азаматтар – 15,1% немесе 90,6 мың адам; балаларды, қарттарды және мүгедектігі бар адамдарды күтетін адамдар – 12,4% немесе 74,2 мың адам; қалған 7,1%-ы азаматтардың басқа санаттарына жатады.

АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК келесілерді көздейді:

- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.

- жұмысқа орналастыру жолымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оқуға жіберу, өз ісін ашуға ынталанған отбасыларға гранттар беру және т.б.

Мысалы, Ақтөбе облысында көпбалалы отбасы мемлекеттік қолдау шаралары аясында 2023 жылдың қыркүйегінде 400 АЕК немесе 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, шағын наубайхана ашты. 

Біз күйеуім екеуміз 6 бала тәрбиелеп отырмыз, жұбайым «Қазпошта» АҚ-да жұмыс істейді.  Біз 2018-2019, сондай-ақ 2022-2023 жылдары АӘК алушы болдық. 2023 жылы қайтарымсыз грант алғаннан кейін мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Сондай-ақ, 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, – деді Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны Жанаргүл Нағиметова.

Қостанай облысының тұрғыны Кристина Рогожникова да қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. Ол отбасымен бірге 2021 жылдан 2023 жылға дейін АӘК алып келген.

Мен маникюр саласына келуді көптен бері ойластырып жүрдім, себебі өзімді дәл осы бағытта сынап көргім келді. Мансап орталығында маған кеңес берілді, содан кейін «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан өттім. Әрі қарай мен 1 млн 380 теңге көлемінде грант алып, кабинет ашып, жұмыс бастап кеттім, – деді кәсіпкер келіншек.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: