Алматы қаласында Қазақстанның әйгілі спортшыларының қатысуымен олимпиадалық сабақтар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Олимпиада ойындарының қатысушылары мен мектеп оқушылары арасындағы ашық сұхбатты Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бұл бастама спортты насихаттауға, олимпиадалық құндылықтарды ілгерілетуге және өскелең ұрпақтың ынтасын қалыптастыруға бағытталған.
Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин Алматы қаласындағы № 68 мектептің оқушыларымен кездесті. Жүздесу барысында ол өзінің спорттағы жолы, алтын медальға апарар жолдағы қиындықтарды еңсеруі және қандай жағдай болмасын, өзіне деген сенімді жоғалтпау керектігі туралы айтып берді.
Өзімнің үлкен спорттағы жолыммен бөліскеніме қуаныштымын. Балалар қызықты сұрақтар қойды. Мен оларды спортпен айналысуға, жаңа белестерді бағындыруға, қандай қиындық болса да, өз мақсаттарына жетуге шабыттандыра алдым деп үміттенемін. Болашақта осындай іс-шаралар көбірек өтіп, оған еліміздің Олимпиадаға қатысқан спортшылары шақырылып тұрса екен деймін. Осылайша біз Қазақстандағы олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлес қоса аламыз, – деді спортшы Дмитрий Баландин.
Сонымен қатар олимпиадалық сабақ № 175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясында өтті. Оған фристайл-акробатикадан Азия ойындарының қола жүлдегері, екі Олимпиадаға қатысқан Аяна Жолдас өз тәжірибесімен бөлісті. Спортшы мектеп оқушыларына спортта қалыптасатын тәртіп, мінез бен ішкі төзімділік туралы айтты. Бұл қасиеттер спорт шеңберінен тыс жерлерде де көмегін тигізетінін атап өтті.
ҰОК баспасөз қызметіндегілер мұндай сабақтар Астанада да өтетінін алға тартты. Арнайы іс-шаралар Балаларды қорғау күні мен Халықаралық Олимпиада күнін атап өту аясында ұйымдастырылуда.
Айта кетсек, бастама мақсаты – оқушыларды Олимпиада ойындарының тарихымен таныстыру, Қазақстан атынан қатысқан спортшылар туралы білімін кеңейту, жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру және мақсатқа жетудегі ұмтылысты қалыптастыру.