Елімізде мергендікті меңгерген жастар көбейіп келеді

17 Тамыз 2022, 11:23 4235

«Дәстүрлі садақ ату» спорт түрі ретінде танылды

 

Бүгін біз бес қарудың бірі саналатын садақ ату өнері туралы сөз қозғамақпыз. Нақтырақ айтқанда «Дәстүрлі садақ ату» жайында болмақ. Қазір бұл спорт түрі елімізде жап-жақсы дамып келеді. Көптеген өңірде орталықтар ашылып, садақ атуға деген жастардың қызығушылығы арта түскен.

Айта кетейік, өткен айда ғана «Дәстүрлі садақ ату» өнері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйырығымен спорт түрі ретінде ресми түрде танылды. 

Садақ ату қазақтың қанында бар өнер

 

Шыдамдылықты талап ететін бұл спорт түрін дамытып жүргендердің қатарында Қазақ­стан дәстүрлі садақ ату федера­циясының вице-президенті, садақ ату академиясының директоры, бас бапкер Диас Ахметовтың еңбегін ерекше айтуға болады. Сондай-ақ Диас Нұр-Сұлтан қаласында «Дәстүрлі садақ ату» академиясының негізін қалаушы. Академия туралы толығырақ білу мақсатында кейіпкерімізді сөзге тарттық. 

«Садақтың пайда болған кезеңі туралы көптеген тарихшылардың талқысына түсіп жүр. Садақтың пайда болуы туралы асыл дінімізбен байланысатын керемет аңызы бар. Кезінде Адам атаның еккен жемістерін екі қарға шоқып, жеп кете берген екен. Сонда Адам ата Алладан жәрдем сұрап, дұға тілейді. Сол кезде Алла Тағала періште арқылы жерге садақ және жебе жіберген делінеді аңызда. Қарап отырсақ, садақ ата-бабаларымыздың маңызды қаруының бірі болған. Осыны біле тұра, кейінгі ұрпақ біз неге жаңғыртып, жалғастырмасқа деген ой келді. Қазір біз ұмытылып бара жатқан өнерді спортқа айналдырғанымызға қуанамын», – дейді Диас Ахметов.

Ол осындай оймен 2019 жылы шілде айында алғаш рет республикалық «Дәстүрлі садақ ату» федерациясын ашқан. Ол уақыттарда Қазақстан бойынша кәсіби түрде айналысатын бар-жоғы 50-ге жуық спортшы ғана болыпты. Федерация ашылғаннан бері Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында садақ атуды үйрететін екі мектеп болған. Бүгінде қажырлы еңбек пен төккен тердің арқасында әр өңірде федерация мен садақ ату мектептері жұмыс жасап тұр. Кәсіби спортшылардың саны да мыңнан асады.

«Алғаш ашылған уақытта кішігірім залдарда жаттығып жүрдік. Қанымызда бар дүние болғандықтан қарқынды дамып, қызығушылық арта түсті. Сосын федерациядан бөлек жекелеген садақ ату орталығын ашу керек болды. Биыл мамыр айында ойымызға алған дүниені іске асырып, «Садақ ату» академиясын аштық. Қазіргі таңда орталыққа келушілердің саны көп. Қолдан келгенше, сабағымызды өткізіп, тарихын таныстырып, одан кейін теориямен таныстырып жатырмыз. Бойдағы рухты оятқаннан кейін садақты қолға беріп атқызамыз. Сол кезде нәтиже мүлдем жоғары болады»,– дейді садақ ату академиясының бас бапкері.

Оның айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты – тарихтан сыр шерту арқылы, ұлттық дүниемізді жаңғырту, таныту. Оны жастарымызға насихаттау. Осыдан үш-төрт жыл бұрын садақты зерттеп қана жүрді. Ал қазіргі кезде толық жаңғыру процесінде жүріп жатыр. Дәстүрлі садақ атумен қатар қазақтың дүниесі жаңғыруда.

Сондай-ақ бас бапкер әр жарыста спортшылар ұлттық киімде болу керек деген қатаң талап қойған.

«Үш жыл бұрын ұлттық киімде мағына болмады. Тек қана оюлы шапан, оюлы тақия немесе айыр қалпақ деген сияқты. Сол кезден тарихқа үңіліп, зерттей келе, ұлттық құндылығымызды көрсететін нағыз жауынгерлер киетін киім үлгілерін іздеп таптық деуге болады. Қазір бойда қуаныш кернейді. Шет елдерге барғанда өзіміздің ұлттық мұрамызды көрсету арқылы мақтана аламыз. «Біз қазақпыз» деп ұялмай айта аламыз. Бұның бәрі асыл мәдениетіміз бен тәрбиенің арқасы», – деді Диас Берікұлы.

Бүгінде бапкердің шәкірттері тұңғыш рет өтетін республикалық чемпионаттарға дайындалу үстінде. Осы чемпионаттан кейін Қазақстанның құрама командасы құрылмақ.

Диастың бұл спортқа деген қызығушылығы әуел бастан оянған. Кезінде өзі де ұлттық спортта біршама қызмет атқарған. Кейіннен садақ атуға шындап ден қойған.

Алғашында, өзіне жеке садақ сатып алу жағынан қиналғанын айтады. Өйткені, ол уақыттарда Қазақстанда садақ табу қиынға соққан. Атырау, Нұр-Сұлтан қалаларында садақ жасайтын шеберлер болған мен бағалары қолжетімсіз әрі жасау мерзімі тым ұзақ уақыт алатын.

«Қазіргі таңда қосымша садақ ату өнерімен бірге  «Бес қару» деген дүкен ашылды. Осында Түркия елінен сапалы садақтар әкелінеді. Бұрын шетелден садақ алдыру үшін үш-төрт ай күтуге тура келетін. Ал қазір дүкеннен сатып ауға болады. Түріктер тарапынан садақ жасап береу туралы ұсыныс түсті. Сондықтан музейден қазақ садағының толық нұсқасын алып, түрік ағайындарға жібердік. Ең үздік ұста қазақ садағын алғаш рет жасап берді. Қазіргі таңда «Бес қаруда» қазақ садақтарының түрлері көп. Оны жұртшылыққа ұялмай-ақ, көрсете аламыз. Қазақстандағы өз ұсталарымызда хабарласып, садақтың ағашын, құралдарын сұрай бастады. Қазір біраз ұсталар өзінің садақтарын жасап шығарып жатыр. Садақ ату өнерінің арқасында өз елімізде де ұсталық, зергерлік, ұлттық киім сияқты мұраларымыз жаңғырып жатыр», – дейді.

Академияға спортшылар 6-7 жастан бастап қабылданады. Күнделікті үзбей үйреніп жүрген 100 қатысушының 70-ке жуығы қыздар екен.

Ал ең үлкен үйренушінің жасы 63 жастағы қария. Болашақта орталық басшысы садақ ату кітабын құрастырып шығаруға ниетті. Онда садақтың тарихы мен методологиясы толығымен қамтылатын болады. Қазір күні-түні тынбай дайындық жүріп жатыр. Себебі, алдыда көптеген жарыстар күтіп тұр.

 

Маңғыстау облысы бойынша 400-ге жуық садақшы бар

Басында айтып өткеніміздей, садақ атуды үйренем деген спортшылардың қатары көп. Әр өңірде ашылып жатқан орталықтар да баршылық. Солардың бірі Маңғыстау облысында құрылған орталық. Орталықтың негізін салушы «Дәстүрлі садақ ату және жамбы ату» ҚБ федерациясының президенті Сәнім Ізбасарқызын да сөзге тарттық. 

«Дәстүрлі садақ ату» орталығы Маңғыстауда 2019 жылы құрылған. Орталық басшысы Сәнім Ізбасарқызы басында хобби ретінде шұғылданғанын кейін сұраныстың көптігіне байланысты және жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы артқасын орталық ашуға тура келгенін айтады. Ұлттық спортты дамытуды мақсат тұтқан мерген Сәнім орталыққа 6 жастан бастап бүлдіршіндерді қабылдайды. Ал ересектерге шектеу жоқ. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша 400-ге жуық садақшы бар.

Басты мақсат – ұлттық спортты соның ішінде садақ атуды дәріптеу. Садақты түрік еліндегі ұсталарға арнайы жасатады.

«Құрылымына келетін болсақ, (адырна, басы, белі, иіні, тобыршақ, кірісі) жалпы садақ емес негізі «жай» деген дұрыс аталуы, яғни жай, жебесі қорамсасы, қабы, барлық жиынтығын садақ деп атайды», - деді мерген.

   

 

Садақ ату адамның жас ерекшелігіне қарамайды. Бастысы ынта мен жігер болса болғаны. Алға қойған мақсат пен жоспарда көп екендігі айтылды. Қазан айында тұңғыш рет Жаңаөзен қаласында садақ атудан Қазақстан чемпионаты өтпек. Жарысқа дайындық басталып та кеткен.

Орталық ашылғаннан бері мергендерді қайсарлыққа, ұлттық рухын оятуға атсалып жүрген басшының шәкірттері көптеген жарыстарда топ жарып жүр. Мәселен, Қазақстан Республикасы бойынша жасөспірімдер алдыңғы үздіктер қатарында. ҚР спорт шебері және спорт шеберіне үміткер дәрежелерін алған шәкірттері де бар.

Нысанаға дәл тигізу үшін мергендік керек

Сәнім Ізбасарқызының шәкірті Жазира Жолдасбаеваның дәстүрлі садақ атумен айналысып жүргеніне 2 жылдан асқан.

«Ең алғашында әлеуметтік желіден осы дәстүрлі садақ ату спорт үйірмесі ашылғанын көріп қатты қуандым. Алғашында өте қызық болып көрінді. Содан бірден бірден үйірмеге жазылдым», – дейді орталыққа алғаш келгенін еске алған Жазира.

Мерген шәкірттің содан бері жеткен жетістіктері әжептеуір. Дәстүрлі садақ атудан Маңғыстау облысы бойынша өткен жарыста алғашқы орынды алған. Жаңаөзен қаласы бойынша 1 орын. ҚР чемпионатында «Жамбы ату» Қазақ стилі сайысында 2 орынды иеленді.

«Дәстүрлі садақ ату орталығы басында ипподромда болатын. Сол жердегі аттарға садақ атып болған соң мініп жүрдік. Кейін аттың үстінде садақ атуды үйренгім келіп, өзіме мақсат қойдым. Атқа отыра салып, бірден садақ атып кетпедім. Ең алдымен өзімнің атқа деген қорқынышымды жеңіп, аттың үстінде еркін отыруды меңгердім. Одан кейін шауып үйрене бастадым. Атқа әбден үйренгеннен кейін ат үстінде садақ атуға дайындалдым. Басында қорқыныш болды. Садақ атып жатып, атқа алаңдап кете беретінмін. Жамбы ату кезінде атты ойламай, тек нысанаға дәл тигізуді ойлау керек. Жамбы ату спорты өте қиын спорт түрі. Бұл жерде шауып келе жатқан аттың үстінде отырып, нысанаға дәл тигізу үшін мергендік керек.

Дәстүрлі садақ ату спорты 6 жастан бастап кез келген жастағы адамдарға арналған, сондай-ақ жынысқа бөлінбейтін спорт түрі. Артымнан еріп келе жатқан болашақ ұрпаққа осы дәстүрлі садақ ату мен жамбы ату спортымен айналысуға кеңес беремін. Ат үстінде жүрген адамның барлық дене бұлшық еттері жұмыс жасайды. Денсаулыққа өте пайдалы. Садақ ату арқылы көз көру мүшесі жақсарады, адам алдына қойған мақсатына жетуге ұмтылуға үйренеді. Бір жағынан садақ ату – сүннет», – дейді садақ атудың қыр-сырын меңгерген шәкірт Жазира Маратқызы.

Ұрпақ – ұлттық спортпен шыңдалады


Қыз бола тұра ат жетектеп, садақ асынып жүрген жаны нәзік, рухы мықты келесі кейіпкеріміз – Меруерт Есенова. Бүгінде Меруерттің Алматы қаласында 2021 жылы өзінің бастамасымен құрылған «Ұлықорған» деп аталатын орталығы бар.

Бұл орталықтың негізгі бағыты – ұлттық құндылық пен ұлттық ойындарды дамыту, іштегі тектілікті, рұхты ояту. Сонымен бірге садақ ату, атқа міну, жамбы ату, ұлттық киімдерді жаңғырту. Ұлттық спорттың жанашыр қызын сөзге тарттық.

«Өзім халықаралық спорт шебері болғандықтан, спорт, құндылық, рухани дүниелерге жақынмын. Спорттан бөлек арасында тіл сферасынан сабақ беремін. Атқа деген қызығушылығым аз алдына. Ат үстінде шауып, оң, солға түрлі әдістерді жасаймын», – деді қайсар қыз.

Орталыққа келетіндердің жас шамасы шектеусіз. Айлап қатысатындар да бар. Меруерттің алдағы жоспары өзге қалаларда да орталықтың филиалдарын ашу. Бүгінде Алматы және Орал қаласында жұмыс жасап жатқан филиалдары бар.

«Басты мақсат – қазақ елінде ұлттық құндылықтарды көтеру. Ұмытылған дәстүрді жаңғырту. Бабамыздан аманат етілген құндылықты әр қазақтың бойына сіңіру. Сонда ғана азаматтарымыздың болашағы жарқын болмақ», – деді Меруерт. 

 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: