Ата-анасыз балаларға қамқорлық ауадай қажет – тәрбиеші-ана

11 Қыркүйек 2022, 10:31 5337

Қазіргі таңда көбісінің баспанасы мен өз отбасы бар.

Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы күні аталып өтеді. Биыл бұл күн 11 қыркүйекке тұспа тұс келіп тұр. Осындай атаулы күні отбасылық құңдылықтарды дәріптеп жүрген жандармен танысып қайттық.

Қазақстанда 1990 жылдардың басында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұзақ мерзімді отбасылық қамқорлық жасайтын жобасы іске асырылды. Ең алдымен Алматыда өз жұмысын бастап, кейін Нұр-Сұлтан және Теміртау қалаларында да балалар ауылы ашылды. Осындай үлкен бастаманың басы қасында жүрген жандардың бірі – Жанар Рахимбаева.

Жанар осыдан 22 жыл бұрын панасыз қалған балаларға қамқоршы ана болу үшін Алматыдан елордаға қоңыс аударған. 33 жылдан бері тәрбиеші саласында келеді.

«1998-99 жылдары елордада ашылатын балалар ауылына қабылданатын тәрбиеші-аналар үшін конкурс жарияланды. Бұл туралы мен өзімнің құрбымнан естіп білдім. Құрбым маған білікті маман ретінде ұсыныс тастап, балалар ауылының жұмысы туралы айтты. Өзім 10 жыл бойы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істегем. Негізінде оған дейін елімізде бұндай балалар ауылы бар екенін білген жоқпын. Біраз ойландым. Бастапқыда аздаған қорқыныш болды. Себебі, балабақшадағы тәрбиешілер сияқты белгілі бір уақытта ғана қасында отырмай, бір отбасы болып, ананың қызметін атқару оңай шаруа емес. Ақыры ойлана келе өзімді осы бағытта сыңап көргім келді», - дейді Жанар.


Жанар балалар ауылында 2000 жылы алғаш есігін ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында 18 балаға ана болып, 6 немере сүйген. Қазіргі таңда 6 баланың тәрбиеші-анасы. Кеңжесі 3 сыныпта оқиды. Ал ең үлкені 10 сынып оқушысы. Балалар ауылында Жанар секілді мамандарды тәрбиеші-ана деп атайды екен.

«Елордаға келгенде №1 мамандандарылған балалар үйінде 10 күндік практикада жүрдім. Ол жақта 4 жасқа дейінгі сәбилер ғана болды. Бір күн түнгі ауысымда, бір күн күндізгі ауысымда жұмыс істедім. Кішкентай сәбилер ұйықтағанда саусағын сорып, анасының ақ сүтін іздеп жылап жататынын көргенде еріксіз қамқорлық танытып, ана болғым келді. Сөйтіп жүріп 1, 2 және 3 жасар сәбилерді алып, балалар ауылына келдім. Ол кезде менің жасым 28-де еді. Тәрбиеші-аналардың ішіндегі ең жас ана болдым. Қазіргі таңда сол балаларым 24, 25 және 26 жасқа келді. Кейін ауылға жаңадан келген балаларды да бауырыма бастым», - дейді ол.


Балалар ауылының ережесіне сай балалар 18 жасқа дейін ғана тұра алады. Кейін студенттерге арналған жастар үйіне көшеді екен. Қазіргі таңда Жанардың екі студент баласы жастар үйінде тұрып жатыр. Ауылдан балалар 18-ге толып кете бастаған соң, елімізде студенттерге арналған көптеген жастар үйі ашылған. Балалар ауылы мен жастар үйі тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді екен. Айтуынша, балаларының ауызбіршіліктері өте жақсы. Әрқайсысы білім алып, өмірде өз жолдарын табуға талпынып жүреді. Биыл Индира есімді қызы Түркияға келісім шартпен 6 айға барып оқып келгенін айтады.


Жанардың көпбалалы ана деген ордені болмағанымен өзін көп бала тәрбиелеп отырған батыр ана қатарына жатқызады. Өзі көбалалы отбасында дүниеге келген. 8 баланың 6-шысы болған екен. 2010 жылы көпке үлгілі тәрбиеші-ана маманы болғаны үшін және ұйымның 10 жылдық қызметі қарсаңында елбасының атынан алтын жүзікті сыйға алған. 2016 жылы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында медальмен де марапатталған.

«Менің марапаттарым, балаларымның несібесі деп білемін. Балаларыма берген тәрбиемнің жемісі. Әрдайым балаларыма қамқор болып, садақа беруді үйретемін. Біреуге жақсылық жасасаң, сол өзіне еселеп қайтатынын естен шығармаған жөн», - дейді Жанар.

Бала тәрбиесіне келгенде жұмсақпын дейді. Өзі психолог болғандықтан баламен бала тілінде сөйлесу керектігін айтады.

«Балаларға барынша жақын болуға тырысамын. Мектепте ата-аналар жиналысынан қалмай, ата-ана комитетінің де мүшесі болғанмын. Әрдайым балаларға кеңес беріп, көмектесіп жүремін. Бірге үй жұмыстарын орындаймыз. Өзім психолог болған соң баланың тілін жақсы білемін. Бала 7-8 сыныпта оқып жүргеннен бастап мінез-құлқы құбылмалы болады. Ол кезде балалармен жұмыс істеу қиындай түседі. Осы сәтте айқайға салмай, баламен байыппен, асықпай, түсінісіп сөйлесу керек», - дейді ол.

Баларымен бірге басынан өткізген қызықты сәттерін де күліп еске алды.

«Қыстың кезі еді... Бір күні баламды шанаға отырғызып, балабақшаға апара жаттым. Қардың қалыңдығынан әрең жүріп келе жатқан едім. Бір уақытта артыма қарасам, шанада ешкім жоқ. Сөйтсем, үйден шыға берісте балам шанадан аударылып құлап қалыпты. Жүгіріп үйге келсем, қардың үстінде жыламай әлі жатыр екен. Ол кезде 2 жасқа толмаған кезі еді», - деп осы сәтті Жанар үлкен толғаныспен еске алды.


Демалыс уақыттарында балалармен бірге курорттық жерлерге барып, табиғатта демалады екен. Көптеген тренингтерге бірге қатысады. Барлығы бірге спортпен айналысуға тырысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Жанар бос уақытында ән салатынын да айтты.

«Балаларыма үлгілі ана болу үшін жан-жақты болуға тырысамын. Болашақта 33 жылдық тәжірибесі бар маман ретінде жас тәрбиешілерге және аналарға арнап кітап жазу жоспарымда бар. Бәлкім менің өмір жолым біреуге ой салар, өз пайдасын тигізер деп ойлаймын», - деді ол.

Қазіргі таңда елордадағы балалар ауылында 16 үйде 80-ге жуық бала тұрып жатыр. Әр тәрбиеші-ана 6-7 балаға дейін қамқорлығына ала алады. Бұл ауылда тек қана аналар емес, әкелер және ерлі-зайыптылар да бар. Олар толық отбасы болып саналады. Солардың бірі – Елена Романцова мен Игорь Александрович.

Ерлі-зайыптылардың балалар ауылына көшіп келгеніне 3 жыл болды. Қазіргі таңда олар ауылдағы көп ұлтты отбасы болып саналады. Олардың 5 баласы бар. Екі орыс, бір әзірбайжан және татар.


Еленаның бірінші мамандығы педагог, екіншісі заңгер. Көптеген жылдар бойы фрилансер маманы болып жұмыс істеген. Уақыт өте келе өзінің алғашқы қызметіне қайта оралып, тәрбиеші-ана болуды шешкен.

«Көптеген жылдар бойы әкімдікте жұмыс істедім. Балалар ауылына шақырту алған соң, ұстаздық жолымда өзімді жаңа бағытта сынап көру керек деп шештім. Жолдасымның жеке жұмысы бар. Ал, мен балалармен бірге үйде отырамын. Үлкені 15 жаста, кеңже балам 8-ге толады. Балалар көзін ашқалы мейірімділікті, қамқорлықты және махаббатты көріп өспегендіктен бар уақытымды балалармен бірге өткізгім келеді», - дейді ол.


Елена мен Игорьдың өздерінің 22 жастағы қызы мен 32 жастағы ұлы бар. Қазіргі таңда 4 жасар немеренің ата-әжесі.

Елена балалармен бірге қолөнер бұйымдарын жасағанды ұнатады. 8 жасар қызы сурет өнеріне жақын. Оның айтуынша, балалары мектепте өте белсенді. Түрлі үйірмелерге қатысып, қалаған дүниесімен айналысады.


«Қыздарым бисермен қолөнер бұйымдарын жасайды. Мектепте үйреніп, түрлі әшекейлерді жасап, маған сыйлап жүреді. Кеңже ұлым спортқа өте жақын. Футболмен айналысады және басқа да спорт түріне деген қызығушылығы артып келеді», - дейді Елена.

Балалар ауылында балалардың барлығы бір-бірін таниды және жақын араласады. Бірге аула тазалайды және серуендеуге шығады.

«SOS балалар ауылында» тәрбиеші-аналарға қызметі үшін ай сайынғы жалақы қарастырылған. Сондай-ақ балалар ауылының түлектеріне үкімет арнайы кезек бойынша пәтер беріп келеді. Қазіргі таңда көбісінің баспанасы мен өз отбасы бар.



Суреттер кейіпкерлеріміздің жеке мұрағатынан

Миражан Махан
Бөлісу: