08.12.2025
10:40
776
Ата-ананы асырау баланың міндеті ме?

Ата-ананы асырау баланың міндеті ме?

Қазақ қоғамында «бала ата-анасын асырауы тиіс» деген дәстүрлі түсінік бар. Қазір әлеуметтік желіде жастар мен үлкендер арасында «бала ата-ананы асырауға міндетті ме, ал ата-ана баланың мойнына осындай жүк артқаны дұрыс па?» деген сауал қызу талқыға түсті. Дегенмен мамандардың пікірінше, бұл – тек міндет емес, алдымен құндылық, қамқорлық пен мейірім мәселесі.

Отбасылық және балалар психологы, психологиялық кітаптар авторы Анар Есеннің айтуынша, «ата-ананы асырау» деген түсінік тек материалдық жүктемені білдірмейді. Оның астарында қамқорлық, мейірім, қартайған шақта күш-қуаты азайған ата-анаға қолдау көрсету секілді адами құндылықтар жатыр.

Психолог маман бұл мәселеге қандай көзқараспен қарау керегін өте маңызды екенін айтады.

Егер ата-анаға қолдау көрсету сізге «ауыр жүк» немесе «қолбайлау» болып көрінсе, онда бұл – проблема. Ал егер оларды өміріңіздегі қадірлі адамдар деп қабылдасаңыз, қиындықтары болса да, ол сіздің өміріңізге мән сыйлайтын қарым-қатынасқа айналады, – дейді.

Психологтың пікірінше, «балалар ата-ананы асырауға міндетті ме?» деген сұрақты моралдық құндылықтар тұрғысынан қоюдың өзі даулы. Қазақ қоғамында ата-ана мен бала арасындағы байланыс ғасырлар бойы ерекше маңызға ие болған, ұрпақ сабақтастығы – ұлттық менталитеттің негізгі тіректерінің бірі.

Анар Есен бұл мәселені міндет ретінде емес, борыш, құндылық, әлеуметтік қатынас деңгейінде қарастырған дұрыс деп санайды.

Міндет пе, емес пе деп талқылай берсек, бітпейтін дауға тірелеміз. Біз қоғамда өмір сүретіндіктен, әлеуметтік нормалар мен қағидалардың орны бар. Борыш – әлеуметтік құрылымның бір бөлігі, сондықтан бұл жол бізде норма саналады, – деді ол.

Дегенмен психолог бір маңызды жайтты ерекше атап өтті.

Егер отбасындағы қарым-қатынас сау емес болса, шекаралар бұзылып, құндылықтар сақталмаса, отбасы мүшелері арасында масылдық мінез-құлық қалыптасса, онда жағдай мүлде бөлек, – дейді маман.

Психологтың айтуынша, кәмелет жасына жетпеген балаға «ертең бізді асырайсың» деп міндет арту – артық моральдық әрі психологиялық жүк. Өйткені мұндай жастағы баланың ақыл-есі толыспаған, өмірді енді ғана танып, оң мен солын ажырата бастаған кезеңі. Ол өзіне де, өзгеге де заңды немесе эмоционалдық жауапкершілік ала алмайды.

Кәмелет жасына жетпеген баланы міндеттеу – зиян

Анар Есен бұл сөздің астарындағы мағынаны бала ешқашан терең ұғына алмайтынын жеткізді.

Кішкентай бала «асырайсың» дегеннің шынайы мәнін түсінбейді. Сондықтан оған мұндай міндет артудың қажеті жоқ. Қамқорлық пен сыйластықты отбасындағы үлкендердің өзара қарым-қатынасынан көріп өскені әлдеқайда дұрыс, – дейді.

Сондай-ақ сау қарым-қатынас орнаған отбасында бала үлкендердің бір-біріне деген құрметін, қарттарға көрсететін қамқорлығын табиғи түрде қабылдайды. Бұл – отбасылық сценарий ретінде сіңетін тәрбие. Сол себепті «не ексең, соны орасың» деген сөздің мәні дәл осы жерде айқындалады.

Ал керісінше, «ертең бізді міндетті түрде асырайсың» деген талап баланың тұлғалық қалыптасуына кері әсер етуі мүмкін.

Мұндай қысым:

  • өзінің мүмкіндіктерін шектеуге,
  • жеке таңдауынан бас тартуға,
  • болашағына қатысты орынсыз құрбандыққа баруға,
  • өзгелер үшін шамадан тыс жауапкершілік алуға,
  • басқа адамдардың өміріне шешім қабылдауға тырысатын мінез қалыптастыруы ықтимал.

Бұл процесс ақырында ішкі қайшылықтарға, өкпе-ренішке, өзгені кінәлауға, сәтсіздіктерді сыртқы ортадан іздеуге әкелуі мүмкін. Екі тарап арасында түсінбестік көбейіп, отбасылық қарым-қатынасқа салмақ түседі.

Отбасылық және балалар психологының айтуынша, қазақ ұғымында «ата-ананы бағу» деген түсінік тікелей міндет ретінде ешқашан қойылмаған. Керісінше, ата-анаға қамқорлық, үлкен буынға құрмет көрсету, жалпы айналаға мейіріммен қарап, жақындарға ғана емес, жетім-жесірге де қолдау көрсетуді қалыпты құндылық ретінде қабылдаған.

Бұл көзқарас психологиядағы қағидаттармен де үндес. Өйткені психологтар да сау қарым-қатынас пен моральдық құндылықтардың сақталуын бірінші орынға қояды. Анар Есеннің сөзінше, қандай да бір шешім қабылдау – әр адамның жеке таңдауы.

Психологияда да басты қағида адамның өз еркі, жеке шекарасы және өз жауапкершілігі болады. Қамқорлық та, көмектесу де – еріксіз жүктелген міндет емес, ішкі құндылықтардан туындайтын әрекет, – дейді маман.

Сарапшы баланың тұлғалық моделі тек ата-анадан ғана емес, оның ортасынан, яғни құрбы-құрдасы, мектеп, қоғаммен өзара әрекеттесу барысында да қалыптасатынын жеткізді. Дегенмен ең үлкен рөлді әрқашан отбасындағы ата-анамен қарым-қатынас атқарады.

жеке мұрағат 

Егер отбасындағы ересектер қаржылай да, эмоционалды да сауатты болса, бала осы мінез-құлықты қалыпты сценарий ретінде қабылдайды.

Бала үшін ата-ананың іс-әрекеті – ең мықты үлгі. Үлкендер жауапкершілік, сабыр, сыйластық танытса, бала да сол моделді бойына сіңіреді, – деді.

Маманның айтуынша, кез келген мінез-құлық моделі арнайы «үйрету» арқылы емес, көбіне күнделікті өмірде байқалатын әрекет арқылы қалыптасады. Ол бірнеше жолмен беріледі:

  • үйрету
  • көрсету
  • үнсіз үлгі болу
  • отбасында талқылау
  • дәстүрлер мен әдеттерді ұстану арқылы.

Яғни, балаға құндылық сіңірудің ең тиімді жолы – ата-ананың өз тәжірибесімен, іс-әрекетімен үлгі көрсетуі. 

Еңбекке баулу дұрыс, бірақ шектен тыс емес

Психологтың айтуынша, баланы еңбекке баулу – дұрыс әрі пайдалы тәрбие. Алайда «еңбекке баулу» әр адамның түсінігінде әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан ең алдымен осы ұғымның мазмұнына мән беру қажет. Кейбір ересектер баланың шамасына сай келмейтін міндеттер артып, оны артық жүктемеге түсіруі мүмкін.

Бала үшін оқу, білім алу, түрлі дағдыларды меңгеру – бұл да еңбек. Сондықтан ең алдымен баланың негізгі міндеті оқу, даму, өз қажеттіліктерін өтеу екенін ескеру маңызды. Отбасында баланың жасына сай өзіне-өзі қызмет көрсете алуы, үй шаруасына шамасына қарай көмектесуі дұрыс, – деп санайды.

Бірақ психолог ересектердің әлеуметтік немесе қаржылық мәселелерін балаға жүктеу мүлдем орынсыз екенін айтады.

Балалар ересектердің қаржылық проблемаларын шеше алмайды. Бұл – олардың емес, үлкендердің жауапкершілігі, – деді.

Психолог еңбекке баулудың дұрыс жолын да атап өтті, бұл – белгілі бір дағдыны үйрету, үлгі көрсету, тәжірибе арқылы дамыту. Ал ерекше жағдайларда ата-анасынан ерте айырылу, мүгедектік, күрделі әлеуметтік жағдайларға тап болу, бала еріксіз ерте еңбекке араласып, үлкендердің рөлін атқаруға мәжбүр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда арнайы органдардың көмегіне жүгіну қажеттілігі барын айтты.

Сонымен қатар баланың өз еркімен кәсіпке қызығуы немесе белгілі бір дағдыны үйренуі баланың құқығын шектемейтін, оның оқуына, дамуына кедергі болмайтын жағдайда ғана жүзеге асуы керек. Мұнда ата-ананың бақылауы мен қолдауы маңызды рөл атқарады.

Психолог бұл жерде басты қағида бала еңбегінің шегі болатынын атап өтті. Яғни, бұл заңмен де, тұлғалық даму нормаларымен де нақты белгіленген. Анар Есен «Ел не дейді?», «Қоғам қалай қабылдайды?» деген түсініктің екі түрлі қырын ажырату қажет екенін айтады.

Бірінші қыры – «басқалар не ойлайды?» деген шектеулі түсінік. Бұл адам өз қажеттіліктерін айқындай алмайтын, жеке құндылықтарының басымдығын қоя білмейтін тұлғаларға тән мінез-құлық. Мұндай көзқарас тек ата-анаға қатысты емес, өмірдің барлық саласында шешім қабылдауда да, қарым-қатынаста да, жеке даму жолында да көрініс беретінін атап өтті. Ал екінші қыры – «қоғам не дейді?» деген сауалдың әлеуметтік норма мен моральдық құндылықтар шеңберіндегі табиғи түсінігі. Бұл – қоғамдағы тәртіп, мәдениет, қалыптасқан ережелерді ескеру», – деді.

Психолог маман мұны былай түсіндіреді:

Ойы еркін, қарым-қатынасы сау, өз мақсаты мен құндылықтарының басымдығын дұрыс қоя алатын адам ата-анамен де, өзге адамдармен де мәселені қиындатпайды. Ондай тұлға кез келген жағдайда ортақ мәміле таба алады, – дейді.

Сондай-ақ жалған ұятқа немесе «ата-анам алдындағы міндетім» деген түсінікті өз әлсіздігін жауып, жауапкершіліктен қашуға пайдалану мүлде басқа мәселе екенін атап өтті. Мұндай әрекеттер көбіне инфантильді, яғни ересек болып көрінсе де, эмоционалды және психологиялық жағынан толық жетілмеген адамдарға тән.

Сарапшының пікірінше, отбасында өзара қолдау, құндылықтарды құрметтеу, сау қарым-қатынас пен бір-бірін тыңдау мәдениеті қалыптасқан болса, балалар ересек болғанда ата-ана мен ұрпақ арасындағы үлкен мәселелер туындамайды. Бастысы – ата-ана да, бала да өз ойын, сезімін, пікірін ашық айта алуы керек.

Анар Есен отбасылық қатынастағы ең маңызды ұғымдардың бірі бөліну екенін атап өтті. Бөліну тек физикалық тұрғыда бөлек тұру емес, ең алдымен эмоционалды жағынан сау ажырауды білдіреді.

Эмоционалды бөліну қалыптасқан отбасы мүшелері мұқтаждықты да, көмекті де ашық талқылай алады. Осындай жағдайда ортақ шешімге келу әлдеқайда жеңіл, – деді.

Психолог әр отбасының нормасы, құндылықтары, ішкі ережелері, материалдық және әлеуметтік жағдайы әртүрлі екенін де ескеруге шақырады.

Маманның айтуынша, баланың ата-ананы құрметтеп, бағуына ықпал ететін ең негізгі фактор – отбасындағы дені сау қарым-қатынас. Мұндай қатынас ерте жастан қалыптаса бастайды. Бұған дейін айтылғандай, сау отбасылық байланыстар – дұрыс ұстанымдар, оң мінез-құлық үлгілері, тиімді коммуникация және эмоционалдық сауаттылыққа негізделеді.

Ата-аналар ерлі-зайыпты, ата-ана ретінде де өзара сыйластық танытып, дұрыс қарым-қатынас үлгісін көрсетсе, бұл балалар үшін табиғи құндылыққа айналады. Балалар мұндай ортаны күнделікті сценарий ретінде сіңіріп өседі.

Егер әр отбасы мүшесі өз сезімі мен эмоциясын ашық айта алса, бір-бірінің шекарасын сыйласа, тыңдай білсе – бұл тек баланы ғана емес, өзара қатынасты да сау етеді, – дейді.

Психолог отбасының бірге уақыт өткізуінің отбасылық кештердің, дәстүрлердің, ортақ мақсаттардың ерекше рөлін атап өтті. Бұл элементтер отбасындағы жақындықты нығайтып қана қоймай, балаларға өз ортасын қауіпсіз әрі сенімді орта ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Осындай атмосферада өскен бала ата-ананы құрметтеу мен бағалауды міндет ретінде емес, ішкі құндылық, табиғи қажеттілік ретінде бойына сіңіреді.

Маманның айтуынша, отбасындағы рөлдер мен жауапкершіліктердің бөлінуінде ең алдымен тұлғалық қарым-қатынас пен ортақ құндылықтардың маңызы зор. Бұрынғы түсініктерге, ескірген көзқарастарға сүйеніп, «осылай болуы керек» деген гендерлік стереотиптерді қайталау көбіне отбасының дамуына кедергі келтіріп, ішкі үйлесімділікке зиян тигізуі мүмкін.

Отбасы – тірі, дамитын жүйе. Сондықтан ерлі-зайыптылар ортақ отбасылық мақсаттардан бөлек, әрқайсының жеке арманы, жоспары, қалауы да ескерілуі тиіс. Мұның барлығы ашық талқылауды, келісуді, ортақ шешім шығаруды талап етеді, – деді.

Анар Есен бұл туралы былай дейді:

Әр отбасы – жеке әлем. Сырттан біреудің ереже қоюы қисынсыз. Отбасы мүшелері рөлдер мен жауапкершіліктерді өзара талқылап, келісіп бекіте алады. Ең бастысы – бұл сау қарым-қатынасқа негізделуі керек, – деді.

Ата-ана мен баланың болашақтағы қатынасында қиындық болмас үшін, балаға ерте жастан:

  • өмірлік маңызды дағдыларды,
  • ішкі еркіндік пен жеке жауапкершілікті,
  • өз қажеттіліктерін өтеу қабілетін,
  • сау коммуникацияны
  • үйрету ерекше маңызды.

Қарапайым деңгейде бұл – әр отбасы мүшесінің үй ішіндегі жұмыстарды әділ бөлісуі, өзіне жүктелген міндетті орындауы, қиын сәтте бір-бірін қолдай білуі, пікір мен мүддені ескеру жатады.

Психологтың айтуынша, мұндай құндылықтар орныққан отбасында:

  • ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушіліктер,
  • ене мен келін арасындағы кикілжіңдер,
  • ұрпақтар арасындағы шиеленістер
  • айтарлықтай аз болар еді.

Бала ешкімге қарыз болып дүниеге келмейді

Ал психолог Ақгүл Төлеуханқызының айтуынша, «баланың ата-анасына қарыз болуы керек» деген түсінік – қоғамдағы ең жаралы әрі қате сұрақтардың бірі.

Маман бала ешкімге, тіпті ата-анасына да қарыз болып туылмайтынын айтады. Өйткені әрбір нәресте дүниеге келген сәтте оның бойында Құдай берген табиғи тазалық, мейірім мен жан жылуы болады. Бұл қасиеттер дұрыс қолдау, сүйіспеншілік пен түсіністік арқылы ғана ашылады. Осындай ортада өскен балада ата-анасына жанашырлық, қамқорлық, риясыз көмектесу ниеті өздігінен қалыптасады.

Алайда психологтың айтуынша, кейде ата-ананың бала тәрбиесіндегі қателіктері, өмірлік қиындықтары осы табиғи тазалықтың бұзылуына әкеледі. Сол себепті баланы «қарыздарсың» деп тәрбиелеу түбегейлі қате.

Қарыз сезімі тек өз еркіңмен біреуден көмек сұрағанда ғана туындайды. Егер ештеңе сұрамаған адам сіз үшін өз еркімен бірдеңе жасаса, кейін оны міндет қылып, «мен саған қарызбын» деу дұрыс емес, – дейді ол.

Егер адам осындай сөзге сеніп қалса, оның өз өмірінің тізгіні өз қолынан шығып кеткені деп отыр.

Жанашырлық – міндет арқылы қалыптаспайды

Психолог маманның пікірінше, баланың жанашыр болуы 3 жастан бастап қалыптаса бастайды. Бұл кезеңде ол «тек өзім» деген ойдан шығып, айналасындағыларды да сезіне алады. Досын қорғау, мысыққа су беру, кішіге қамқор болу, үлкенді сыйлау сияқты қасиеттер 5-6 жасқа қарай күшейе түседі.

жеке мұрағат 

Баланың ата-анасына мейірімді болуы – ата-ананың өзіне байланысты. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Егер бала отбасында жылулық, қолдау, ризашылық атмосферасын көрсе, ол да ер жеткен соң айналасына сол жылуды таратады, – дейді маман.

Ал керісінше, бала әр ісі үшін тек марапат күтетін тәрбие алып өссе, ол кез келген әрекетті «маған пайдасы бар ма?» деген өлшеммен бағалай бастайды. Сондықтан психолог ата-аналарға кішкентай нәрсенің өзіне ризашылық білдіру, бата беру, жылы сөз айту баланың ішкі ынтасын, табиғи мейірімін күшейтетін маңызды амал екенін айтады.

Бала бұл дүниеге келуді сізден сұраған жоқ

Ақгүл Төлеуханқызы маңызды бір мысалды алға тартады:

Егер есігіңіздің алдына біреу сәби тастап кетсе, сіз оны тағдырға табыстамайсыз. Себебі ол өздігінен өмір сүре алмайды. Бұл – адамдық борыш. Бірақ сол баланы өсіріп алған соң «мен сені асырадым, маған қарызсың» деу адамдықтың өлшеміне сыймайды. Дәл сол сияқты, өз қалауымызбен дүниеге әкелген баламызға бұл сөзді айту да жараспайды, – дейді психолог.

Оның сөзінше, «мен сені өсірдім, баптадым, сондықтан маған қарызсың» деу – ата-ананың өз әрекетін міндетке айналдыруы.

Егер адам біреуге жақсылық жасаса, оған айтылатын жалғыз сөз бар: «Жасамасаңыз да болар еді». Өйткені шынайы махаббат талаппен емес, адамның жүрегінен өздігінен өсіп шығатын гүл секілді, – дейді психолог.

Мейірім – қарыздың емес, жүректің ісі

Психологтың айтуынша, бала ата-анасын қарыз сезімімен емес, жүрегінің түбінде бала кезден егілген мейірімнің күшімен ерекше құрметтейді.

Нағыз жанашырлық ішкі еркіндіктен туады. Егер бала кезінде жылу көрсе, есейгенде ата-анасына қамқор болуы оның міндеті емес, жүрегінің қалауы, – дейді ол.

Маман сондай-ақ бұрынғы қазақы тәрбиені мысалға келтірді. Қонақ келгенде балалар су құюға жарысатын. Өйткені қонақ оларға бата беріп, алғысын айтатын.

Баланың ынтасын оятатын – жылы сөз, ал міндеттеу керісінше, қырсық мінез қалыптастырады, – дейді психолог Ақгүл Төлеуханқызы.

Қорытындылай келгенде, бала ата-ананы асырауға заңды немесе моральдық тұрғыдан міндетті емес. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі «құрмет пен қамқорлық» түсінігі – міндет емес, жүректің, ішкі құндылықтың, тәрбиенің нәтижесі.

Психологтар Анар Есен мен Ақгүл Төлеуханқызының айтуынша, балаға ерте жастан мейірімділік, өзіне жауапкершілік, сау қарым-қатынас пен өмірлік дағдыларды үйрету маңызды, бірақ оған ата-ананың қаржылық немесе әлеуметтік міндетін арттыру дұрыс емес.

Отбасындағы рөлдер мен жауапкершіліктер ашық талқыланып, әр мүшенің сезімін сыйлау, бір-біріне қолдау көрсету балалардың болашақта да ата-анаға қамқорлықты жүректен сезінуіне жол ашады. Мұндай қатынас міндет емес, табиғи қажеттілік пен құндылыққа айналады. Яғни, ата-ананы бағалау қарыз боп емес, жүректің ісі, мейірім мен сыйластық арқылы жүзеге асады.