Егер жылқыға бір сәт - соғым ретінде емес, мүсін ретінде қарауға өзіңізден күш таба алсаңыз, бұл жазба сізге арналған. Себебі бұл мақалада сізге жылқыларға, дәлірегі - олардың мүсініне мұқият қарап отыруға тура келеді.
Әлқисса, бірнеше ағылшынтілді блогерлер аттылы мүсіндерден, әсіресе Лондондағы скульптуралардан қызық заңдылық байқадық дейді. Олардың тұжырымы бойынша, ат мүсінінің тұяғы - оны мінген адамның тағдыры туралы сыр шертеді екен. Сонымен, олар келесідей заңдылық байқапты-мыс:
Бірқатар ағылшынтілді блогтар мұны - мүсіншілердің арасындағы жазылмаған заң дейді. Шынымен, дәлелдері де сенімді сияқты. Мінеки, Лондондағы бірнеше аттылы мүсіннің мысалдары.
© britainfromabove.org.uk
Гайд-парктегі герцог Веллингтонның мүсіні. Аттың төрт тұяғы да постаментке тиіп тұр. Расымен, бұл даңқты қолбасшы жорықтарда жарақат деп ауыз толтырып айтуға да болмайтын болмашы ғана зақым алған.
© londonlist.com
Бірінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, әскери қайраткер Фердинанд Фоштың аттылы мүсіні. Мұның да төрт тұяғы жерде. Айтқандай-ақ, Фердинанд ұзақ өмір сүрді және соғыста айтарлықтай жарақат алған жоқ.
Аңызымызды бұлардан басқа - сол Лондондағы Стюарт Уайттың, Арыстанжүрек Ричардтың, лорд Робертстің, Джордж Төртіншінің мүсіндері растайды. Мысалы Арыстанжүрек Ричард отырған аттың бір тұяғы көтеріліп тұр. Расымен де, Францияны қоршау кезінде оған жебе қадалып, екі аптадан кейін гангренадан көз жұмды.
Сонда мүсіншілердің арасындағы "тұяқ кодының" бары рас болғаны ма? Ендеше, қазақ қалаларындағы аттылы мүсіндер де үстіндегі адамның тағдырынан сыр шерте ме екен?
«Біздің аттар» не дейді?
©panoramio.com
Кенесары ханның мүсіні, Астана. Мінген атының бір тұяғы әуелеп тұр екен. Аңызымызға сәйкес, Хан Кене шайқаста ауыр жарақат алды ма? Соңғы ханымыз ақтық деміне дейін күресіп өткенін білеміз. Сатқындықпен қолға түсіп, өлтірілген ардақты бабамыздың мүсіні ағылшын блогерлерінің тұжырымын растап тұр. Себебі, қиян-кескі ұрыста жарақат алған болуы әбден мүмкін.
©aktobe.gov.kz
Ақтөбедегі Әбілқайыр хан мүсініндегі тұлпар да бір аяғын аспандатып қалыпты. Бірақ ханымыздың, керуенге шабуыл жасаған Барақ сұлтанмен болған шайқаста қаза болғанын ескерсек, біз оны майдан даласында өлді деп әбден-ақ айта аламыз. Ондайда аттың екі тұяғы көтеріліп тұруы тиіс еді. Әбілқайыр хан ағылшын блогерлерін теріске шығарды.
©bnews.kz
Астанадағы қанжығалы Бөгенбайдың мүсініндегі аттың да бір тұяғы көтеріліп тұр. Аңырақай шайқасы қаһарманының кескілескен ұрыстарда жаралы болған-болмағаны туралы фактографиялық мәлімет жоқ. Бірақ қоян-қолтық ұрыс заманында бас жарылмады, иық шықпады деу де қисынсыз. Ақтық демі шыққанша қазақ еліне қалтқысыз қызмет қылған бабаның бұл мүсіні әлгі аңызымызды айқын растап тұрмағанымен, жоққа да шығарып тұрған жоқ.
©tengrinews.kz
Павлодарымыздағы Баян баһадүрімізді майдан даласында шейіт болды деп жүргеніміз рас болса, аттың қос тұяғы көтеріліп тұруы керек-ау. Бірақ бабамызды уланып өлді деген де жорамал бар.
© qazaquni.kz
Даңқты Махамбет пен Исатайдың Атыраудағы мүсіндері. Майданның ортасында жүріп қаза болған Исатайдың атының екі тұяғы көтеріліп тұруы керек. Әрине, аңызымыз рас болса.
© wikimedia.org
Алматыдағы Абылай ханымыз мінген аттың тұяғы оны жарақат алды дейді. Аңыздарды тексеруге жалпы осы, "майдандағы жарақаттың" анықтамасы кедергі болып тұр. Бір жағынан, жарақат алды деп нықтап айтылған тарихи дерек жоқ. Екінші жағынан, бабаларымыз ғұмыр кешең кездердегі контактілі ұрыстарда жарақаттың болмауы мүмкін емес. Мұны үйінде белсенді спорт түрімен айналысатын адам бар кез келген адам біледі.
Сөйтіп, мүсіндегі ат тұяғы - иесінің тағдырына нұсқайды деген тұжырымды қазақ қалаларындағы мүсіндердің бірсыпырасы растап, бірсыпырасы теріске шығарып тұр. Және онда тұрған ештеңе жоқ. Мүсіндегі осы символизм туралы Шеффилд университетінің тарихшысы Роберт Уайльд былай депті:
“.. Еуропа тарихында мүсінге адам өлімінің себебін жасыру дәстүрі жоқ... Бұған қоса сіз – әдетте жаңсақ болып келетін автобиографияларды тастың өзінен біліп ала алмайсыз ғой. Оның үстіне, отырған атының қос тұяғы аспанға шапшып тұрса да, өз өлімімен өлген кейіпкерлер жетіп-артылады... Адамдар мифологизация жасауға құмар, сондықтан бұл хикаятта аңыздан гөрі, оның қалай өрбіп, ел арасына тарап кеткені қызық...”.