"Ат тергеу" дәстүрдің озығы ма, тозығы ма?

2 Тамыз, 13:00 1251

Әр халықтың өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болады. Салт-дәстүр – кез келген халықтың ұлттық коды. Десе де, ұмыт қалып, солғын тартып бара жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер де бар. Соның бірі – Ат тергеу дәстүрі. Ол сыйластық, ізеттілік, көрегендік, кішіпейілдік сынды қасиеттердің биік көрінісі болып табылады. El.kz тілшісі тақырыпқа қатысты тарихшы-этнографпен тілдесіп, дәстүрді қайта жаңғырту перспективасы жайлы біліп қайтты.

Ат тергеу – жаңа түскен келіннің ата-енесіне, қайнағалары мен абысындарына, қайын сіңлілері мен қайын інілері, жасы үлкен кісілерге ат қою дәстүрі. Яғни есімін төтесінен дүрсе қоя салмай, әдеппен әдемілеп қаратуды айтамыз. Бұл дәстүрді көбіне келіндер атқарады. Оның ибалы, иманды, ақылды, парасатты, білімді, текті екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Бұрынғының келіндері күйеуінің бауырларына «тентек», «кенжетай», «ерке сылқым», «мырза жігіт», «момын бала» деп өзінше ат қойған деседі. Ішіндегі әдептілері ат тергеуге қатты мән бергені соншалық, сыйлы адамдардың атын атауды күнә санап, қайын ата, қайын ағаларымен аттас бөтен адамдардың есімін тура айтуға именген көрінеді.

Шығыстанушы Н.И.Ильминский «Күйеуінің туыстарын келін еш уақытта атымен атамайтын. Ол аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын...» деп, бұл дәстүр туралы алғаш жазба қалдырған болатын.

Айта кету керек, әр адамның сыртқы келбетіне, ішкі ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қарай ұнамды ат қоя білудің өзі – үлкен өнер.

Жаңа келіндер түскен үйдің баласы болып кетеді. Күйеуінің атасын «әке» немесе «ата» деп атаса, әжесін «әже» дейді. Ал әкесін «үлкен ата» не «кіші ата» деп ұлықтайды. Ағаларын «үлкен аға», «жақсы аға», «көке» деп құрметтесе, інілерін «тетелес», «кенжетай», «сері жігіт» деп еркелетеді. Қайын сіңлілерін «сұңғақтым», «ерке сылқым», «сұлуым», «кекілдім» деп шақырады.

Сондай-ақ, жас келіндер күйеуінің бірге туған, немере, шөбере туыстарына да  ат қойып, олардың әйелдеріне, яғни абысындарына «үлкен апа», «кіші апа», «жақсы апа», «жеңешем» деп атай берген.

Бұл келіндердің арасында «ат қойғыш» келіндер де болған көрінеді. Оларды халық аса қатты ұнатқан. Мұндай әйелдер, өз кезегінде, қырағылық танытып, ат тергеуден алдына жан салмаған-тын.

Атын атамайтын кісілермен аттас адамдардың есімін өзгертіп, Мәмбетті Самбет, Әліні Сәлі, Тұрсынды Мұрсын, Ахметті Сахмет деп атаған.

Қайын жақтағы туыстарына жарасымды ат таба алмай, аттарын тікке айтып шақырса, ол келін сынақтан өтпей «әдепсіз, ұятсыз келін» саналып, сын астында қалатын кездері де болған екен.

Ат тергеу дәстүрі бірнеше маңызды функцияны атқарады. Бірі - құрмет көрсету. Ол келіннің қайын жұртына құрметпен қарауын білдіреді. Енді бірі - әдептілік: келіннің өз ортасында сыпайы, ибалы болуына саяды. Келесісі - отбасы арасындағы көзсіз байланысты нығайту. Ол отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды түзетуге, сыйластыққа негізделген байланысты қалыптастыруға көмектеседі. Соңғысы - тәрбиелік мәні: өскелең ұрпақты үлкендерді сыйлауға, әдепті, мәдениетті болуға тәрбиелейді.

Қазақ әйелдері күйеулерінің атын атап, түсін түстемей, «отағасы», «біздің үйдің адамы», Жәкең, Әбекең деген сияқты ат тергейді. Арасында «сіз» деп сөйлетіндері де бар. Мұның өзі - жұбайлар арасындағы сыйластықтың, құрметтің, сүйіспеншіліктің белгісі. Соны көріп өскен сол үйдің балалары үлкенге қалай құрмет көрсету керегін, сыпайылықтың қандай болатынын түсінеді. Тәрбие осыдан басталады.  Жолдасының құрдастарын да есімімен шақырмай, «құрдас» деп құрметтейді.

Ат тергеу дәстүрін қатаң ұстанған ақ келін жолдасының ғана емес, тұтас бір әулеттің абыройын биік қойғаны деп білсек болады.

«Ат тергеу» басқа жағдайларда да қолданылып жатады. Мәселен, халық қасқырды «ит-құс» деп, шешек, қызылша сияқты ауруларды «әулие» деп атаған. Ол ауру-сырқау, пәле-жала бізден аулақ болсын деген ырымнан туындаған секілді.

Тарихшы-этнограф, өнертанушы Жамали Диханұлы «Ат тергеу - әдемі салт-дәстүр. Көпшіліктің ауызында жүрген «этиканың көкесі» деп сипаттады.

Біздің әулет - қазақтың бір шаңырағы. Кезінде Аягөздің Шұбартау, Көксала, Қосағаш сияқты ауылдары ұлы Абайдың ауылы Жидебаймен көршілес болып, үнемі байланыста отырған. Сол әулетпен жақсы ағайын-тамыр секілді араласқан,-деп бастады этнограф.

Оның айтуынша, 1928-1931 ж.ж қызылдар келгенде, Айдынкөл атасы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажының Зият деген ұлын өлімнен арашалап, алып кеткен екен.

Әжеміз атамыздың Торғай есімді аталары бар екен айтып отырушы еді. Бірақ атамыздың есімін өмірбақи атымен атамай, Кішкене құс деп кетті. Оны естіген менің анам да Торғай ата деп айтпай, ол кісіні Кішкене құс деп атады. Үлкен атамды бәрі Абыз ата дейді. Менің анамнан бастап, одан кейінгі келіндер де Абыз ата деп құрметтейді. Шалқаркөл деген атамды Жақсы ата деп айтады. Үшінші аталарын Балуан ата деп кетті. Шын есімі Алакөл еді. Кенже атасы Шөптігүлді «шөп» деген сөзді айтпай, Майса деп атаған. Содан кейін қайындарының, ағаларының есімін атамай, кіші ұлды Сері бала, Әбен деген қайын ағасын Көп аға деп кеткен,-деп түсіндірді.

Жамали Диханұлының әулетінде Ат тергеу салты қатаң сақталады. Анасына қарап балалары, кейіннен келіндері де бой түзейді. «Санамызға әбден сіңірді. Айналамыздағы жастар да естіп, көріп өсті»,-дейді өзі.

Денесі алпамсадай үлкен ақсақал атамыз бар еді. Бәріміз Көке дейтінбіз. Аталарымыздың есімі көлмен, сумен, аймен қатысты болған соң, келіндері бәрін тергеп айтып отырды. Қыздарда Айтбала, Айжүз, Айбала, Айтқан, Айқан, Тазабала, Естібала деген аттар болды. Балаға келгенде бәрі «сәбиді» қосып айтты. Сәби апаның ұлы, Сәби апаның келіні деп кетті. Ешқашан Айбала деген жоқ. «Және» деген сөзді көп айтатын апамыз бар еді. Ол кісіні ауыл-аймақ тұтастай Және атап кетті,-деді этнограф.

Сонда да, бүгінгі қоғамда Ат тергеу дәстүрі ұмыт қалғандардың қатарына жатады. Көбі мән-мағынасына үңілмей, парқына бармайды.

Кейбір басқосуларда «ұят болса да, азан шақырып қойған аты ғой, есімімен айтайын» деп, еш қымсынбай айта салатындар болады.  Бұл - үлкен әдепсіздік. Мұның барлығы әдепке, ибаға, этикаға келіп саяды. Жастарды адамның қадірін білуге, сыйластыққа баулу қажет. Үлкен мен кіші, келін мен ата, қайын іні мен жеңге арасындағы сыйластықты сақтап қалатын адами құндылықтың ең үлкені десек болады,-деп ашынды ол.

Шәкәрім Құдайбердіұлы ақсақал ауылға келгенде, оны құрметтеп «Қажы ата» деп айтады екен. Ешкім кесе көлденең келмей, «Қажекең келді, қажы атамыз келді» деп төбеге көтерген-тін.

Жұбайым суретін кітаптан көріп қалса да, «Қажы ата» деп отырады. Кітаптан есімін оқығанда, төтесінен Шәкәрім Құдайбердіұлы деп оқымайды. Әдет боп қалыптасып кеткен. Қандай керемет мысал! Адамның жүрегі жылып, көңілі жадырап, бір марқайып қалатындай-ақ. Осының бәрі жоғалса, ұлттық құндылықтар күйрейді. Бұл дәстүрді дәріптеп, қайта жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді,-деп ағынан жарылды тарихшы.  

Ол үлкен жеңгені Берекелі, екіншісін Ақ жеңгем, үшіншісін Сақ жеңгем деп атайтын әулеттер болатынын алға тартты.

Сол  себепті тарихшы-этнограф Ат тергеу салтын телеарналар, газет пен ақпараттық сайттар арқылы насихаттау маңызын айқындап берді. Осылайша, «қазақи құндылықтарды жастар санасына сіңіру керек» деп отыр. «Баланы жастан» деген ол, ұлттық салт-дәстүрлерімізді балабақша қабырғасынан-ақ  бүлдіршіндердің  санасына сіңіру қажеттігін айтты.

Жас түскен келіндерге арнайы кітапша етіп шығарып, қолына беріп қойған дұрыс. Керек болса осы әдеттерді жария қылып, жаттату керек. Бұл салт-дәстүр қайта жаңғырса, арадан сыйластық ажырамайды деп ойлаймын. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді. Сондықтан келмеске кетіп бара жатқан дәстүрімізді құрметтеп, қолданысқа қайта енгізсек игі еді,-деп қорытындылады Жамали Диханұлы.

Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан басқа да салт-дәстүрлер бар. Мәселен, Ерулік, Құрсақ той, Жарыс қазан, Сүйек жаңғырту, Селт еткізер, Абысын асы, Асату және тағысын тағы.

Ерулік – қоныс аударып келген адамдарға, көршілерге арнап қонақасы жасау. Бұл салт жаңа көршілерді жақындастыруды мақсат етеді. Жылқы еті, қазы-қарта, жал-жая дастарқанның сәнін келтіріп, қой еті сойылады.

Құрсақ шашуда келіннің аяғы ауыр екенін білген енесінің туған-туыстарын, көрші-қолаңды шақырып, молынан дастарқан жаяды. Мақсаты – қуанышпен бөлісіп, жүкті әйелдің күтіміне көңіл бөлу. Іс-шара барысында ақсақалдар бата беріп, әйелдің құрбылары тәжірибелерімен бөліседі.

Жарыс қазан салты да - маңыздылардың бірі. Әйел босанып жатқан кезде, жақын туыстары бас қосып, қазанға ет асып, қонақ шақырады. Әйел қазан қайнағанға дейін босанса, «жақсы ырым» деп сенеді.

Құдалар тағы бір мәрте құда атанса, келесі құдалық «сүйек жаңғырту» деп аталады. Бұл салт-дәстүр күйеу жігіт пен қалыңдық арасындағы келісім нәтижесінде өткізіледі.

Абысын асы салты. Кезінде келіндер күйеулерінің рұқсатынсыз көңіл көтермеген екен. Ер адамдар той-томалаққа кеткен кезде, ауылда тек әйелдер қалатын. Сол сәттерде олар өздері бір ортада жиналып, тамақ пісіріп, самаурыннан шай ішіп, әңгіме-дүкен құратын. Бұл салт әйелдерді бір-табан бір-бірімен жақындастыратын.

Селт еткізер салты - ұмытылып бара жатқан дәстүрлердің бірі. Мән-мағынасы бойынша белгілі бір жиын алдында қыз балалар ұнатқан жігіттеріне «ұйқыашар» тағамын әзірлеп береді мыс. Ал жігіттер өз тарапынан аруларды селт еткізетін сыйлық сылап, көңілін аулайтын.

Міне, осы тектес қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту біз үшін - басты міндет.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: