Атқарылған жұмыс аз емес, атқарылары одан көп

14 Тамыз 2018, 06:16 3263

Мемлекеттің дамуы өздігінен, өз бетінше жүре беретін табиғи процесс емес. Ол келешекті көздеген, болашақты болжаған белгілі бір стратегиялық ұзақ мерзімді құжаттармен жоспарланып, реттеліп, айқындалып отыруы тиіс. Өз кезегінде Үкімет пен тиісті ведомстволардың барлық жұмысы сол бағдарламалық құжаттарды қағаз жүзінде қалдырмай, жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Сонда ғана мемлекет тұтас құрылым ретінде жүйелі түрде дамиды, халықтың әл-ауқаты артып, экономикасы төрт аяғын тең басады.

Елдің өркендеуіне елеулі түрде әсер ететін әлгіндей құжаттардың бірі ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын айтуға болады. Көкжиегімізді айқындаған құжаттың діттегені Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру. Өзекті мәселелерді өзегіне айналдырған Ұлт жоспарының негізгі түпкі мақсаты Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу екені белгілі. Ал, ол үшін бәсекелестіктің биігіне көтерілу керек. Себебі, ақпараттық технология алға озған бүгінгі ХХІ ғасырда оның тілін біліп, кілтін табу бұлжымас міндетке айналды. Бұл жекелеген адамға ғана емес, тұтас ұлтқа, мемлекетке бәсекеге қабілетті болуды жүктеп отыр. Сондықтан да, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет дамуына қажетті шарттарды кең ауқымда қамтып, тіпті, оны іс жүзіне айналдыру жолдарына дейін көрсетіп те берді. 

Бас-аяғы бес бөлімнен тұратын Ұлт жоспары бойынша жүктелген міндеттерді атқаруға байланысты Үкіметке, сот жүйесіне, құзырлы органдарға берілген тапсырмалар аз емес. Оның бірқатары орындалып та қойды. Сөзімізге дәлел болу үшін осы уақытқа дейін атқарылған шаруалардың бір парасына тоқтала кетсек. Мәселен, 2017 жылғы есеп бойынша Ұлт жоспарының 4-бағыты шеңберінде (Біртектілік пен бірлік) 85, 86, 87, 88, 89-қадамдар жүзеге асқан.

Құжаттың ел бірлігін бекемдеп, ұлт тұтастығын арттырудағы маңызын ескерсек, оның 85-қадамы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірледі. Оған қатысты атқарылған шаруалар төңірегінде ұйым әр жыл сайын Елбасыға есеп береді. Ал, 86-қадамға келсек, онда Қазақстанның татулығын нығайтатын және біртұтас азаматтық қоғам құруға мүмкіндік тудыратын «Үлкен Ел — Үлкен Отбасы» ауқымды жобасын әзірлеп, іске асыру жүктелді. Бұл жұмыстар туризмді түлететін тұжырымдамамен байланыстырыла жүргізілмек. Қадамды іске асыру үшін еліміздің мәдениет, спорт саласына жауапты министрлік туристік саланы өркендетудің жаңа Тұжырымдамасын қабылдады. Ол 2023 жылға дейінгі кезеңді қамтитынын айта кетейік. Жалпы, мемлекеттік саясаттың туризмді дамыту бағыты географиялық тұрғыдан Қазақстанды тұтас қамтитын, сондай-ақ, керекті инфраструктураға ие 6 аймақтық мәдени-туристік кластерді құруға бағытталған. Еске сала кетерлігі, бұл арада өлкелердің ерекшелігіне орай туризмнің біз үшін таңсық, жаңа түрлерін дамыту қолға алынбақ. Бұл Тұжырымдама оңымен орындалса, оның туризм индустриясындағы қандай көрсеткіштерді жоғарылататынына дейін есептеліп қойған. Мысалы, туристерді орналастыру орындары 2016 жылы 138 062 төсек-орын болса, 2023 жылы ол 198 мыңға дейін, туристік саладағы жұмыспен қамту 2015 жылы 103,6 мың жұмыскер болса, 2023 жылы 151,8 мыңға дейін өседі деген болжам бар.

«Менің елім» ұлттық жобасын даярлауды қаперге салған 87-қадам бойынша «Қазақстан энциклопедиясы» ауқымды интернет-жобасын құру жоспарланған. Ол отандастарымыз бен шетелдік туристерге Қазақстан туралы толық ақпарат беруді көздейді. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігі облыстардағы мұрағаттар мен Достық үйлерінде және Ұлттық мұрағатта ҚХА тарихы және Қазақстанның көп ұлттылығына арналған залдарын жасақтап шықты.

Қазақстан өз саясатында зайырлы мемлекет атанып, азаматтық қоғам құруды маңызды мақсаты етіп отырғаны мәлім. Ал, мұның бірден бір белгісі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың құрылуына, қызметін дамытуына, қоғамның дамуына атсалысуына жағдай жасау екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, үкіметтік емес ұйымдар қоғам мен мемлекет арасында сенімді диалог орнатады. Осы ретте бұл бағытты да дамыту Ұлт жоспарындағы міндеттердің қатарында. Бұл тұрғыда нендей жұмыстар жасалды дегенде, ең әуелі Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласына қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу жүзеге асқанын айта кету керек. Мысалы, 2017 жылға межеленген балалар мен жастардың құқықтарын қорғау, патронаттық тәрбиелеу, ҮЕҰ әлеуетін талдау және олардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін анықтау, радикалды идеологиядан зардап шеккен тұлғаларды сауықтыруға бағытталған іс-шаралар мен басқа да тақырыптағы 55 жобаны іске асыруды гранттық қаржыландыру көлемі 588 млн. теңгені құрады.

Ұлт жоспарының Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын ілгерілету идеясын алға тартатын 88-қадамы орындалған. Ал, 89-қадамға, яғни, «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеп, жүзеге асыру, мектептегі оқу бағдарламасына Мәңгілік ел құндылықтарын енгізу мәселесіне келсек, «Мәңгілік ел» патриоттық актісін және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру бойынша кешенді тәрбиелік жұмыстар жүргізілді. 2017 жылы қаңтарда ведомство (бұрынғы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі) өңірлердегі жастарды дамыту бойынша инфрақұрылымды күшейту мәселесі бойынша бастама көтергені есте. Соның негізінде ауыл жастарының бос уақытын ұйымдастыру, қиын жағдайға тап болғандарын дамыту және өсуіне қолдау көрсету, жас отбасыларын қолдау және бала тәрбиесіне көңіл бөлу, жастармен жұмыс жасайтын кадр аппаратын дамыту және ведомствоаралық жұмысты үйлестіру секілді жастар саясаты саласындағы негізгі 5 басымдықты анықтаған. Ендігі жұмыстар сол бағыттарда жүргізілуде.

Былтыр Ұлт жоспарының 89-қадамы бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің жұмысы тұрғысынан тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың ІІ кезеңі аяқталды. Бағдарламаны жүзеге асырудың 2017-2019 жылдарға арналған шаралар жоспары бекітілді. Мемлекеттік тілді дәріптеу және өзге де тілдерді білу мақсатында түрлі республикалық байқаулардың ережелері әзірленді. Бұлар аталмыш Қадамды құжат жүзінен іс жүзіне айналдыру үшін жасалынған жұмыстардың бір парасы ғана. Қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыруды ақпараттық қамту мен ілгерілетуді көздейтін 90-қадам бойынша да атқарылған дүниелерге тоқтала кетсек. Оған сәйкес, елдің мәдени, рухани, тарихи құндылықтарын түгендейтін 2015-2020 жылдарға арналған «Мәңгілік Ел» кешенді жоспары іске асырылуда. Мәдениет және спорт министрі тақырыптық жоспар негізінде 2017 жылға 28 фильмнің өндірісін қарастырған болатын.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында дауласқандарға төрелік айтып, құқықтық келіспеушіліктердің нүктесін қоятын сот жүйесі де назардан тыс қалмаған. Өйткені, мемлекеттің өркендеуін соттың дамуынсыз елестету мүмкін емес. Оның үстіне құқықтық мемлекет құру мақсатымыз. Ал, мұндай мемлекетте қоғамның барлық саласы мен ондағы қарым-қатынастар тек қана заңмен реттеледі. Демек, ондағы туындаған құқықтық дау-дамайлар да тек заң арқылы шешілмек. Өз кезегінде мұны жүзеге асыратын жалғыз ғана орган, ол – сот. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соттың беделі мемлекеттің абыройы екенін үнемі айтып келеді. Әрбір Жолдауында, үндеуінде, бағдарламалық құжаттарында сотты жетілдіруге тың тапсырмалар беріп отыруы да сот төрелігі мемлекеттің айрықша назарында екенін аңғартса керек. Ұлт жоспарындағы «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатын ІІ-бөлімнің, ондағы 16-дан 27-ншіге дейінгі қадамның барлығы түгелдей сот билігінің сапасы мен әлеуетін арттыруға бағытталуы мемлекеттің сот жүйесіне деген ерекше қамқорлығы туралы сөзімізді тұздықтай түседі. Қазіргі таңда құжаттағы аталмыш Қадамдар аясында сот саласына артылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Жоғарғы Сот бастаған қазақстандық сот жүйесінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соған байланысты азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру және соттың әурешілігін азайту, елдің сот әділдігіне деген сенімін көтеру үшін тың өзгерістер орын алды. Солардың ең бастауында сот инстанцияларының қысқаруы тұр десек, қателеспейміз. Ұлт жоспарының 16-қадамында бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасаудан тұратын бес сатылы жүйені үш сатылыға көшіру көзделген-ді. Яғни, олар бірінші, апелляциялық және кассациялық. Бұл өзгеріс Жоғарғы Сот тарапынан сәтті жүзеге асырылып, бүгінгі күні өзінің тиімділігін көрсетіп те үлгерді. Бұл істердің инстанцияларда қаралуының аз уақытта аяқталуына алып келді. Ұлт жоспарындағы судьялыққа үміткерлерді іріктеуге қойылатын талаптарды күшейту, алқабилер институтын кеңейту, тергеу сотын құру, соттарды ақпараттық технологиямен жабдықтау секілді өзге талаптар да қазір тиісті деңгейде орындалып келеді. Әсіресе, сот отырыстарын аудио-бейне жазбалармен қамтамасыз ету талабы республика соттарында толық орындалды десек, артық айтқандық емес. Өйткені, бұл шараның сот процесінің заңдылықты қаншалықты сақтай отырып өткізілгенін дәлелдеуде маңызы зор. Онда сотқа кімдердің қатысқаны, кімнің сот отырысы барысында қандай уәждер айтқаны, бәрі-бәрі жазылады.

Сондай-ақ, сот отырысы таспаланған аудио немесе бейне жазбаны судья өз ыңғайына қарай өңдеп, түзете алмайды. Мұның, сонымен қатар, сот отырысы барысын қағазға түсіретін хатшының жұмысын жеңілдетуге де тигізер септігі зор. Қазақстанның сот жүйесіне енгізіліп отырған ақпараттық технологияның игіліктері бір бұл ғана емес. Сот құжаттарының айналымын жүргізу, сотқа түсетін арыз-шағымдарды қабылдауда да оң шешімдер қабылданған. Мәселен, бір ғана «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі сотты азаматтарға қолжетімді етуде елеулі рөл атқарып отыр. Ол арқылы азаматтар арыз-шағымдарын, талаптарын сотқа келмей-ақ, кез келген жерден ғаламторды пайдалана отырып жолдай алады және сотта істердің қаралу кестесімен танысып, істердің қаралу барысын бақылай алады. Сондай-ақ, судьялардың жүктемесі де, яғни, қарайтын істері де осы арқылы автоматты түрде бөлінеді. Алқа билердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің санаттарын кеңейту, тергеу судьяларының құзыретін арттыру бағытында да қажетті шаралар атқарылып, тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жақында ғана қазақстандық сот жүйесінде тергеу соттары құрылғанын ескерсек, бұл да «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Елбасы берген тапсырмалардың тыңғылықты орындалғаны. Өйткені, дамыған 30 елдің қатарына әділ, мінсіз, сапалы сотсыз кіру мүмкін еместігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі еске салып жүрген мәселе. Аталмыш құжат аясында судьялардың біліктілігін арттыру қажеттігі туралы мәселенің тууы да заман талабы. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір заман бір орнында тұрмайды және сәт сайын өзгеріп отыр. Бұл көз көріп жүрген шындық. Ендеше, мемлекет атынан шешім айтатын және бұл құқық, құзырет ҚР Конституциясымен берілген судьялар сол бір заман өзгерісіне, қоғам талабына лайықты болуы тиіс. Мұндай судьялар корпусын қалыптастыру үшін олар қатаң іріктеуден өтіп, тек үздіктердің үздігі ғана қазылардың қатарына алынуы қажет. Мұны таяудағы заңгерлерге арнаған үндеуінде Жоғары Сот төрағасы Жақып Асанов та айтқан болатын. Демек, сот төрелігіне кездейсоқ адам келмеуі керек. Ұлт жоспарының 17-қадамы көздеп отырған меже де осы – сапалы судьялар корпусын қалыптастыру. 

Мемлекеттің адымын тұсаулайтын кедергілер аз емес. Сол себепті, қашан да жаңару, жаңғыру, серпіліс керек. Ал, ол белгілі бір және нақты жоспарлардың шегінде жүзеге асқаны абзал. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мемлекеттің күшін бекем ете түсетін, дамуына даму қосатын тың бастаманың бірегейі. Соның аясында атқарылған жұмыстар аз емес. Атқарылары одан көп десек, қателеспейміз.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу: