Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Ақорда резиденциясында 5 мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Мемлекет басшысына Ливия Елшісі Аладдин Абдулсалам Лехуайк, Кувейт Елшісі Омар Ахмед Мұхаммед Мурад Әл-Кандари, Словакия Елшісі Роберт Кирнаг, Алжир Елшісі Камал Фениш және Кения Елшісі Бенсон Генри Оума Огуту сенім грамоталарын табыс етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттармен әңгімелесу кезінде оларды еліміздегі дипломатиялық миссиясының ресми басталуымен құттықтап, Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған бейбіт және ашық сыртқы саясат жүргізіп жатқанын атап өтті.
Іс-шара соңында Президент түрлі бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруда мүмкіндіктердің бар екенін айтып, Елшілерге елімізде игі міндеттерін орындауда Қазақстан үкіметінің қолдау көрсететінін жеткізді.