Асылзат Арыстанбек: Жасым 46-ға келсе де, Жазушылар одағында жоқ жалғыз ақынмын

25 Қыркүйек, 12:05 1951

Белгілі ақын Асылзат Арыстанбектің осыдан 10 жыл бұрын қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған еді. Содан дәрігерлердің емімен емес, өз күшімен айығып шыққан ол бүгінде психосоматикамен айналысып, өзге науқастарды емдеп жүр.

Осы психосоматика деген не? Дерттің бәрі жүйке жүйесіне кері әсерден бола ма? Тамаша жырлар жазған талантты ақын неге осы күнге дейін Жазушылар одағына қабылданбаған? El.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтар бойынша Асылзат Арыстанбекпен әңгімелескен еді.

 

«Онконауқастар ғана емес, түрлі диагнозы бар адамдар кеңес сұрайды»

El.kz: Қатерлі ісікті өз ерік-жігеріңізбен жеңіп шыққаныңызды білеміз. Оны сіз біреуден үйрендіңіз бе? Былайша айтқанда, емделудің өзгеше жолын қайдан, қалай таптыңыз?

Асылзат Арыстанбек: 2014 жылы қапыда анамыздан айырылдық. Көп ұзамай анамның өлімін көтере алмай, микроинсульт алдым. Сол жақ денем жансызданып, тілім күрметіліп қалды. Ауруханадан шығарда дәрігерлер миыңызда бұрыннан келе жатқан ісік бар екен, сол үшін онкологияға барып қаралыңыз деді. Қаралдым. «Мидың қатпарында тұр. Ісікке ота жасау қиын. Оның үстіне жақында инсульт алғансыз. Эпилепсиялық синдром бар екен» деп біресе кардиологияға, біресе неврологияға жатқызып ұзақ емдеді. Кейін онкологияға жаттым. 7 курс химиялық ем алдым. Одан оңалып кете қоймадым. Стресс те болды, депрессияға да түстім. Ауруға берілдім. Бір күні кезекті химиядан бас көтере алмай жатқанда дәрігер келіп, халімді сұрады. Әр химия кәдімгідей азап сияқты еді. Мен оған: «Әйтеуір, осы ауру жазылмайды екен, әйтеуір, осыдан өледі екенбіз. Онда несіне бізді қинайсыңдар?» дедім. Дәрігер «Химиялық ем – онкология кезіндегі ең оңтайлы ем. Басқа жолы жоқ. Сіздің ісігіңіз 6 сантиметр болып тұр. Сәл кішірейсе басқа ем жасаймыз» демесі бар ма? 6 сантиметр деген цифрды бірінші рет естігендей аңтарылдым. Маған келген инсайт бойынша, салмағым 80 келі, бойым 1.52. Миллиардтаған сау жасушасы бар үп-үлкен адаммын. 6 сантиметрлік бір клеткадан жеңіліп жатқаным ба деген ой келді. Санам оянғандай болды. Бұлай жата беруге болмайды деп, интернетті ақтарып іздей бастадым. Назардың бәрін өзіме аудардым, кейін ауруханадан шыққан соң ауылға көшіп келдік. Сосын өз денсаулығым үшін мен не істей аламын деп, қолымнан келетін жұмыстың бәрін тізіп жазып, бағдарлама жасап алдым. Сол әрекетті бір уақытта, бір мезгілде үзбей төрт ай жасадым. Төрт айдан кейін қайта тексеруден өттім, ісіктің орны ғана қалған деді.

El.kz: Өзіңіз айыққаннан кейін жаман ауруды жеңу жолын жұртқа үйретуді бастадыңыз. Оның нәтижелері қандай болып жатыр? Сіздің әр сөзіңізге құлақ асып, құлан таза айығып кеткен жандар туралы айта аласыз ба?

Асылзат Арыстанбек: Ауырып жүргенде әр тексеріс, әр қадамымды фейcбуктегі оқырмандарыма жазып отырдым. Олар емге ақша жинады, шығармашылық кешімді өткізді. Кітап шығардық.

Ісік біржолата жойылып, жазылғанымды сүйіншілеп хабарладым. Елдің бәрі қуанды. Тілекші болған барша жұртшылыққа мың алғыс. Ол сәттерді ешқашан ұмытпаймын. Сосын ток-шоуларға шақырып, ел тани бастады, біле бастады. Енді олар менен кеңес сұрады. «Қалай жазыламыз? Мен де ауырып жүрмін, анам ауырып жатыр, қызым да онкология» деген сияқты. Бар білген кеңесімді айтып жүрдім. Енді онконауқастар ғана емес, түрлі диагнозы бар адамдар кеңес сұрап келе бастады.

Ал енді дертінен айыққандарға тоқталсам, сазгер, әнші Бейбітгүл Нұрымқожина аутоиммунды қызыл жегі (красная волчанка) диагнозымен ұзақ ауырған. Журналист достары мені тыңдауға кеңес беріпті. Аутоиммунды аурулар жазылмайтын дертке жатады. Қысқаша айтсақ, иммуниеті жоғары жасушалар өзін өзі жеп, адамды күйретеді. Сол кісі менің барлық онлайн сабақтарымды тыңдап, миды басқаруды қолға алып, құлан таза жазылып кетті. Қазір өзі де психологиямен, парапсихологиямен айналысып жүр. Осындай дертке шалдыққан жандарды бірден Бейбітгүлге жіберемін. Өзімен сөйлессеңіз, сөзімді растайды.

Атыраудан Күнсұлу деген ханым бел омыртқасы жеті жерден шығып, бауыр циррозымен ауырып жатқан жерінен хабарласты. Ол кісі де айығып кетті. Қазір бесінші перзентін дүниеге әкелген көпбалалы ана.

Ақтөбеден Гүлмира деген ханым келді. Ішектен онкология болған. Өзін жек көріп, өмір сүргісі келмей қалыпты. 30 жыл аспаз болып жұмыс істеген. Бізден толық терапия өтіп, толық жазылып, қазір өзі де психосоматолог болып жеке клиникада жұмыс істеп жүр.

Қызылордалық Айгерім деген келіншек бір көзі қитар, сонысынан қатты қысылып, армандарын жүзеге асыра алмай жүріпті. Бірінші кезде сөйлескенде мен ол кісінің бетіне тура қарай алмайтын едім. Бір көзі 60 градусқа қитарланып тұратын. Толық ем қабылдап, ешқандай отасыз көзі 40 пайызға орнына келді. Жеке косметологиялық орталық ашып, жұмыс істеп жатыр.

El.kz: Дерттің көбі жүйке жүйесінен, ойдан болады деп жатады. Сіздің тәсіліңіз соны дәлелдеп отыр ғой?

Асылзат Арыстанбек: Түсінгенім, тәннен бұрын, адамның жаны ауырады. Жаны күйінеді, жабырқайды, құлазиды, ол тәнге беріледі. Сөйтіп әуелі жанды емдеу керек екен ғой деп іздендім.

 

«Медицинамен келіспейтін тұсым көп»

El.kz: Қазір осы өзіңіз айналысып жүрген психосоматика деген не өзі? Оның адамға пайдасы қаншалықты?

Асылзат Арыстанбек: Дәл мен ауыра бастағанда психология деген іліммен айналысқан адамдар көбейді. Психология арқылы психосоматика дегенге келдім. Бұл жан мен тәнді қатар зерттейтін ілім екен. Нағыз мен іздеген сала. Соны оқыдым, әртүрлі семинарларға мен де қатыстым. Керегін алдым, керек емесіне бас қатырған жоқпын. Әлі оқып жатырмын. Әуелгіде бәрі бастың психологиясын тықпалай берді, оны да жұттық. «Өзіңді ойла! Өзіңді сүй! Басқасы күл болмаса бүл болсын!» деген қағиданы ұстанғандар көп болды, әлі де бар шығар. Сосын Ислами психология деген ұстанымдағылар қаптады. Ол да жөн екен деп, жұта бастады. Бірақ бір ұққаным, қазақтың жанын қазақ қана түсінеді, қазақтың жанын қазақ қана емдейді. Психосоматика деген жалпылама ілім болса, оның ішінде «Қазақ психосоматикасы» деген үлкен даңғыл жол салынуы керек. Қазақтың жанын емдегісі келген адам қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, оның мәнін, қазақтың тілін, оның мәйегін, қазақтың емшілігін, этнографиясын, музыкасын, қолөнерін білуі, тіпті қажет болса игеруі керек. Құр кітаби білім жеткіліксіз. Қазақтың жанына, қанына сүңгуі керек. Бастың, арабтың ілімін тықпалап, онсыз да жаны жүдеп жүрген қазақтың миын ашытпай-ақ қою керек. Ойлап қарасаңыз, қандай көп жұмыс, көп зерттеу, көп еңбек.

El.kz: Қарап отырсақ, қазір сіз дертті емдеуден де тереңіреккке кеткен сияқтысыз. Тренингтерде әйелдердің, аналардың қоғамдағы рөліне, бала тәрбиесіне көңіл бөліп жүргеніңіз байқалады...

Асылзат Арыстанбек: Тренингтерде ана мен бала тақырыбын қозғайсыз депсіз. Біріншіден, мен тренинг өткізбеймін. Жүздеген әйелді жинап алып, мотивацияға тойдырып жібере алмаймын. Мен емдеймін. Алдыма келген 5-6 әйелдің жан жарасын қанатпай, іріңдетпей жазып, таңып беремін. Медицина тек аурудың салдарымен күресіп жатыр, тәнді кескілеп, піскілеумен мәселе шешілмейді. Барлық ауру жазылады, егер оның себебін анықтап, соны жоятын болсақ, отасыз да адам жазылып кетеді. Психосоматика – медицинаның бір саласы. Бірақ біздің медиктер оны көзге ілгісі келмей ме, әлде әдейі істей ме, оны білмедім. Қазір онконауқастар өте көп. Әйелдер арасында кеуде қатерлі ісігі мен жатыр мойыны қатерлі ісігі өршіп тұр. Әлем бойынша бірінші орындамыз. Оның себебі экология мен тамақтың сапасыздығы деп отыр. Соғыс заманында да дұрыс тамақ болған жоқ, сапалы ұйқы болған жоқ. Бірақ ол кезде онкология деген ауру бар екенін білмедік. Медицинамен келіспейтін тұсым көп. Алайда бұл медицина жаман, керегі жоқ деген сөз емес.

Бірнеше мәрте аштықты көрген, зиялысын маңдайдан атқан, қазақты қазаққа жау еткен, әйелді әйелдік қасиеттен айырған, жатырына мұз қойған, күллі ұлтты сапырылыстырып, интернационал ұлт жасаймыз деп тап-таза қанын бұзып, шата ұрпақ әкелген, діннен айырып, шоқындырған кеңес империясының астыртын лабороториясы әлі жұмыс істеп тұр. Өзі түгілі ат әбзеліне дейін алтындап, тағасына дейін күмістеп, күмістен тіс шұқығыш пен алтын тарақпен шаштарын тарап жүрген қазақты бір уыс бидайға зар қылып, өз баласының етін өзіне жегізген империя қазір өз еңбектерінің жемісін көріп, сақ-сақ күліп отырған шығар. Сол кезде жасалған геноцид қазір ұрпағымыздан көрініп жатыр: БЦС (ДЦП) балалар, даун синдромы, аутист балалар, сөйлей алмайтын ұрпақ, айта берсек жетеді. Мен шырылдасам, әншейін ауру адамның қалтасын қағу үшін емес, қазақтың тағдыры үшін шырылдаймын.

 

«Қазақ әйелі ешқашан да «ә» десе «мә» демейді»

El.kz: Тренинг демекші, қазір әйелдерге отбасындағы теңдік, бала тәрбиесіне қатысты ақыл айтушылар көп. Солар және биыл қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң «ә» десе «мә» дейтін әйел мен шыбық тимес шыңқ етер балаларды қалыптастырып жатқан жоқ па?

Асылзат Арыстанбек: Қазақ отбасы институтын шытынатқан да сол советтік сана. Еркек сыртқы саясатқа ие болса, әулет саясатын әйел басқарды. От басы, ошақ қасынан өршіп, үлкен дауға ұласып бара жатқан мәселені дер кезінде байқап, ушықтырмай шешіп отырған аналар институты, енелер институты болатын. Бірақ әйел бір саты төмен деп, оның сөзін өтімсіз, әлеуетін қадірсіз етіп тастады. Бұл бір сұхбатқа сыймайтын, жіктеп, жілігін шағып беретін-ақ әңгіме еді, негізі. Қазақ әйелі ешқашан да «ә» десе «мә» демейді. Егер оның жағдайы жасалып, ұрпағын тәрбелеуге мұрсат берілсе, еркіндігін шектемесе, ешбір әйел беталды шапылдамайды. Ал қазіргі тәрбиені алға тартып жүргендер екеудің арасындағы әңгімеден аспай жатыр. Ұрпақ жайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Әйел бүйту керек, еркек бүйту керек дегенмен мәселе шешіле ме?

El.kz: Қазақтың бала тәрбиесіндегі кемшілігі туралы айтасыз. Бұл ұлттың қалыптасқан тәртібінен түбегейлі бас тарту керек деген сөз емес пе?

Асылзат Арыстанбек: Нағыз қазақтың тәрбиесінен кемшілік іздемеймін. Біздің іргемізді ыдыратқан, қабырғамызды сөккен – Ресей империясы 200 жылда енгізген құлдық сана. Содан әлі шыға алмай келе жатырмыз. 7 жасында тайға отырып, 13 жаста отау құрып, екі елдің арасындағы дауды шешкен қазақты можантопай, жалтақ, күлшеге күнін түсіріп қойған ресейлік «керемет саясат» әлі күнге дейін ықпалын жойған жоқ. Менің қарсылығым – қазақтың тәрбиесіне емес, советтік санамен қалып қойған түсінікке қарсылық. Баланы қорқытып, үркітіп тәрбиелеп, одан 25-ке келгенде рухты азамат күту қандай ақылға сияды? Рух өшті, қорқақпыз, жалтақпыз.

El.kz: Бір кездері қолөнермен де жап-жақсы айналыстыңыз. Жалпы, таланттың қай жерде талант екеніне дәлел болып жүрсіз. Ақындығыңыз өз алдына. Шабыт сізге қандай жағдайда келеді?

Асылзат Арыстанбек: Бір кездері емес, әлі де айналысамын. Оның бәрін жариялап, көрсете беруге уақыт тапшы. Қолөнердің 10-нан астам түрін білемін. Қолым тисе жасаймын. «Қазақтың жаны», «Жатыр заңдылығы», «Қазақы психосоматика» деген кітаптар жазып жатырмын. Поэзия кітаптарым да кезек күтіп тұр. Балаларым кішкентай. Өліммен, өмірмен арпалысып жүріп, 4 перзент дүниеге әкелдім. Төртеуі шетінеп кетті. Немерем бар, ене деген атым бар. Науқас кісілермен 24/7 сағат жұмыс істеймін. Екі рет тұрмыста болдым. Психологиялық тілмен айтсам, есеймеген жігіттерді балам сияқты қараудан бас тартып, өзіммен өзім өмір сүріп жүрмін. Шағын кәсібім бар. Түркістан қаласында «Асыл-Жан» психологиялық сауықтыру орталығын жүргіземіз. Қазақ әйеліне тән нәрсенің бәрін жасаймын, әлі үйренемін, оқимын.

Өлеңді жас кезде ғана шабытпен жазатын сияқтымыз. Әбден төселіп алған соң шабыт күтіп отырмайсың. Жазу керек пе, жазасың.

 

«Қазір мені ақындар ортасы шеттетіп тастады»

El.kz: Сіздіңше, ақында азаматтық ұстаным жоғары болуы керек пе әлде ол әдемі өлең жазып қана жайына жүргені жөн бе?

Асылзат Арыстанбек: Азаматтық ұстаным тек ақынға ғана керек емес, саналы адамның бәріне керек. Ал ақын жәй өлең ғана жазып жүре беремін десе, өзі біледі. Оған сен неге азаматтық танытпайсың деп айта алмаймыз. Әр ақынның өз ұстанымы, өз жолы бар. Мен сияқты болу керек деген «бір тонды кию» формасынан шығуымыз керек, негізі.

El.kz: Өлеңдеріңізде лирика басым. Махаббатты өзі қашанға дейін жырлай беруге болады?

Асылзат Арыстанбек: Махабатты өлгенше жырлайды ақын. Мына жаста ғана махабатты жазу керек деп қатып қалған қағида жоқ. Тек әр жаста махаббатты суреттеу әртүрлі болатын шығар.

El.kz: Айтқандай, сіз эротиканы әдемі суреттеп жазасыз. Ол да махаббаттан, ынтызарлықтан шығатын нәрсе ғой. Қазір бұл тақырыпта жазып жүрсіз бе?

Асылзат Арыстанбек: Қазір бұл тақырыпта жазып жүрген жоқпын. Жалпы қазір өлеңді сирек жазамын. Көбірек зерттеуге, сараптамаға кетіп қалдым-ау. Осы жерде айтсам ба, айтпасам ба деп ойланып қалдым, қазір мені ақындар ортасы шеттетіп тастады немесе өзім кісікиіктеніп кеттім. Ауырған кезден бастап қой деймін. Арқырап оппозициялық өлең жазып жүрген ақынның аяқ астынан бейшара халін көруге замандастарым шыдамай кетсе керек.

Сол кездері емге ақша жинап, біразы күстаналап, мен ауылға көшіп кеткенмін. 5 жыл әдеби ортадан шеттеп жатып алдым. Жатайын деп жатқан жоқпын. Шынында да шамам, халім келмеді. Қызылордалық жерлестерім де ортаға тарта қоймады.

Мақтана беремін, қазір мен мықты ақынмын, рухым да мықты! Бірақ жасым 46-ға келсе де, Жазушылар одағында жоқ жалғыз ақынмын.

El.kz: Неге олай болды? Әлде өзіңіз құнттамадыңыз ба?

Асылзат Арыстанбек: Иә, біріншіден, мұны өзім де құнттамаған шығармын. Жас кездерде солай болды. Екіншіден, менің ақын болып керемет танылған уақытым – ол Көкшетауда тұрған кезім. Одан кейін Астанада тұрғанда жарқырап шықтым. Оппозициялық, эротикалық өлеңдер жаздым. Сол кезде мені бәрі жатқа оқитын. Одан кейін ауырып, Қызылордаға кеттім. Қазір Түркістанда тұрамын.

Негізі, Жазушылар одағына ақын-жазушыларды оның әр облыстағы филиалдары ұсынады. Ал енді мені кім ұсынатынын ешкім білмейді. Қызылорда ұсынайын десе, ол жақ мойындағысы келмейді. Астанадан кетіп қалдым. Қазір солай жүрмін.

Жазушылар одағына 45 жасымда бірінші рет бардым. Менің онда жоқ екенімді бүкіл жазушылар да, ақындар да – бәрі біледі. Көрген кезде қипақтап айтады. «Ой, сені қабылдау керек еді» деп. Қазір оған қабылданғым да келмейді. Менен кіші, тіпті 19-20-дағы мұрты қылтиып енді шығып келе жатқан, сөздің басын енді құрап жүрген, ақын деп енді танылып жатқан балалар Жазушылар одағында бар. Олар сол одақта болғаны үшін кішкене менсінбей қарайтын сияқты. Менің шеттеп қалған себебім де сол. Өзім де қазір 50-ге таяған кезде Жазушылар одағының мүшесімін деп барып тұруға ұяламын, бір жағынан. Маған дүниеден осылай өтіп кеткенім жақсы. Жазушылар одағында болмаған, бірақ осындай ақын еді деп. Шынымды айтайын, сол жақсырақ. Бір жағынан өкініш деуге келмейді, осындай бір сезім бар. Осыны айтып отырғанда да біртүрлі сезім бар менде.   

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: